Бекзәкір ҚҰРАЛБАЕВ, кәсіпкер, меценат: МАҚТААРАЛ МӘСЕЛЕСІН КЕШЕНДІ ТҮРДЕ ШЕШКЕН ЖӨН
2020 ж. 16 мамыр
1618
0
– Бекзәкір мырза, қазақта «Жығылғанға жұдырық деген» ұғым бар. Коронавирус деген пәленің кесірінен еліміз жаппай жарияланған карантиннен шыға алмай жатқанда Оңтүстік өңірде орналасқан Мақтаарал ауданын су басып онсыз да қиындық көріп жатқан ауыл тұрғындарына жығылған үстіне жұмсалған жұдырықтай болды. Өзіңіз оңтүстік өңірдің тумасы болғандықтан, бұл жақтың жағдайын жете білесіз ғой...
– Ия, өзім оңтүстік аймақта туып-өскен соң, жағдайды бір кісідей білемін деп айта аламын. Алдымен мына бір ресми деректерге назар аударып көрелікші. Түркістан облысында республика халқының 20 пайызға жуығы тұрады. Тұрғындарының орналасу орташа тығыздығы 1 шаршы шақырымға шамамен 20 адамнан келеді. Республика бойынша бала туу жөніндегі ең жоғарғы көрсеткіші (1000 адамға 22,6 сәбиден келеді) мен халық санының табиғи өсуінің ең жоғары деңгейі де (32,5 мың адамнан астам) осы өңірде. Анықталған мәліметтер бойынша облыс халқының басым бөлігін қазақтар (80 пайызы) құрайды екен. Бүгінгі күні ұлтымыздың санын өсіруге бірінші кезекте оңтүстік аймақ үлкен үлес қосып отырғанын көреміз. Ал бұл саяси стратегиялық және экономикалық жағынан да алып қарасақ өте маңызды мәселе. Оған қоса облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Қазіргі кезде бізге жетіспей жатқан, өзіміз ата-бабалардан қалған құндылықтарды қайта қалыптастырамыз деген рухани жаңғырудың негізі – ұлттық мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, дініміз бен тіліміз де осы ауылдарда барынша сақталған. Сондықтан, ауылды қолдау – ұлтымызды қорғау болып табылады.
Тағы бір басты нәрсе – ашығын айтсақ оңтүстік тұрғындары еңбекқор келеді. Жерді еміп өскен ауыл адамдары ерте көктемнен қаракүзге, тіпті, қар түскенге дейін егін шаруашылығымен айналысады, оған қоса мыңдап мал өсіреді. Бұл машақаты көп жұмыс – көп күшті және қажырлы еңбекті талап етеді. Адам баласына аса қажет мұндай қасиет пен қабілет оңтүстіктегі ауыл тұрғындарының бойында ежелден қалыптасқан. Қолдағы бар ақпаратттарға қарасақ қәзір облыстың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы –10,3 млн. гектар екен. Оның ішінде жыртылатын жер аумағы 0,8 млн. га. Ауыл шаруашылығында 63,3 мың шаруа қожалығы, 956 ӨК, 6 АҚ, 608 ЖШС жұмыс істейді. Олар жалпы еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімінің 12 пайыздан астамын береді. Бұл дегеніміз орташа есеппен алғанда Түркістан облысы өзге аймақтардың алдында тұр деген сөз. Ауыл шаруашылығының басты саласына стратегиялық маңызы бар мақта өсіру мен өңдеу жатады. Оның егіс көлемі – 170 мың гектар. Шитті мақтаны өңдеумен жылдық қуаты 650 мың тонналық 19 мақта зауыты айналысады. Олар облыстың Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара ауданында және Түркістан қалалық әкімдігі жерінде орналасқан. Егіннің орташа жылдық өнімі: бидай – 400 мың т., күріш – 10 мың т., шитті мақта – 360 мың т., көкөніс – 400 мың т., бақша өнімдері – 291 мың т., картоп – 115 мың т., 2004 ж. мал саны: ірі қара – 603 мың, қой-ешкі – 3 млн., жылқы – 119 мың, түйе – 14 мың, құс – 1,8 млн., шошқа – 22 мың басқа жеткен екен. Бұл бұдан бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіштер. Қазіргі деректерді алсақ осы көрсеткіштердің бәрі бір жарым есе жоғары деп есептеуге негіз бар. Міне толық емес осы мәліметтердің өзі ауыл тұрғындарының орасан зор еңбегін көрсетпей ме? Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отырғандығының анық айғағы. Енді міне сол аудандардың бірінде егістік және жайылым жерлерді су басып жарамсыз етсе бұл масқара шығын ғой. Облыстағы он ауданның бірін су басуы он саусақтың бірін кесіп тастағанмен бірдей. Оған қоса мыңдаған адамдар баспанасыз, мал-мүліксіз далада қалды.
– Болар апат болды, Құдайға шүкір, бүкіл ел болып қол ұшын беріп, көмектесіп жатыр. Бұйыртса, жағдай жақсарады деген үміт бар. Көрші өзбек елі де тыс қалған жоқ...
– Бұл жерде көрші Өзбекстанның да толықтай кінәсі бар. Біріншіден, су қоймасы сапасыз салынған. Көктемгі қар суы мен жауған жаңбыр соны көрсетіп берді. Екіншіден, трансшекаралық су арналарын пайдалану туралы халықаралық ереже деген болады. Сол заң бойынша көрші мемлекеттердің өзара келісімі болуы міндет. Яғни, көршілес елдердің мүдделері ескеріліп барып жасалатын жұмыс деген сөз. Мына жағдайға қарап осы мәселе сол кезде дұрыс шешімін таппағаны көрініп тұр. Рас, өзбек ағайындар өз кемшіліктерін түсініп бізге жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Адамдары мен техникаларын жіберіп, Әлішер Усманов деген атақты кәсіпкері Ресей азаматы болса да қомақты қаржы бөлді. Өзіміздің кәсіпкерлер де қарап отырған жоқ, мемлекет тарапынан да қамқорлық жасалып жатыр. Бұл жерде көпшіліктің көкейінде сол қаржы діттеген жеріне жетіп, өз мақсатында жұмсалмай қала ма деген күдік бар. Ол да негізсіз емес. Естеріңізде болса былтыр Арыс қаласындағы апат кезінде халықты қолдауға бағытталған қаржыны ұялмастан жымқырғандар да болды ғой. Бұл жолы да сол шығынның бәрі толық көлемде өтелетін болса да жергілікті тұрғындар өлшеусіз зардап шекті. Бір коронавирус екі-үш айда жер жүзіне қаншама қасірет, қаншама шығын әкелді. Сол сияқты бұл апаттың да орнын толтыру мүмкін емес. Мыңдаған гектар егістіктен алатын өнім енді биыл жоқ болады. Оған қоса су басқан жердің қайтып өзінің табиғи қалпына келуі үшін уақыт керек. Бұл аймақта жер асты ащы сулары жер бетіне тым жақын орналасқанын ескерсек, ол үшін бірнеше жылдар қажет шығар. Еш нәрсе ізсіз қалмайды, апат салдары да бірден жойылмайды.
– Жоғары лауазымды басшылардың бірі өткен жылдары Америкада халықтың екі-ақ пайызы ауылдарда тұрады. Біз де солардан үлгі алуымыз керек деп көсілтіп тұрып айтқаны бар. Осы сөздің дәп бүгінгі күні тұрмысымызға тіпті де сай келмейтінін біле тұра басшылар мен қосшылардың бірде-бірі оған қарсы пікір айта алмады. Әдеттегідей жағымпаздана алақандары қызарғанша қол соққаны есімізде. Енді міне қаптаған көп ауылдардың орнына Мақтааралға қала салайық деген ұсыныстар да айтылып қалып жатыр.
– Бұл бос сөз. Еліміздегі нақты жағдайды жете білмеу немесе баяғы сол «Біз дамып кеттік, біз мықтымыз!» дегенге саятын даурықпа, жалаң ұран. Ауылсыз өмір сүру мүмкін емес, оны есі дұрыс адамның бәрі біледі. Адам баласы тамақ ішпей қалай өмір сүреді? Ал, сол азқ-түліктің бәрі қайдан келеді? Әрине ауылдан! Олай болса бұл жерде ол туралы ешқандай сөз болмауы керек. Әлде олар қалада егін егіп, қаладағы асфальтта мал жаймақ па? Бұл өздері қалада тұратын, нағыз еңбектің не екенін білмейтін, жалпы ауылдың жағдайынан мүлдем бейхабар адамның сөзі. Сонда қалай болғаны, ауылдағы малды қаладан барып бағып-күту керек пе? Ауылдағы ашыққан мал қаладан қожайыным қашан келеді деп күтіп жата ма? Санаға сыйымсыз сөздерді биік мінберден айту үшін алдымен ойлану керек қой. Біз онсыз да ауылды мүсәпір жағдайға жеткізіп болдық. Баяғы мыңғырған мал қайда кетті? Қаншама ауылшаруашылығы техникалары болды, соны бір-екі жыл ішінде жоқ қылдық. Ауылдарды банкрот деп жариялап, бар мал-мүлкін талан-таражға салдық. Ал кезінде Қазақстан алып одақтағы бүкіл он бес республиканы етпен қамтамасыз еткені есімізде, миллиард пұт астықты да өсіріп жинаған осы ауылдағы өзіміздің қазақтар емес пе? Ширек ғасыр бойы «Ауыл жылы», «Сыбаға», тағысын тағы да басқа бағдарламалар жариялап қаншама қаржы бөлініп келеді. Солардың бірі де соңына дейін, тіпті жартысы да орындалған жоқ. Одан кейін қайтіп ауыл шаруашылығы дамысын. Шын мәнінде осы сала бойынша біздің мүмкіндігіміз өте зор. Жеріміз кең, суымыз мол. Біз аграрлы елміз. Оны сонау ықылым заманнан бері біздің ата-бабаларымыз дәлелдеп, өмірлік тәжірибесінде көрсетіп кеткен. Бізде бәрі де бар, тек қана сол істі адал атқаруға деген таза ниет жетіспейді. Бөлінген қаржы жолай тоналып, ауылға тамтығы да жетпейді. Ауылды қомсынатындай не көрінді? Шаруашылықпен айналысуға мүмкіндік беріп, газ, су тағы басқа тұрмыстық қажеттіліктерін жасасақ ауылды ешкім тастап қалаға қашпас еді. Егер ауылда өз мәдениет үйі, өз спорт кешендері, денсаулық сақтау мекемелері, өз мектептері мен балабақшалары болса оның қаладан қай жері кем? Адамдарды қалаға әкеліп қамағаннан ештеңе ұтпаймыз. Оларға қаладан жұмыс тауып беруіміз керек. Қазір көптеген қалаларымызда пәтерден пәтерге көшіп, баспанасыз жүрген жас отбасыларының санын ешкім анық айта алмайды. Сондықтан жаңағы «қалашыл» саясаткерлердің сөзі еш негізсіз, тиімсіз ұсыныс деп есептеймін.
Айталық, осы әңгіме боп отырған оңтүстік өңірде басқа аймақтарға қарағанда әсіресе солтүстік облыстармен салыстырғанда ауылдар барынша сақталып қалды. Неге? Ең бастысы, жергілікті ұлт – қазақтар саны басым болды. Басқа облыстарда өзге ұлт өкілдері өзінің тарихи отанына үдере көшіп, ауылдар босап қалды. Ал оңтүстікте керісінше халық санының артуына байланысты жер тапшылығы бірден байқалады. Олардың шаруашылықпен айналысуға мүмкіндіктері жыл өткен сайын шектеліп келеді деген сөз. Ол түсінікті де. Ал, солтүстік, шығыс, батыс аймақтарда жерлер қаңырап бос жатыр. Оны өз кезінде билік маңында жүргендер сатып алдық деп, «заңдастырып» алған латифундистер ештеңе бітіріп жатқан жоқ. Олар ауыл шаруашылығының дамуына кедергі жасап отырған зиянды топ. Қаншама пайда әкелетін құнарлы жерлерді ел игілігіне пайдаланғызбай кесірін тигізуде. Мыңдаған гектар жерді бауырына басып алып, ауыл адамдарының қолдағы санаулы малының жайылымын да тарылтып тастаған. Енді ғана бұл мәселе жоғары жақта қаралып жатыр, ол қандай нақты шешім табары да белгісіз. Өмірде бәрі бір-бірімен тығыз байланысты, бұл бір ғана бүгінгі Мақтаарал жағдайы ғана емес, елімізде көптен келе жатқан жалпыға ортақ күрделі мәселе.
– Сіздің ойыңызша бұл тығырықтан шығудың қандай тиімді жолдары бар?
– Кез-келген қиындықтан шығар жол қашан да табылады. Ең бастысы – соған деген ынта-жігер, таза ниет керек. Айталық, осы мәселеге байланысты оңтүстіктен басқа аймақтарға адамдарды көшіру туралы бағдарлама басталғалы жыл болды. Басында тәп-тәуір қимылдағанмен, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Яғни, бұл маңызды шара өз деңгейінде ұйымдастырылмады деген сөз. Бізде бір жаман әдет бар, бәрін ауызбен немесе қағаз жүзінде жасаймыз. Ал нақты іс соңында қалады. Жоғары жаққа есеп бергенде алдына жан салмайтын басшылар жалған ақпарат беруден бір жалыққан емес. Көшіп барған адамдарға лайықты жағдай жасалмағаны бірден белгілі, кейбіреулер тіпті барған жерлерінен кейін қайтып оралды. Халқы тығыз орналасқан оңтүстікте жер түгілі жұмыс табудың өзі қиын. Содан да болар мектепте еден жуатын жұмысқа тұру үшін пара беруге мәжбүр. Бұл туралы БАҚ-та талай жазылғанын білесіздер. Қаншама мамандар екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Солардың өз қалауынша солтүстік аймақтарға көшіргенде ол жақтағы бос қалған ауылдарға жан бітіп, аз уақытта жаңарып шыға келер еді. Олардың арасында ұстаздар, дәрігерлер, инженерлер, құрылысшылар басқа да мамандық иелері жетерлік. Бұл алдында айтқанымыздай экономикалық жағынан ұтымды және ұлттық тұрақтылықты да қамтамасыз етеді. Бүгінгі мына апатты пайдаланып осы мәселені қатар көтеру керек еді. Апаттан зардап шеккендердің мал-мүлкін түгел есептеп, оның шығынын өтеп, өзге өңірлерге көшуге ниет білдіргендерді басқа аймаққа орналасуына көмектессек ұтар едік. Облыстық, аудандық әкімдіктер мен түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдар осы бағытта үгіт-насихат жұмыстарын ұтымды ұйымдастырса, нақты нәтиже шығар еді. Біріншіден, шығын өтеуін толықтай алған адам солтүстікке көшкенде қосымша мемлекеттік квотаға да ие болады. Яғни, үй, мал, техника сатып алуға мүмкіндігі мол болады, қиналмай бірден шаруашылығын бастап кетеді. Екіншіден, бізді кейде орынсыз айыптайтындай теріс пиғылдағы саясаткерлер немесе көрші мемлекеттер бұл істен «өзге ұлттарға қысым көрсетіп жатыр» деген сияқты саяси астар іздемес еді. Әрі-беріден соң қазақ ұлты елдің қай аймағында тұрам десе де ерікті емес пе! Есесіне кең байтақ жеріміз өз иесі бар екенін сезінер еді. Менің ойымша осы бір өткен жылдары басталған «ішкі көшіқон» шараларын қайтадан көтеріп, өз деңгейінде ұйымдастыруымыз керек. Сол кезде қазіргідей әр аймақтың алақұла көрсеткіші теңеліп, біркелкі деңгейге көтеріледі. Байлық та, жетістік те өздігінен келмейді. Бәрі де өз адамдарымыздың қолымен жасалады. Сондықтан басты байлығымыз – адам капиталын дұрыс, тиімді пайдаланғанымыз жөн. Мақтаарал мәселесін де жоғарыда айтқандай кешенді түрде шешу керек.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz