ҚЫТАЙДАҒЫ КОНЦЛАГЕРЛЕР ЖАБЫЛАДЫ МА - АҚШ Сенаты ЗАҢ ҚАБЫЛДАДЫ
2020 ж. 16 мамыр
2582
0
АҚШ Сенаты мамырдың 15-күні Қытайдың Шынжан-Ұйғыр автономиялы ауданындағы мұсылман халықтарды қолдаған заң қабылдады. Нақтысын айтқанда, осы өңірдегі ұстанған діні мен ұлттық ділі үшін қамау мен қанауға ұшырап, қудаланып, қысым көріп отырған ұйғыр, қазақ, өзбек, қырғыз секілді халықтарды қорғайтын заң бұл! Яғни Қытайдағы 3 миллионға жуық ҚАЗАҚТАР ҮШІН де, Қазақ Еліндегі жалпы қазақтар үшін де көптен күткен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҮЛКЕН КҮШ, ЗОР ҚОЛДАУ!
Қытайдағы азшылық болып табылатын мұсылмандарға байланысты Адам құқы мен бостандығын бұзған қылмыстары үшін Қытай шенеуніктеріне қарсы санкция қолданатын бұл заңға Сенат депутаттары бірауыздан қолдады.
Акт Қытайдағы мұсылман халықтары үшін ашылған концлагерлерді жабуды талап етеді.
Заңды ұсынған сенатор Марко Рубио.
Енді бұл заңға АҚШ Президенті Д.Трамп қол қоюы тиіс. Егер әлемдегі алпауыт елдің президенті ең халқы көп ел басшысымен саудаласуға бармаса, вето қоймайды. Онда заң қабылданып, бірден күшіне кіреді.
Бұрын Түркия Республикасының Президенті, атына лайық Ердоған да Қытайдағы түркі халықтарының қысым көруіне қарсылығын білдіріп, Стамбулда қалың ел көшеге шығып, митингі ұйымдастырған болатын.
Еске сала кетейік, 2018 жылы 5 қарашада Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары мен бостандығы бойынша ашылған жиналысына барған "Атажұрт" ұйымының негізін қалаушы, алғашқы төрағасы Қыдырәлі Оразұлы мен Германиядағы қайраткер қандасымыз Өмірхан Алтын және Қытай концлагерінен шыққан Аманжан Сайт үшеуі әлем алдында, елден жинаған 1000-ға жуық арыздар мен әке-шешелері Қытайда ұсталған 50-дей балалардың жылаған видеоларын көрсетіп, әлемге Қытайдағы қамаудағы қазақтар жайлы алғаш жария еткен еді.
Әлем жұртшылығынан қысымдарын жасырып келген Қытай делегациясы сол жиында қарсы ешнәрсе айта алмай, мынадай әлемге жайылған әшкереден соң ауыздарына құм құйылған еді. Сөйтіп, Қытайдағы қуғын көрген қазақтардың мұң-зары Біріккен Ұлттар Ұйымына тұңғыш жеткен болатын. Енді міне, нәтижесі АҚШ-тың Қытайдағы мұсылман халықтарын қолдаған заң қабылдануына жеткізді.
Одан соң 9 қарашада Бельгияның Брюссель қаласындағы Европа парламентіне барып, қолдарындағы 1000 арызды тапсырып, Европа елдерінен Қытай қазақтарына араша сұрады. Содан кейін Европа мемлекеттері Қытайдағы елшіліктеріне Шынжанға барып, тексеруді тапсырды. Сөйтіп, Қытайдағы қуғын көрген қазақтардың мұң-зары әлемге - Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Европа парламентіне тұңғыш жеткен болатын. Енді міне, нәтижесі АҚШ-тың Қытайдағы мұсылман халықтарын қолдаған заң қабылдануына жеткізді.
Бұған дейін 2017 жылдың 2 желтоқсанында Қытай астанасы Бейжіңде Әлемдік саяси партиялар көшбасшылары форумына қатысқан «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қытайдағы қамауда отырған 112 адамның тізімі жазылған хатты және
"Ақ жол" партиясы атынан да Қытайдағы қазақтардың босатылуын сұраған ресми хатты Қытай басшылығына жеткізген еді. Ол қамаудағы қазақтардың 79-ы осы хаттан кейін босатылды. Бұл хатты бізге Алматыда Қыдырәлі Оразұлы, Астанада белгілі журналист Бейсен Бұқарбай дайындап берген болатын.
Қытайдағы қандастарымыздың жағдайына алаңдаған «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракция депутаттары 2018 жылы бірнеше рет ҚР Сыртқы істер министріне ресми хат жолдады.
2018 жылы 17 сәуірде "Қазақ үні" газетінде "ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫН ҚЫТАЙҒА ТАПСЫРЫП, ҚАРАП ОТЫРА БЕРЕМІЗ БЕ?" атты мақаламызда: "Қазақстан Үкіметі, Үрімжіге баратын Сыртқы істер министрлігі делегациясы алдын-ала Қытай ырқына жығылуға дайындалып бармай, тең атаның ұлы ретінде теңдік сұрап, қандастарымыздың халін жақсартуға күш салуы керек деп білеміз" -деп жазған едік.
Сол айтқанымыздай, Қазақстан Үкіметі Қытайдың темір құрсауында жазықсыз, мұсылман және қазақ болғаны үшін отырған соңғы қазақ қамаудан шыққанша қайрат көрсетуі тиіс.
Алаш жұртына Алла жар болсын деп тілейік.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні