Жансейіт Түймебаев: Ассамблея 276 миллион теңгенің көмегін көрсетті
2020 ж. 29 сәуір
1059
0
Қазақстан халқы Ассамблеясы коронавирус инфекциясына қарсы күрес уақытында өз жұмысын бірнеше бағытта ұйымдастырды. «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына белсене қатысып, 300 мыңға жуық адамға 276 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Өңірлерде 400 мыңнан астам медициналық бетперде таратылды.
Бұған қоса, #бізбіргеміз, #бізүйдеміз бірыңғай хэштегімен түрлі челлендждер ұйымдастырылып, хакім Абайдың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасы, Ассамблеяның 25 жылдығына арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы», мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді көздейтін «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мәміле» жобалары және басқа да онлайн іс-шараларды жұртшылық назарына ұсынды. Атқарылған жұмыстар жөнінде әлеуметтік желілерде 264 бейнеролик, 192 бейнесабақ жарық көрді. Ғылыми-сараптамалық талдаулар да сұранысқа сай жаңа форматта жүзеге асты.
Барлық жобалар этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуды көздей отырып, табысынан айрылған азаматтарға қолдау көрсетуге, карантин кезіндегі іс-шараларға халықты жұмылдыруға және залалсыздандыру ережелерін сақтауға бағытталды.
Ассамблея соның ішінде «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына ерекше үлес қосып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетті. Қайырымдылық шараға этномәдени бірлестіктер, Қоғамдық келісім кеңестері, Кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» РЖҚ, ҚХА еріктілер қозғалысының орталығы, ҚХА құрылымдық бөлімшелері атсалысты.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті зейнеткерлер мен ата-ана қамқорлығынан айрылған студенттерге азық-түлік себеттері, антисептик, дәрі-дәрмек және басқа күнделікті тұрмысқа қажетті химиялық заттар жеткізілді, әлі де жалғасуда.
Аймақтардағы алдыңғы шепте күресіп жатқан ақ халатты абзал жандар мен бақылау бекеттерінде тұрған ішкі істер саласының жеке құрамы және төтенше жағдай қызметкерлері де ұмыт қалған жоқ. Мәселен, Алматы қаласындағы Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының филиалы, «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі және «Ильдаш» татар орталығы қысқа мерзім ішінде салынған жаңа модульдік госпитальге көмек ретінде 350 электрондық термометрді сыйға тартты. Алматы облысының № 11 шағын стансасына 1 млн теңгенің 160 азық-түлік пакетін дайындап, жедел-жәрдемнің 71 қызметкеріне үлестірді.
Солтүстік Қазақстандық «Ассамблея» корпоративтік қоры Петропавл қалалық ауруханасының дәрігерлеріне обаға қарсы 35 қорғаныш костюмін сыйға тартты. Қостанай облысы ҚХА еріктілері медициналық мекемелерді Ұлы отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлерге арналған тегін бетпердемен қамтамасыз етті. Алматы облысының ерікті жастары Талдықорған қаласына кіреберістегі санитарлық бекеттерге түскі ас әзірледі.
Ал Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығы Алматы қаласына 4,5 миллион теңгеге 3 тонна азық-түлік жөнелтті.
Індетке қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйде отырған азаматтардың уақытын тиімді өткізу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының el.kz ақпараттық-танымдық сайтымен біріктірілген assembly.kz ресми порталы және әлеуметтік желілер арқылы #бізбіргеміз, #бізүйдеміз онлайн акциясына да белсене үлес қосты. Түрлі челлендж бастап, бейнесабақтар мен бейнетүсірілімдер топтамасы тарту етілді.
#ABAI175, «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мәміле» жобасы жоғары қолдауға ие болды. Қарағанды қаласының «Достық үйі» қазақ тілін үйрену дәрістеріне арналған «Мәміле» бейнесабақтары мен ағылшын тілін онлайн түрде тегін оқыту курстарының тұсауын кесті. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік тілге ерекше ден қойып, «Мәміле. Ситуативті қазақ тілі», Жамбыл облысы #KAZONLINE жобасын жаңа форматта ұсынды. Солтүстік Қазақстан облысында қашықтықтан бағаланатын «Бірлігіміз жарасқан» әншілер байқауы бастау алды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ZOOM платформасы арқылы «Халықтану» интерактивті білім лекториі тыңдалды.
Астаналық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы #АБАЙ175ҚХА челленджін бастап, «Көзімнің қарасы» әнін түрлі этнос аспаптарында орындады. Айрықша бастаманы өзге аймақтар бірден іліп әкетті.
Нұр-Сұлтан қалалық Достық үйінде Ұлы даланың киелі мұраларын ұлықтайтын онлайн «Жыр орталығы» ашылып, әр халықтық өзіне тән аңыз-дастандары мен жыр-термелері орындалуда.
Сондай-ақ этно-мәдени бірлестіктер қуана кіріскен ұлттық тағамдарды насихаттауға арналған «ҮйдеБіргеДайындаймыз» жобасы жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырды. «Kazakh TV» телеарнасының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының жетекшісі Маия Бекбаеваның ұйытқы болуымен «Kazakh TV» телеграмм каналында күн сайын жарияланып отыр.
Бұдан бөлек, ұйғыр, корей, неміс театрлары онлайн спектакльдер тарту етіп, интернет беттерінде қойылымдар кестесімен таныстырды.
Аssembly.kz ресми порталында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі әзірлеген кітаптар мен зерттеу еңбектердің электронды нұсқасы оқырманға жол тартты. ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі ШЫҰ-ның экс-бас хатшысы М.Иманалиевтің (Қырғызстан), Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының қызметкері Б.Эшменттің (ГФР), Халықаралық көші-қон ұйымының бас халықаралық сарапшысы П.Казмеркевичтің (Польша) қатысуымен «Қазіргі заманның діліндегі этностылық және конфессионалдық: әдіснама және зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық online-семинар өткізді.
Қазіргі таңда Ассамблея Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін онлайн ұйымдастыру және атап өту шараларына қызу кірісіп кетті. Өйткені елдегі жағдайға байланысты биылғы мейрамның жөні бөлек, сондықтан ҚХА республикалық және өңірлік деңгейде #Abai175, #1МАМЫР #Birlikkuni, #BizBirgemiz бірыңғай хэштегімен қызықты онлайн жобалар дайындау үстінде.
Біз мемлекеттің дамуы тарихында жалпыхалықтың бірлік пен қоғамдық келісімнің арқасында ең қиын кезеңдерді бірге өткізіп, мол жетістіктерге қол жеткіздік. Жұдырықтай жұмыла білсек, індетпен күрес жағдайындағы қиындықтарды да жеңіп шығарымызға еш күмән жоқ.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары
Қазақ үні