АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АРМАНЫ...

 

  Өткен ғасырдың басында қазақ даласында мемлекетшілдік ұраны оянды. Сан ғасырға жалғасқан отаршылдық бұғаудан босанудың қам-қарекеттері басталды. Осы баянды істің басында қазақ оқығандары тұрды. Олар сол дәуірдің ең озық дәрісханаларында білім алды. Атап айтқанда: Қазан университетін бітірген Ахмет Бірімжанов, Мұхамеджан Қарабаев, Садық Аманжолов, Иса Қашқынбаев, Шафқат Бекмұхамедовтер, Петербург университетінің түлектері: Бақытжан Қаратаев, Бақыткерей Құлманов, Барлыбек Сыртанов, Жаһанша Сейдалин, Айдархан Тұрлыбаев, Жанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Санжар Асфендиаров, Халел Досмұхамедовтер еді. Осылардың барлығы «Алаш» туы астында бірікті.

  Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі болшевиктер ұсынған кеңестік даму бағытымен қатар дүниеге келді. Сондықтан да Ресейдің байырғы отарлау саясатын ұстанған коммунистермен «бір қазанға» бастары сыйған жоқ. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев Алаш арыстары басшылыққа алған ұлттық даму бағыты жайында: «… олар қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Ең негізгісі, бұл жол қазақ еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол еді» – деп жазады.

  Сол сияқты Алаш партиясының қатарына қандай адамдар қабылданады деген пікірге байланысты «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 253-інші санында: «Партияның программасын  жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді  іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі мүшелікке қабылданбайды» деп, нақпа-нақ көрсеткен.

  1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары кейбір нормалық қағидаттардың толымсыздығына қарамай жеке мемлекет құрудың, автономиялы республика орнатудың  қажеттігін толық түсінді. Осы жолда қандай қиындыққа тап болса да қажымай еңбек етті. Мұндай мүмкіндік ғасырда бір туатынын бағамдай алды. Олар қазақ халқының аузын аққа жеткізіп, басына бұғауланған бодандық ноқтасын сыпырып тастау өздеріне берілген міндет деп ұғынды. Әлихан Бөкейхановтың: «Әр ұрпақ  өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» дегенін, бүгін біздер көрегендік демей не дейміз. Сол сияқты Алаштың тағы бір ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың тергеушіге айтқан мына сөзіне қараңыз: «… Менің идеалым қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі игілікті дамудың алғышарттары болғандықтан мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз етсе соған ризамын» – депті.

  Осы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің шаңырағы астына біріккен ұлт зиялылары  шын мәнінде қазақ ұлтының тарихында қайталанбас тұлғалар еді.  Бірақ заманның қилы-қилы өзгеруіне орай олар небір қиын күндерді бастан кешірді. Ақыры бәрі дерлік атылып тынды. Шақит кетті. Дәл осы адамдардай қазақ халқына адал һәм есепсіз қызмет ететін ұрпақтың шоғыры туар яки тумас.

  «Жақсының хаты өлмейді» дегендей Алаш мұралары біздің ұлттық қазынамызға айналды. Тағы да Ахаң айтқандай: «Адамдықтың егінін шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың…». Дәл осында айтылғандай Алаш идеясы, мұрасы, еңбектері, өсиеттері құл халықтың көзін ашпаққа керек.

  Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев өзінің көп жылғы зерттеу нысанасына Алаш көсемдерінің әрекетін саяси  және тарихи тұрғыдан қарастырып келген ғалым.  Осы кісінің айтқанына қарағанда Алаш идеясына топтасқан ұлтшыл зиялыларды Кеңес билігі қатаң бақылаудың  астында ұстағаны соншалық ОГПУ бір жылда 4 дүркін  Сталинге есеп беріп отырған. 1922 жылы Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге алып барып, ешқайда шығармай ұстаған. Жөнді жұмыста бермеген. Сол кезде ел астанасы Қызылордаға жиналған қазақ зиялылары Әлекеңе ортасынан қаржы жинап жіберіп тұрған. Біз бұдан не ұғамыз?. Біріншіден, Алаш жолында басын бәйгеге тіккен арыстардың азаттық жолында құрбандықтан қорықпағанын көреміз. Екіншіден, Кеңес билігіне қызмет етіп жүрген  ұлт зиялылары да Алаш арыстарына  бүйрегі бұрып тұрған секілді.

  Осы орайда, «Алаш арыстарының күрес жолындағы мақсаты не?» деген заңды сұрақ туады. Олар әуелі, ұлттын отаршылықтан  босатып, орта ғасырлық мешеуліктен құтқармақ болды. Мысалы: Ахмет Байтұрсыновтың, мешеу, мәдениетті төмен жұрт аңқау, ақ көңіл, алданғыш, сенгіш келеді, деп айтуында үлкен мән жатыр.

  Екінші сұрақ:  Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі  ұсынған ұлттық идеяның негізгі ұстанымдары қандай болды?. 1. Олар таптық бөлінуді (бай, кедей, орташа) қолдамаған. 2. Жерді сатуға қарсы болған. 3. Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі  деген. 4. Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол алдымен қазақтың үстінен табылсын! 5. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын!. 6. Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын!

  Міне бұл  ұстанымдар осыдан 90 жыл бұрын Алаш арыстарының  бағдары болған. Бұл бағдар арман күйінде қалды. Қазіргі тәуелсіз еліміздің мемлекеттік идеясының іргетасы осылай болуы керек сияқты.

  Үшінші сұрақ: Егер Алашорда үкіметі орнап, Алаш идеясы іске асқан жағдайда қазақ халқы үшін қандай игілік болуы мүмкін?. Тағы да ғалымдардың пікіріне сүйенсек: 1921-22 жылдары аштықтан 1 млн. 758 мың қазақ қырылып қалмас еді (осы дерек әлі айтылмай келеді). 1931-32 жылдардағы аштық болмас еді. Қазақ ұлттының рухы дәл осылай құлдырамас еді. Қазіргі дүбәрә тілді трикомедиялық жағдай қалыптаспаған болар еді.

 

                                                                                              Бекен Қайратұлы

                                                                                              «Намыс.kz»