ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚ АЛФАВИТІ ҚАЖЕТ
Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері, бүгінгі қолданыста жүрген кириллицадан латынға, немесе араб алфавитіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер біресе жиі, біресе саябырси айтылып келеді. Біраз жыл бұрын, бір үлкен лауазым иесі газет тілшісінің: «латын алфавитіне көшу керек пе?» деген сұрағына: «өз басым көшу керек деп ойлаймын, бірақ бұл мәселе жөнінде көпшіліктің не дейтінін білу керек» деп жауап бергені есімде. Сол, сол-ақ екен, әлгі биік лауазым иесінің жауабының бірінші жартысын басшылыққа алып «көшпесек болмайды» деушілер мерзімді басылым беттерінде өз пікірлерін көптеп білдіре бастады. Бірақ, мәселенің шешімі бедел мен сезімнің күшімен іске аспайтыны баяғыдан белгілі. Сондықтан біреулерге оп-оңай болып көрінетін осы бір күрделі мәселе жөнінде «жоқ» не «иә» деуге асықпау керек.
Қазіргі қолданыстағы кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит. Бабаларымыздың өздері ойлап тауып қолданысқа енгізген, пайда болғанына екі жарым мың жылдан астам уақыт болған байырғы түркі алфавитінен басқасының бәрі, қазаққа күштеп енгізілгені белгілі. Бұл кездейсоқ болған жоқ. Араб жазуын қазақ даласына ислам таратушы арабтар әкелді. Латын және кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мақсат – алфавитке көшіру арқылы қазақтарды рухани есеңгіретіп, халықтық болмысынан айырып, мәңгүрт халық етіп алдарына салып айдап өз дегенін іске асыру еді. «Ресей қоластында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер емес-ті.
Алфавиттерді бірнеше рет ауыстырып қазақ сияқты тұтас халықтардың жағдайын «жөндеуі» большевиктердің бұрыннан ойластырылған саяси әрекеті екенін басқа ұлт өкілдері де растайды: «Достаточно вспомнить о проведенных по личному решению Сталина переводах с арабского на латинский, а затем и кириллический алфавит языков Средней Азии, что не могло не привести к определенным потерям». Бұл сөздің иесі профессор М.Всеволодова («Правда» газеті, 1989, 6 наурыз).
Қалай болғанда да Кеңес үкіметі басындағылардың әрекеттерінің тамыры тереңге бойлап, біршама жетістіктерге жеткізгені де белгілі. Одан арылу да оңайға түсіп тұрған жоқ. Оны күніге өздеріңіз де байқап жүрсіздер. Алфавит алмастыру атты өте күрделі мәселені шешу былай тұрсын, қазақтар әлі күнге дейін өз аты-жөнін қазақша жазуда ортақ пікірге келе алмай жатыр. «Алдыңғы дөңгелек қайда барса, соңғы дөңгелек солай барады» деген сөз бар. Ел серкелері есептелетін белгілі тұлғалар тегін «ОВ», «ЕВ» деп орысша жазудан танбай келе жатқанына еріп, аты-жөндерін орыс халқының өкілдері сияқты жазып жүрген қазақтар қаншама! Осы жағдайды көріп отырып қазақ қайда, басқа алфавит қайда демеске амал жоқ?!
Жалпы, алфавитті ауыстырайық деушілер тарапынан небір ойлар айтылды, әлі де айтылуда. Бірнеше тілді еркін меңгерген бір жазушы: «Латын алфавитіне өту қазақ халқының даму барысын сөз жоқ кері шегіндіреді, бірақ сонда да көшу керек» деді... Өзім сыртынан сыйлап жүрген қаламгердің бұнысына қатты таңқалдым. Егер латын алфавитіне өту қазақ халқының даму барысын кері шегіндіретін болса, ол алфавитке өтудің керегі не?
Латын алфавитіне көшуді жақтаушы тағы біреулер: «Сөйткен күнде техника тілін меңгеру оңайланады» – дейді. Техника дегенде ең алдымен, компьютер қолдану мәселесін алға тартады. Осы жерде өзінен-өзі мынадай бір сұрақтар туындайды: Сонда техникасы дамып, шеберлігін бүкіл дүние жүзі мойындаған «SONY», «HONDА» және басқа да алпауыт компаниялары бар Жапония өз төл жазуын, жапон иероглифтерін компьютерлерінен алып тастап латын алфавитіне көшуі керек пе, экономикалық дамуда әлем елдерінің алдыңғы қатарында болғанының арқасында әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізген Қытай да өз жазуынан бас тартуы қажет пе? Әлде өз алфавитінен бас тартуды қаперіне де алмайтын Жапония мен Қытай елдерінің басшылары соншалықты ақымақ па?
Басқа алфавитке көшуді жақтаушыларға қойылатын тағы бір сұрақ: «Басқа алфавитті енгізуге, атап айтқанда оқулықтарды сол жазудың әріптерімен басып шығаруға, ол алфавитті пайдаланып сабақ бере алатын мұғалімдері дайындауға, сол алфавит әріптерімен қазақша жазылған компьютерлік бағадарламаларды дайындауға арналған нақты жоспар және оны іске асыратын мамандар мен қыруар қаржы бар ма?» Егер бұның бәрі жоқ болса, онда бұл әшейін даурықпа әңгіме. Ал, ондай әңгіменің кімге қажеті бар?
Жалпы, бұл мәселені көтеріп көпшілікті алаңдата беретіндерге қоя берсе сұрақ көп. Сонымен алфавитті өзгерту, жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан баладай мемлекетке үлкен ауыртпалық әкелері сөзсіз. Жиырма жыл мемлекет дамуында өте аз уақыт. Сондықтан нарыққа енді-енді бой үйрете бастаған елге «басқа алфавитке көшейік» деу, буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей. Алфавит өзгерту мәселесі мемлекетте тұратын бүкіл халықтың саналық деңгейде бір мәмілеге келуін талап етеді. Ондай бүкілхалықтық сана менімше әлі қалыптаса қойған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан халқының басым көпшілігі тұрмыстық жағдайын жақсартуды ең басты мәселе етіп отыр. Сондықтан да алфавит алмастыру мәселесі болашақтың еншісінде екені сөзсіз.
Бірақ, ерте ме кеш пе бұл сұраққа бүкілхалықтық деңгей жағдайында жауап беруге тура келеді. Сондықтан дайындықты бүгіннен бастаған жөн.
Өз басым қазақ халқы мемлекетінің жазуымен мақтана алатын болуы қажет деп есептеймін. Ал қазақтар латын немесе араб алфавитін өзіміздікі деп мақтана алмайды. Себебі қазақтар латын да емес, араб та емес тәуелсіз мемлекеті бар жеке ұлт. Әлем тарихы атты кең алқапта өзіндік орны бар халық.
Бүгінгі қазақтардың бабалары Сақтар, Ғұндар және байырғы Түркілер (түріктер емес – Б.О.) әлем өркениетіне өз қал-қадірінше әсерін тигізге білгенін тарих ғылымы нақты дәлелдеді. Қазақ халқының бабаларының басқа халықтарға тигізген әсері турасында көптеген дәлелдер келтіре аламын. Бірақ, оқырманның уақытын ысырап еткім келмегендіктен Норвегияның атақты саяхатшы-ғалымы Тур Хейердалдың 2001 жылы Астана қаласында өткен «Ежелгі Түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының қатысушыларына жолдаған хатынан үзінді келтіруді жөн санадым: «Мен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің
10 жылдығына арналған «Ежелгі Түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына құрметті қонақ ретінде ізгі ниетті шақыруы үшін Қазақстан Республикасы Үкіметіне шын пейілден алғысымды білдіремін.
Маған берілген мүмкіндікті пайдаланып, осы ғылыми конференцияға қатысушыларға өзімнің ыстық сәлемімді жолдаймын. Мен байырғы түркі өркениетінің ежелгі өркениетті дамытуға және таратуға тигізген ықпалының қаншалықты маңызды екенін толық сезінемін, сондай-ақ тіпті Еуропаның басқа бөлігінде орналасқан менің отаным Норвегияда да, қазіргі уақытта танылған қандай да бір өркениеттердің ішінен түркі мәдениеті ықпалының өте күшті болғанына сенемін» («Ежелгі Түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. «Ғылым» баспа орталығы, Астана қ. 2001 ж. 89-бет).
Бабаларымыздың ұлы істерін бүкіл әлемге белгілі ғалым Тур Хейердал мойындағанда, бүгінгі ұрпақтары қазақтар бабаларының ойлап тапқан жазуы, Сақ, Ғұн мемлекеттерінде және Түркі қағанатында кеңінен қолданыста болған алфавиттен неге бас тартуы тиіс?!
Белгілі ғалым Олжас Омарұлы Сүлеймен жоғарыда аталған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген сөзінде: «Байырғы Түркі алфавиті латын және классикалық грек алфавиттерінен және Библия мен Тора жазылған уақыттан көп бұрын пайда болған» деп айтты. Сонымен қазақ халқы ғылымда «Байырғы Түркілердің руналық сына жазуы» деп аталатын алфавиттің мұрагері. Демек, бүгін тәуелсіз қазақ халқының алдында бабалар жазуын қолданысқа енгізіп тірілту арқылы тарихи әділеттілікті орнату міндеті тұр. Бұл бас тартуға болмайтын тарихи міндет.
Осы жерде бабалар жазуының компьютерлік жобасын Алтынбек Шәріпбай атты азамат 2011 жылға дейін жасап қойғанын айта кету керек деп санаймын. Өз ата-бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған, төл алфавитімізге көшуге дайындалу жұмыстарын кешіктірмей, мемлекеттік деңгейде жүргізу керек. Әрі мұндай дайындықтың көп адами күш-жігерді және қыруар қаржыны қажет ететінін ұмытпаған жөн. Осы бір күрделі жұмысты іске асыру барысында еврей ұлтының байырғы жазуы ивритті қалпына келтірген тәжірибесімен мұқият танысқан жөн. Және бұл іс асығыстықты көтермейтінін ескере отырып, төл алфавитімізге көшуді бастайтын мезгілді алдын-ала меже ретінде айқындау қажет. Меніңше дайындық жұмыстары 2050 жылға дейін төмендегіше жүргізілуі тиіс:
Бірінші – мемлекеттік деңгейде бабаларымыздың байырғы жазуын бүкіл халыққа танымал ету мақсатында іс-шаралар жоспарын жасап оны іске асыру керек; Екінші – бұған қанша ақша керек екенін есептеп, қаржының үздіксіз бөлінуін қамтамасыз ету; Үшінші – сол алфавит негізінде сабақ бере алатын оқытушыларды және басқа да мамандарды дайындау; Төртінші – өзіміздің төл алфавитіміз негізінде мектеп оқулықтары мен басқа да басылымдарды басып шығаруды жолға қою; Бесінші – бабалардың алфавитін сыныптан бастап ана тілі ретінде үйретуді бастайтын жылды белгілеп көпшілікке жеткізу; Алтыншы – байырғы түркі жазуы мерекелерін жыл сайын мемлекеттік деңгейде өткізу т.б.
Сонымен, Қазақстандай үлкен мемлекетте алфавит алмастыру ісі оңай шаруа емес екені кімге болса да түсінікті екені шындық. Және менің бұл ұсынысыма қазақтың көкірегі ашық азаматтары өз ойларын қосар деп ойлаймын. Қалай болғанда да бұл іс асығыстықты көтермейді. Себебі, бабалар жазуын тірілту атты ұлы мақсатты іске асыру, ұлы да тарихи міндет.
Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы