ӘКЕМНІҢ АЙТПАҒАНЫН АХАҢНАН ЕСТІДІМ...
2012 ж. 14 желтоқсан
2442
2
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, қазақтың маңдайына берілген жарқырап туған жарық жұлдыздай сегіз қырлы, бір сырлы ұлы-қыздары болған. Солардың бірі әрі бірегейі Ақселеу Сланұлы десем қателеспеймін. Ол кісінің әрбір сөзі «Тарих тылсымынан сыр шертеді, күйдің құдіретін дәріптейді, жұрттың көрмегеннін көреді, естімегеннін естиді, алыстың түп-тамырын қазбалайды, білетіні мұхит іспеттес, ұшы-қиыры жоқ жатқан таңғажайып бір әлем». Ақселеу ағаның арамызда үш жылдан бері жоқ екенін, әлі күні не сенерімді, не сенбесімді білмей, ес-алаң күй кешудемін.
Тап күні кеше ғана сияқты «Жұмамұрат құдай қалап нәсіп етсе, кішкентай Аманат ұлыңның тұсауын өзім кесіп беремін» деген еді. (Ол кезде Аманат 9 айлық еңбектеп жүретін). Күтпеген жерден тойымсыз ажал алды да кетті. Өкінішті-ақ.
Бірде Ақаңнан осы қазақта ата-ананың баласына енші беру дәстүрін қалай түсінесіз? деген сұрағыма екі сағат жауап берді, диктофонымды қостым да, алаңсыз отырып тыңдауға тура келді. Қазақ тілінде «енші» деген сөз бар және одан туындайтын алуан мағыналы сөздер күні бүгінге дейін қолданылады. Қазақтың дәстүрлі көшпелі өмір-салтымен орайлас дүниеге келген ру-тайпалық жүйені, оның отбасы, әулет, ата, ру, тайпа, жүз сияқты ішкі құрылымдарын әлеуметтік үйлесімге келтіріп отыруға енші институтының рөлі айрықша. Қазақтың дәстүрлі қоғамын әлеуметтік үйлесімге келтіріп отыру үшін еншінің негізгі үш түрі әдет-ғұрыптық құқық деңгейінде орныққанын, сөйтіп, жалпы этикалық нормаға айналғанын байқауға болады.
Біріншіден, енші – балаларға ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, қалдыратын мұрасы.
Екіншіден, бөлінбеген енші – кез келген қазақ отбасының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы (тамақ, жататын орын, малының жем-шөбі).
Үшіншіден, еншілес болу – тұтас ру аясындағы отбасылар мен жеке адамдардың қандас-туыстас еместігіне қарамастан мақсат-мүдделерін бір ету және материалдық игілікке ( негізінен төрт түлік малға, қоныс-өріске, жер-суға) ортақ болу дәстүрі. Енді, қазақтың дәстүрлі қоғамындағы еншінің осы үш түрін әрі қарай саралай түсу қажет.
1. Қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдет-ғұрып қағидасы бойынша ер балалар жеке үй болып бөлініп шыққанда ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкін «енші» деп атайды. «Еншісіз ұл, кәдесіз қыз болмайды» деген қазақ мәтелі осы дәстүрге айтылған. Еншінің көлемі ата-ана дәулетіне, мүмкіндігіне орай әртүрлі болады. Енші бөлу барысында ата-ананың ұйғарымы заң, оған қайшы келетін бөгденің билігі жүрмейді. Ата-ана қайтыс болған жағдайда енші бөлу билігі ер балалардың үлкеніне беріледі.
Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін; әке өліп, шешесі ғана қалуы; ер балалар үйленбей тұрғанда ата-анасы бірдей қайтыс болуы; ата-анасы қайтыс болғанда соңында ағайынды бірнеше ер бала қалып, олардың үлкендері үйленген, кенжесі әлі үйленбеген болуы; ата-ананың ер баласы болмай, тек қызы (қыздары) ғана болуы немесе мүлде перзентсіз болуы...деген сияқты. Мұның бәрінің қазақ арасында қалыптасқан жөн-жобалары темірдей тәртіппен бұлжытпай орындалып, ешқандай дау-дамайсыз, сыртқы төреліктің араласуынсыз, өзара мәмілемен шешіліп отырған.
Әдетте, қыз балаға енші берілмейді. Алайда, қыз ұзатылғанда еншіден олқы соқпайтын жасау берілетін кездер болады. Ұзатылған қыздың жасауы, көп жағдайда, күйеу жағынан келетін қалыңмал мөлшерінен артықтау түсіп жатады. Ұзатылған қыз, дәстүр бойынша, араға біраз уақыт салып көбінесе перзентті болған соң, арнайы төркіндеп келетін келетін болған. «Бару-бармау төркінге, байдағы қыздың еркінде» деген мақалдар қалған. Осы жолы қыз бала ата-анасының үйінен еншілік үлеске татитын мал-мүлік алып кете алған. Оны қыздың «кәдесі», немесе «қалауы» деп те атайды. Әлгі «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды», «Асыққан қыз алты жылда, жетіскен қыз жеті жылда төркіндейді» деп келетін мәтел сөздер ұзатылған қыздың төркіндеу рәсіміне орай айтылған. Қазіргідей қит етсе, әке-шешесіне жетіп бармаған.
Бөлінбеген енші, яғни қонақтың еншісі қазақтың дәстүрлі өмір-салтында және сол өмір-салтпен орайлас қалыптасқан ру-тайпалық жүйеде ел-жұрттың біртұтас этножаралым болуын ойластырудан туындаған айнымас әдет, бұлжымас қағида, қатал тәртіп. Мұндай тәртіп болмаса, табиғаты қуаң сайын далада желдей жүйткіп, судай сырғыған көшпелілердің ел болып тұтасуын, ұлт болып ұйысуын былай қойғанда, қарапайым тіршілік құрудың өзі қиынға соғар еді. Бөлінбеген енші дәстүрі бойынша кез келген қазақ жолаушылап келе жатып кез келген қазақтың үйіне қонуға, қонақасын ішіп-жеуге, мініс көлігін жемін беріп суғарып, тынығып аттануға хақылы болған. Яғни, кез келген қазақ жолаушысы кез келген қазақтың үйінде бөлінбеген еншім бар деп, сеніммен босаға аттай алған. Бүгінде туған ағаңның үйіне алдын ала хабарласпай бара алмайтын жағдайға жеттік.
Көшпелі өмір-салттағы әулет-аталар аз уақыт аясында өркен жайып, тез толысып отырған. Мұндайда, іргелі (аталық) ру аясындағы аралары жеті атаға толған әулет-аталардың баскөтерерлері ел ішіндегі беделді адамдарға сөз салып, жеке ру болып шыққысы келетіндерін, осыған орай тиісті еншілерінің бөлінуін емеурін ететін болған. Әдетте, іргелі удың басие адамдары өз аясындағы әулет-аталардың енші алып, оңаша рулы ел болып, шығуын, өсіп-өркендегендіктің белгісі ретінде, мерей-мәртебе тұтқан. Сондықтан да, енші алып шығуға емеурін білдірген әулет-атаның жай-жапсарын, олардың баскөтерер адамдарын, қоныс-тұрақтарын, мал-жандарын бажайлап барып рұқсат еткен. Ол үшін төңіректегі жеті рулы елдің билері шақырылып, әулет-атаны жеке ру етіп шығару рәсімі жасалған.
Жеті рудың билері бас қосқан соң, жеке ру болғысы келген атаның басие адамдарына; «1. Еліңнің сөзін сөйлер биің бар ма?», «2. Еліңе қорған бола алатын батырың бар ма?», «3. Еліңді асырар байың бар ма?» деген үш сұрақ қоятын болған. Егер бұл сұрақтардың жауабы жеті бидің көңілінен шықса, яғни, әлгі сұрақтарға орай аттары аталатын билердің, батырлардың, байлардың қабілет-қарымдарына жеті бидің көңілі толса, мұнан әрі енші алып, жеке ру болып шығудың киелі рәсімдерін жасауға рұқсат етілген. Әрине, жай ғана рұқсат етіліп қоймаған. Алдымен, енші беруші іргелі рудың басие адамдары мен енші алып шығатын әулет-атаның басие билерін, батырларын, байларын жинап, алқақотан отырғызып, ел болуға, бірлік-пәтуаға қатысты ақыл-өсиеттерін айтқан. Өткен-кеткен өмірдің ұлағатты істерін өнеге етіскен. Сонан соң, тілек-баталарын берген.
Мұнан әрі, алдын ала дайындалған боз сойылып, іргелі ру мен енші алып шығатын рудың басие адамдары анттасып, боз биенің қанына бармақ батырысқан. Қанға бармақ батыру барысында «Тегіміз бір, намысымыз ортақ!» «Тірлігіміз шығар биігіміз бір болсын, өлсек жатар орнымыз бір болсын», «Өркеніміз өсіп, өрісіміз кеңейсін», «Тәңірім бірлік-пәтуаны нәсіп етсін!» дегендей тілектер айтылған. Бұл екі арада қанға бармақ батырысқан кісілердің алдына ала арқан тасталып, бұл арқаннан енші алып, жеке ру болып бөлініп шыққан жақтың адамдары ғана аттап өтетін болған. Міне, осы сәттен бастап, ала арқан аттағандар еншісі бөлек ру болып есептелген. Қазақ тілінде «Біреудің ала жібін аттамаған», «Ала жіп аттамау» деп келетін тұрақты тіркестердің астарында, осындай рәсіммен байланысты, «біреуге жаттық мінез көрсетпеген» дегендей де мағына бар.
Енші бөліп, жеке ру шығару рәсімі мұнымен шектелмеген. Мұнан әрі бөлек шыққан рудың құрамына тиесілі әулет-аталар хабарланып, қоныс-тұрақты жарияланып, ен-таңбалары айғақталған. Мұнан былай өмірдің қызығын да, шыжығын да бірлесіп қарсы алған. Бірі үшін бәрі, бәрі үшін бірі жауапты болған. Сондықтан, әрбір адам өз қара басының намысынан гөрі ру намысын жоғары қойған. Дәл сол сияқты, ру да өз аясындағы әрбір жеке адамның жоғын жоқтап, намысын қорғау арқылы рулық беделі мен мәртебесі асқақтата алған. Кейінірек, бізді басып алған орыстар «Один за всех, всех за одного» деп сандырақтап жүргенін біреу білсе, біреу білмес.
Қазақ халқының дәстүрлі ру-тайпалық жүйесі мен сол жүйеге орайласа қалыптасқан потестарлы-саяси құрылымы, әсіресе, 1868 жылғы уақытша ережеден кейін бұрынғыдан бетер қожырап, ендігі жерде ру-тайпа аясынан жаңа ру бөліп шығару үрдісі мүлде мүмкін болмай қалды. Өйткені, қазақ халқы алғаш рет Ресей отарындағы ел ретінде ресми түрде жерге деген иеліктен айырылды. Бұл ережеге мойынсұнбағандарды бұзақы-қылмыстылар ретінде әскер күші аяусыз қырғынға ұшыратты. Ал, елі мен жері үшін басын бәйгеге тіккен есіл ерлер әскери соттың үкімімен ату жазасына кесілді. Сібірге айдалды, абақтыда өмірлері өксіді. Қазақтың желдей еркін рухтағы атпал азаматтары Мәди Бапиұлы айтқандай «Қызығын көре алмадым атқан таңның!» деп, абақтының тар қапасында күңіренді. Ең сұмдығы, Ресейдегі саяси, әлеуметтік және идеологиялық платформалардың өзгергеніне қарамастан, қазақ халқының тарихи мүддесін аяққа таптаған 1868 жылғы уақытша ережедегі негізгі ұстанымдар 1991 жылға дейін еш өзгерместен қатаң сақталды.
Отаршылдық мүдде орнықтырған қоғамдық-әлеуметтік құрылым мен диктатуралық режим үстемдік құрған ортада дәстүрлі енші институтының сақталып қалуы мүмкін емес еді. Осылайша, жеті атаға толған әулет-аталардың іргелі рудан енші алып, өз алдына дербес ру болып шығатын дәстүрі тоқтады. Нәтижесінде, бұрын «руластарымен бірге у ішетін» қазақ, енді сол руластарының үстінен арыз-шағым жазып, отаршыл әкімдерге жағынуды әдетке айналдырды.
Ұлт тағдыры жаттың құзырына тап болғанда этностың іштен іритін әмбебап заңдылығы қазақ қоғамын да аз уақыт аясында індеттей жайлап үлгерді. Бұл ретте, дәстүрлі қазақ қоғамындағы ру-тайпалық жүйені жарастырып отыратын еншілестік институты сияқты тегеурінді тетіктер отаршылдық жүйенің ең алғашқы құрбаны болуы заңды еді. Отаршылдық билік үстемдік құрған соң қазақ ру-тайпаларының ішіндегі бірлік-пәтуаның берекесі кетіп, быж-тыж болған қасіретті халін кемеңгер Абай Құнанбайұлы қан жылап отырып жазған.
«Байды қадірлейін десең, бай жоқ...ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр...
Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ. Біреулер к...не құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр...
Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ.
Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ..
Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ар-ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ... Есіл дерті қулық, сұмдық, парақорлық, алдау мен арбау амалға елдің бәрі де есті. Жә, кім болуға тырысайық, кімнің тілеуін тілейік?!.». Осы сөздер әлі күні өзектілігін жоғалтпаған.
Ақаңның бірақ ауыз сөзі құлағымнан жаңғырып жазуыма шабыт береді де тұрады, өмір бақи ұмытпайтын шығармын. Ол «Шәмшінің немересі мені мұқият тыңдап ал, кім не десе, о десін сен мән берме, ізден, талпын, тырыс, мақсатыңа жету үшін аянбай тер төк, мен 67-мін, сен 32-сің арада 35 жыл уақыт бар. Менің жасыма келген кезіңде дәрежең менікінен, жоғары болмаса төмен болмайды. Өйткені, қазіргі өмірдің өзі көрсеткендей, адам баласы өте жылдам өзгеріп бара жатыр». Мұндай адамға шабыт беретін сөзді әкем Кеңес айта алмай 8 маусым 2001 жылы о дүниелік болып кетті.
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты