Бейбіт жиындар туралы заң халық сүзгісінен өтпей қабылданбайды - сарапшы
2020 ж. 14 мамыр
1082
0
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина Сенаттың бейбіт жиындарға қатысты заң жобасына енгізген түзетулеріне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы жылдары елімізде азаматтардың заң жобаларын талқылауға қатысу үрдісі белсенді сипатқа ие болуда. Қазір қоғам тарапынан заңнама сапасына да, мазмұнына да қызығушылық жыл сайын артып келеді. Кезінде БАҚ, дін саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде де қоғам тарапынан қызу талқылау болды. Яғни, бүгінде заң жобасы халық сүзгісінен өтпей қабылданбайды деген сөз. Бұл қоғам үшін де, мемлекет үшін де жақсы үрдіс. Себебі, азаматтардың тарапынан саяси белсенділік артып, қоғамдық бақылау күшейе түсіп, демократиялық процедуралардың кең таралуы қамтамасыз етіледі», - деді ол.
Мысалы, сарапшының атап өтуінше, Финляндияда «OpenMinistry» краудсорсингтік платформасында Парламентке талқылауға түскен заң жобаларына дауыс беру процедурасы бекітілген. Яғни, халық заң жобаны талқылауға қатысады.
«Бүгінде еліміздің әр аймағында «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қызу талқылануда. Қабылданатын Заң демократиялық серпілістің айқын көрінісі деп таныған жөн. Елімізде митингілер туралы Заң 1995 жылы қабылданған болатын. Сол себепті бүгінде саяси процестің қарқындылығы мен белсенділігін ескере отырып, Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар заңдар қайта қаралуда. Заң жобасы аймақтарда да, онлайн сарапшылар форумдарында да, халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен Елшіліктер тарапынан да талқылаудан өтті. Талқылау, пікір алмасу деңгейі жоғары болды», - деді бөлім басшысы.
Осы ретте Алуа Жолдыбалина аталған заң жобасы Сенатта қарастырылып жатқанын және палата депутаттарының бастамасымен құжатқа бірқатар түзету енгізілмек екендігін баса айтты.
«Ең алдымен, бейбіт жиналыстарға ұйымдастырушының қатысушылардан бет-әлпетін жасырмауын, оның ішінде адамды тануға кедергі келтіретін киім заттарын және (немесе) өзге де құралдарды пайдаланбауын талап ету міндетін толық алып тастау ұсынылады. Бұл шын мәнінде, едәуір либеральды норма болып есептеледі. Себебі, бұндай заң нормасы Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде орын алған. Мысалы, Австрия, Испания, Германия, Швеция, Данияда бар. Екіншіден, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында пикеттер, жиналыстар, митингілер үшін арнайы орындар саны қаланың әрбір ауданының немесе қаланың орталық бөліктерінде кемінде үшеу болып белгіленбек», - деді сарапшы.
Оның атап өтуінше, бұл азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізуге конституциялық құқығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдар естуге мүмкіндік береді. Мәселен, елордада арнайы орындар саны 12-ден, Алматыда 24-тен, Шымкентте 12-ден, Қарағандыда 6-дан кем емес болады.
«Үшіншіден, Сенат тарапынан ұйымдастырушылар мен қатысушылардың денсаулықты қорғауға бағытталған жеке қорғану құралдарын пайдалану құқығы, мысалы, медициналық маскалар тағуға қатысты норманы енгізу қарастырылған. Жалпы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан заң жобасын талқылауға қатысты жұмыс күнделікті жалғасуда. Бірнеше талқылаудан өтуде. Бұл қалыпты жағдай әрі заң жобасының жетілуіне, сапалы қабылдануына мүмкіндік береді», - деді Алуа Жолдыбалина.