Қ.Тоқаев: СУ ҚОЙМАСЫ АПАТЫНАН БАСПАНАСЫНАН АЙРЫЛҒАНДАРҒА МЫҢНАН АСТАМ ҮЙ САЛЫНАДЫ
2020 ж. 07 мамыр
1950
0
Биылғы 2 мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты тасқын су Түркістан облысы Мақтарал ауданының ауылдарын басып қалып, өңір халқы апатпен алысып жатыр. Мыңнан астам үй су астында қалды. Ел егісі мен малынан айрылды.
Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқынынан болған апатты жою үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды.
Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Үкімет Өзбекстандағы су қоймасының апаты салдарынан баспанасынан айрылған Түркістан облысының азаматтары үшін мыңнан астам тұрғын үй салуға кіріседі"-деп мәлімдеді. Ол бұл туралы Твиттер желісінде жазды.
Еске сала кетейік , 3 мамыр күні "Қазақ үні" газеті порталында ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Исаның: "МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!" атты мақаласы жарияланды. Онда: "350 мыңдай халқы бар қасиетті Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, Үкіметтік комиисия құрылып, жәрдем бермесе, жағдай сәт сайын қиындап бара жатыр... Эвакуациланғандар саны әлі де көбеюі мүмкін. Барлық үйінен, дүние-мүлкінен, егісінен, малынан айрылғандардың шығындарын нақты есептеп, мемлекет өтеп беруі керек!" деп жазған болатын.
Сонымен бірге Қазыбек Иса: "Өзбекстан Қазақстанның келісімінсіз, халықаралық келісім жасамай талапқа сай емес жарамсыз жерге сапасыз Сардоба су қоймасын салғаны және қатаң қауіпсіздік шарасын сақтамай, қойманың жарылғаны үшін жауапты. Сондықтан олар Қазақстан шеккен шығындарды төлеуі керек"-деп атап көрсеткен еді.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзияевтің келісімдерінен кейін кеше Мақтаралға өзбек елінің жәрдемі жетті - 50 шақты ауыр техника мен 200 сарбаз жетті.
"Бір өзеннің бойында қиыншылық пен жақсылықты да бірге көріп келеміз. Қолдан келгенше бар көмегімізді береміз" деген өзбек басшысы сөзінде тұрды.
Мақтаралға еліміздің әр өңірінен көмектер келіп жатыр. Апаттың ауырын көрген Арыстыұтар бірінші жетті. Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстары азық-түлік пен киім-кешек, тұрмыстық заттарды жіберуде.
"Ақ жол" партиясы да шұғыл онлайн фракция отырысын өткізіп, Мақтаралға көмек қорын құрды. Кеше парламентте нұротандықтармен бірге депутаттық сауал жолдады.
"Ақ жол" партиясы Ақтөбе облыстық филиалы Мақтаралға көмек керуенін жөнелтті.
"Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті" дегендей, осындай ауыр кезеңде бәріміз қолдан келген көмегімізді аяиайық ағайындар!
"Бір қиындықтың бір жақсылығы да болады" дегендей, Мырзашөлде жаңа ауылдардың қоныс тойларын бірге тойлайық!
Ел аман, жұр тыныш болсын!
Қазыбек Иса,"Қазақ үні"