Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жетті - Жеңіс Баһадүр
2020 ж. 29 сәуір
1200
0
Еліміздің ақпарат кеңістігінде салиқалы ұстанымы, орнықты орны бар "Қазақ үні" тәуелсіз мемлекетіміздің мемлекеттік тіліне басы бүтін басымдық беру бағытында егемендік алғанымыздан бері тұрақты түрде дабыл қағып келеді. Ұлы мақсат жолында маңдайы талай тасқа тисе де, тауы шағылмаған, діттегенінен қайтпас күрескерлік рухына ризамыз. Жақында осы ұлттық порталдың ұйымдастыруымен ҚР Конституциясынан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, нақты, жаңа Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдау жөнінде зиялы қауым өкілдерінің ел Президентіне Ашық хаты жарияланды.
Қазақ елінің азаттық алғанына отыз жылға тақаса да мемлекеттік тілінің бүгінге дейін әлі беделінің төмендігіне, түбегейлі айқындалмаған ертеңгі ақуалына алаңдаған жанайқайға біз де үн қостық. Әлеуметтік желіден көз жеткізіп отырмыз, өзі ие елінің мемлекеттік тілінің - қазақ тілінің тынысы ашылмай тұрған талайлы тағдырына бейжай қарамайтын ұлтжандылардың, ұлтын, ұлтының тілін сүйгендердің, ұлтын шынайы мойындайтындардың саны күннен- күнге артып келеді. Олардың қатары тағы көбейген үстіне көбейе түсетіні және ақиқат. Бұл - Ата Заңымызда мемлекеттік тіл мәртебесі тайға таңба басылғандай белгіленген қазақ тіліне басымдық беретін уақыттың жеткенін көрсетсе керек. Жалпы "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген тіркестің сіресіп тұруына байланысты әңгіменің өрбігеніне көп болды. Енді қазақ халқы үшін аса маңызды, ауадай қажет бұл мәселе осы жолы дер кезінде тиімді шешілер деген үлкен үміт те жарқырап көрініп тұрғандай көрінеді маған.
Қазақ тілі жанашырларының билікке жолдаған, өзіміз де қолдаған талаптың барысын қадағалап отырамын. Мынадай пікірлерді оқыдым, естідім. Олардың уәждерін топтағанда: "Мемлекеттік тіл төңірегінде шу шығара берудің қажеті қанша? Бұл проблема талай көтерілді емес пе! Қане, нәтиже? Сондағы Ашық хаттар жоғары жақта қаперге алынды ма? Ондағылардың құлақ асқанын көрмедік...";
"Ал енді сол көптен зарыға күткен заң бүгін билік ғайыптан тайып, дегеніне көндіріп, айтқанын орындататын Парламентке қабылдата қалсын делік, содан кейін бәрі бірден қазақша сайрап кете ме? Әй, қайдам. Оған қазақтың өзі дайын емес...";
"Кезінде ең жоғарғы билік "қазақ қазақпен қазақша сөйлессін", "15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды", "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде", "Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі - тіл" демеп пе еді!? Іске асты ма солар?..";
"Қазақтың үлес салмағы 80-90 пайызға жеткенде қабылдану керек бұл заң. Әйтпесе екінші ұлттан наразылық туындауы мүмкін. Асықпайық...";
"Мемлекеттік тілдің абыройын патриоттық ұрандармен асқақтата алмайсың. Келешекте сақтап қалу да қиын. Алдымен қазақтың өзі өз ана тілінде сөйлеуі міндетті. Бұл үшін ең бірінші оның ұлттық рухы, ұлттық намысы, ұлттық ұяты болуы керек. Бар ма бізде сол қасиеттер?.. " дегенге саяды.
Менің бұл жазбаны жазуыма әуелде, міне осы пікірлер түрткі болып еді. Мұндай екіұдай сөздер, менің байқағаным, көп те емес. Ал енді барын байып сарасына салсақ, олардыкі - үстірт ой немесе қазақ тілінің болашағына сенімсіздікпен қарау, бәлкім қазіргі қалпын қалауы да болуы. Егер барлық заңдардың негізі болып табылатын Конституциямыздағы әңгімемізге арқау болған баптың тармағын алып тастап, бір ғана қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді қалдырса, соған сәйкес жаңа "Тіл туралы" Заң жасалса, қазақ тілінің жағдайы күрт жақсарады деп ойлаймын. Нақты заңдық күшке ие болатын тіліміздің сонда қолданыс шеңбері қазіргідей шектеліп қалмай, қарапайым халықтан асып, билік өкілдеріне дейін қамтитыны хақ. Құдайға шүкір, тәуелсіздік қазақ халқының санын өсірді, санамыз өркендеді. Бүгінде 18 млн-нан асатын халқымыздың 75 пайыздан астамы - жергілікті ұлт. Мемлекет құраушы ұлт! Демек, бұл - басымдықты көрсететін көрсеткіш. Сондықтан бұл - қазақ тілінің мерейін үстем ететін, біржола тұғырлы ететін заң қабылдауға негіз болмақ деп парықтаймын.
Тәуба делік, еліміздің билік буындарында отырғандардың басымы - қазақтар. Рас, олардың көбі орысша тәрбиеленді, орысша оқыды, орысша қызмет істеп келеді. Егер егемендіктің басты белгісі - мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен шегенделсе, олар да қазақша сөйлеуге, жазуға, білмесе үйренуге, меңгеруге міндетті, жауапты, тіпті мәжбүр болар еді. Осындай құзыры бар заң қабылданса, сөйтіп өмірлік қажеттілік туындаса қоғамның барлық саласы тездетіп қазақ тілінде сөйлей бастар еді. Еліміздегі белгілі халықтың ғана емес, барлық отандастарымыздың ортақ тіліне айналар еді. Ел Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың: "Қазақ тілі - ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек" деген маңызды мәлімдемесін де халқы көңіліне медет тұтып жүр.
Жоғарыда тілге тиек етілген пікірлердің бір парасы бүгінгі қазақтың өз атасының, анасының тілін білуі үшін алдымен бойында ұлттық рухы болуы керек дегенді алға тартып еді. Келісеміз. Бірақ орыс ықпалында ұлттық рухы баяғыдан басылып қалған, содан басын көтере алмай жүргені қазір де көзге анық ұрып тұратын қазақтың туған тіліне деген намысын, арын, жігерін, құрметін тірілтетін осы түзетілген, ретке келтірілген жаңа тіл туралы заң болады деп пайымдаймын. Кезінде кеңес өкіметінің теперішін көріп жүріп, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандар оята алмаған қазақтың рухын енді тәуелсіз мемлекетіміз мыңдаған халықтың тілегімен санасып қабылдар деп үміттенген осы заңы серпілтер деген үміт отын жағып отырмыз. Өйткені "Ұлтын керек қылып, халқына қызмет қылам деген қазақ балалары қазақ жұмысына қарап тұрмай, қолынан келгенше кірісіп істей берсе - ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы"(А.Байтұрсынов).
Базбіреулер: "Бүгін елді қыспаққа алған мына ауыр жағдайдан қалай шығамыз деп отырғанда, тілдің мәселесін қозғаудың қажеті бар ма?" деуі де бек мүмкін. Иә, бұл қатерді де мемлекет болып, халық болып ұйымдасып, төзімділікпен жеңеміз. Аман болайық! Ал қандай қиындықты еңсеруге күрескерлік рух керек! Ұлттық рухымыздың қайнарлы қуаты ұлттық тілімізде екенін де, тәуелсіздігіміздің тірегі ұлттық тілімізде, ділімізде екенін де дәйім есте ұстап жүрелік!
Жеңіс Баһадүр, Қазақ үні