Мырзагелді Кемел: Сардобаның шындығы
2020 ж. 05 мамыр
17546
0
Мақтарал – туған өлкем менің. Жүрегім тілім-тілім болады, сол елге қиын бола қалса. Ауданның басқа проблемасы да жетерлік еді.
Біріншіден, осыдан 20 жыл бұрын, жер бөлініске салынғанда, Сырдың сол жағалауындағы халық 210 мың еді, бүгінде 350 мың. Жаңа барған адамдар жері барларға қызғана қарап, жек көреді.
Екіншіден аудан аумағында құрылысқа қажет кәдімгі тас пен құм жоқ.
Үшіншіден ол жерде бидай өнбейді, демек ұн сырттан келеді, Шымкенттен 1,5 есе қымбат. Көмір де, құрылыс материалдары да солай.
Ол өңірдің адамдары басқа жердегі өмірді көрмегендіктен, төзімділіктен осы қиындықтарға қарамастан ата қонысымыз деп сонда отыр.
Қазір алыстамыз. Карантин қамап тастады. Ойымыз бен құлағымыз – ауыл жақта.
Ақпараттарды қараймын, қанағаттанбаймын.
Жұрт дүрмекке ереді. Көрмесе де көргендей жазады.
Мынадай бір аңыз бар менің кітаптарымның бірінде: «Адамдардың алдында екі сұлба көрініпті. Біреуінің беті ашық, екіншісінің беті жабық. Беті ашықтың келбеті өте ұсқынсыз екен. «Сен кімсің?» деп сұрапты адамдар беті ашық сұлбадан. «Мен – Шындықпын». «Ал сен кімсің?» деп сұрапты беті жабық сұлбадан. «Мен – Ақиқатпын». «Онда неге бетіңді жауып тұрсың, аш, халық көрсін». «Мен бетімді ашсам, барлығың қорқу мен торығудан өліп кетесіңдер!» - депті Ақиқат».
Біздегі шындықтың демі де – кермек, Ақиқатта жетелер лидер де жоқ. Жалғыз жанашырымыз, тәуекелшіл Ислам Әбішев еді, түрмеде отыр.
Бүгінгі қазақ жерін су басып жатыр, үкімет неге қарап отыр, неге талап етпейді? – деген сөздер айтылып жатыр негізінен.
Пенделік тұрғыдан алғанда – шындық осы секілді.
Расы қайсы?
Сардоба біздің шекарамында 50-70 шарым жерде жасалған су қоймасы. Сыйымдылығы – 1 млрд кубқа жақын. 2017 жылы іске қосылған. Ең терең жері 35 метр. Жағалауларына төменнен жоғары қарай 14 метріне бетон плиталар қойылған, әрі қарай 10-15 метрдей кәдімгі топырақтан жасалған дамба. Осы дамба жағасы толы суға шыдас бермей, жіңішке жерінен жыртылған. Су ашыққа қалай лап берген, Өзбекстанның 2 ауданы су жайлаған, ақпараттарға қарағанда халқы судан азап көріп отыр, Мырзашөлдегі орталық қала Гагаринге де су барған.
Өзбек жеріндегі су жайлаған жерден 70 мың адам көшіріліпті. Статистикаға асырып айтуға әдеттенген билік біршама қосып айтқан шығар, бәрібір аз емес.
Қазақстан жеріндегі 22000 адам көшірілген.
Құдай сақтап барлық аққан су 60-жылдардың аяғында өте сапалы етіп салынған Тәшкент-Нүкіс халықаралық автожолға тіреліп, біздің екі ауданға өтпей тұр. Су жайлаған жерлер сол тас жолдың күншығыс бетіндегі елді мекендер: Атакент (бұрынғы Славянка), Жеңіс, Фирдоуси, т,с,с. Су сол елді мекендерге жайылып тұр. Тас жол биігірек, ені 21 метр, оны су бұза алмайды, үстінен асып өтпесе.
Фейсбукте көрсетілген суды ашып, қуанып тұрған видео да қазақтардың қанын қыздырып тұр. Онда суды төменге қарай экскаватормен ашып жатқанда, бір өзбек: «Міне енді жақсы болды, Худоқаласа көп суАбайға қарай кететін болды» - деп жатыр. Оның айтқан Абайы – Өзбекстан аумағында (Шындыққа жүгінсек, су алған жердің тұрғындардың көбі қазақтар еді, бармағаныма 12-13 жыл болып қалды). Мақтарал өңірінде де Абай ауылы бар, ол жер су баратыннан аулақта. Бірақ, білмей тұрғандарға Абай аты аталғасын қазақтың жері құрып жатыр екен деп ойлайды-дағы. Осылай ақпараты аз ел адасады...
Ал енді аты жиі аталып жатқан Қоғалы ауылы туралы айтсақ, ол қазірге Жетісай ауданының қиыр батысында, бұрынғы қой совхозының орталығы. Ол жерде бүгін де әлі қауіп сейілген жоқ. Оған судың бару себебі екі мемлекетті шекара болып бөліп тұрған Орталық мемлекеттік коллектор (Центральный гос коллектор) аталатын жер асты суларын қашыртуға арналған тереңдігі 25 метр болатын коллектор. Ол коллекторда әдетте суы терең түбінде ғана болушы еді. Бала кезімізде, көктемде жаяу-жалпылап барып балық аулайтынбыз. Зиянсыз, көгіс тартып қалған суы бар еді.
Сол коллектор әбден толған, сөйтіп Қоғалы совхозының орталығына қауіп төндіріп тұр екен. Ауыл маңында екі ойпат болатын, солар суға толып, енді тағы ағып келсе, ауылды алып кеткелі тұр. Егер көп су келсе төңіректегі Атамекен, Мақталы, Қызылқұм ауыл округтарына және Өзбекстанда қалып кеткен Арнасай, Амангелді ауылына (Роза Әлқожаның ауылы) да жайылуы мүмкін.
Қоғалы совхозына директор болған Жаппарқұл Абадизмов бас болып, бәріміз танитын адамдарымызға хабарласып, туған-туысқандарымызды сонда жіберіп жатырмыз. Қаптардан баррикада жасалып жатыр.
Енді аздаған тарих: 2010 жылы біздің елде Көксарай су қоймасы салынды. Оған себеп болған Шардара су қоймасында су шекті мөлшерден (5 млрд куб) асып кеткенде бұрын біздікі деп жүрген Арнасай су қашыртқысы Өзбекстандікі болып шығып, су қоймасындағы артық суларды сол жерден 40 жылдан бері өзбек жеріне, Айдаркөл деп аталатын көлге жіберіп тұрғанбыз. Сол жаққа артық суды келіскен мөлшерден артық жіберуге мәжбүр болған жылдары Өзбекстан билігі артық кетіп жатқан су үшін ақы сұрайтын болды. Сол мәселе екі президент арасында реніш болып, біздің ел Көксарай су қоймасын салды. Соған қызғаныш пен күндеу болды ма, өзбек елі Сардоба су қоймасын салды.
Нәтиже – мынау. Шындық осы. Оқыңыз.
Мырзагелді Кемел, Қазақ үні