БИЛІК ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАҒАН ЖҮЗ МЫҢДАҒАН АДАМДЫ ТЫҢДАМАУЫ МҮМКІН ЕМЕС!
2020 ж. 01 мамыр
2454
0
Ертең жүз мыңдаған азамат парламенттің алдына барғанда соңынан миллион адам ермейді деп кім айта алады?
– Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақ тілінің мәселесі жиі көтеріліп жүр. Айтылып, жазылып қана қоймай, нақты іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алғандар да табылып жатыр. Қазыбек Иса бастаған азаматтар 100 мыңнан астам қол жинап та үлгерді. Сонымен қоса, бұған қарсы топ «орыс тілін екінші мемлекеттік тіл жасауға» үндеп, олар да қол жинауға кірісті. Бұл қозғалыстар нені білдіреді?
– Бұл қазақ тілі мәселесінің шегіне жете бастағанын көрсетеді. Қазір мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің жағдайын айтудың, жылаудың, зарлаудың, ең бастысы, дәлелдеудің қажеті жоқ. Бәрі көз алдымызда. Енді азаматтар осы мәселені шешудің жолын іздеуге кірісті. Біреулері (Руза Бейсенбайтегі, Оғыз Доған, Қуат Ахметов т.б.) соттасуға кіріссе, Қазыбек Исалар билікке халықтың талабын петиция түрінде ұсынбақшы. Мен, есіңізде болса, қазақтілділерге Балтық елдерінің тәсілін қолдануды ұсындым. Айта кету керек, бұл бөлініс емес, мен петицияға қол қоюды да қолдаймын, соттасуға да баруға дайынмын. Бұл – қазақ тілін тірілтудің, оған қажеттілік жасаудың түрлі жолдарын қолдану ғана. Ал «орыс тілін екінші мемлекеттік тіл жасау керек» деген мәселені көтеріп жүргендер өздерінің күндері өтіп бара жатқанын жақсы біліп, балаққа жабысып қалайық деген жандар. Ең қызығы, бұлар «екінші мемлекеттік тіл» дегеннің өмірдегі көрінісін, нақты құзыретін білмейтін, әйтеуір, «орыс тілі болсын» дегендер. Егер «қостілді» мемлекет болу керек десе, өкінішке қарай, қазір біз дәл «қостілді» (құрбақа сияқты) елміз. Заңымызда қостілділік жоқ, бірақ өмірде, болмысымызда, ең қорқыныштысы – мемлекеттің барлық іс-әрекетінде бар.
– Билік ресми мәліметтерді алдымызға жайып салып, «қазақ тілін білетіндер 83 пайыз болды», соншама қазақ тіліндегі мектептер бар, балабақшалар т.т. бар дейді. Мына жақта «тіліміз құрып бара жатыр» деп, қазақтілділер дабыл қағып аттандап жатыр. Сонда қалай болғаны?
– Халық бір нәрсені түсіне бастаған сияқты. Әңгіме «қазақ тілін меңгерген адамдардың» санында немесе мектептердің, балабақшалардың санында емес, сол 83 пайыз адамның қай тілде қарым-қатынас жасап, қай тілді қолдануында жатыр. Егер сен жұмыс істейтін мекемеде барлық ісқағаздары орыс тілінде болса, асхана мен ресторандардың ас мәзірінде бір ауыз қазақ сөзі кездеспесе, парламент пен үкімет орыс тілінде сөйлесе, сенің қазақ тілін білгеніңнен не пайда? Мәселе тілдің қолданылуында жатыр. Тілдің қолданыстан шығуы – оның жоғалуының басты белгісі. Ең қорқыныштысы – облыстардан қазақ тіліндегі ортадан, қазақтілді мектепті бітіріп келген қазақ жастары қалаға келгенде орыс тілін қолдануға, демек, үйренуге мәжбүр болады. Кешегі әлеуметтік желідегі республиканың бас санитарының, министрдің орынбасарының, мәдениет басқармасы басшысының мыңқылдап тұрғанын көргенде көпшілігімізді күлкіден гөрі ашу-ыза кернеді. Ал жастар «егер қазақ тілінде екі ауыз сөздің басын қоса алмайтын жандар басшылықта отырса, ол тілді үйренудің қажеттілігі қанша» дейді. Байқайсыз ба, жаңағы мемлекеттік тілді білмейтіндер өздерінің сол білместіктерін кемшілік, ұят, намыссыздық деп санамайды. Олардың мыңқылдағанын көріп, мына жақта отырып біз ұяламыз. Демек, қоғамда мемлекеттік тілге деген екі түрлі көзқарас қалыптасып келеді. Қоғам екіге жарылып бара жатыр. Бұл –жақсылық емес, аса үлкен қауіп.
– Жоғарыдағы қимыл-қозғалыстар нәтиже береді деп ойлайсыз ба?
– Жеке азаматтар немесе ұйымдар осындай іс-шаралармен қоғамда көзқарас қалыптастырады. Оны егер биліктегілердің ақылдары болса, назарға алмауы мүмкін емес. Әрбір қоғамдық мәселенің пайда болуы, дамуы, шарықтау шегі болады. Бүгінгі қазақ тілін қолдап қол қойған жүз мыңдаған азаматтың ертең парламент пен үкіметтің алдына бармасына кім кепіл?! Бұлардың соңынан қол қоюға ерінген не сайтқа ене алмаған, бірақ қазақ тілінің мүсәпір жағдайын күнде көріп жүрген миллион адам ермейді деп кім айта алады?
Мені билік тарапының үнсіздігі қорқытады. Мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында сайратып қоятын тетіктер жеткілікті. Ең болмаса жемқорлықпен ұсталған қызметкер үшін оның басшысы жауап береді деген сияқты «мемлекеттік тілді білмейтін министр қызметінен кетеді» деген заң енгізілсе, қазақ тілінің дамуына тұсау болып отырған шенеуніктердің екі аяғы бір етікке тығылар еді. Жемқорлық – үлкен қылмыс, бұл халықтың ақшасын ұрлау деген сөз. Ал қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлер біздің сан ғасырлар бойы келе жатқан арман-мақсатымызды ұрлаушылар, болашағымызды бұзушылар, ұлтын сыйламаушылар емес пе?!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Күлтегін БЕК,
"Жас Алаш"