Қазыбек Иса. КОРОНАВИРУСТЫ ДА, ҚҰЛДЫҚ ВИРУСТЫ ДА ЖЕҢЕМІЗ!
2020 ж. 17 сәуір
8201
0
ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАҒАНДАР 60 МЫҢ ҚОЛДАН АСТЫ! АҚСАРЫБАС!!!
Қазір қоғамдағы коронавирусты жеңуден де зор, ең басты мақсат- Мемлекеттік Тіл туралы заңды талап ету болып тұр! Қазақ тілін қолдап бір аптадай уақытта 61 678 қол қойылды! Бұл бұрын-соңды тарихта болмаған, бұрынғы межелерден 450 еседей көп зор рекорд! Бұл үшін әрбір қол қойған және осы қасиетті істе қайрат көрсеткен Қазақтың қайсар қырандарына, барлық атпал азаматтарға зор тағзым, шексіз алғыс!
Алашқа Алла жар болсын!
2017 жылы еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек,Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған 118 ұлт зиялысы бастап қол қойған Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатты биыл бір аптадай бұрын 9 сәуірде Фейсбук парақшамызда қайта жариялап едік, қалың елдің қатты тасқындай қайратты қолдауына ие болдық! Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында Ашық хатты жарты миллионнан астам, 503 686 адам оқып, 1000-нан аса пікір жазылып қолдау білдіруде. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.
Ұлттық мүддені қорғауға әрине, Ұлт зиялылары да өз үндерін қосуда!
"Мемлекеттік тіл де, Ұлтаралық қатынас тілі де, Ресми тіл де тек Қазақ тілі болуы керек! Басқа тілдерді тықпалауға болмайды енді! Мемлекет басшысы халықтың талабымен санасып, оң шешім қабылдайды деп сенеміз!
Ал Ұлттық мүддемізді – Мемлекеттік тіліміз туралы заңды талап еткен Ашық хатты қолдамағандар, қол қоймағандар қазақ емес!"
Бұл тегеурінді ақын Темірхан Медетбектің темірдей түйіні!
Ал белгілі жазушы Бексұлтан Нұржеке: "Кейде мен, өз басым, Қазақ мемлекетінде тұрамын ба, тұрмаймын ба деп күдіктенемін?!. Өйткені, Мемлекет басшысы да, Үкімет, облыс, аудан басшылары да, тіпті, аудан-ауылдың әкімдеріне дейін бәрі орыс тілінде сөйлейді, орыс тілінде тапсырма береді. Қыл аяғы, телеарна, радиоларымыздың көбі орысша. «Хабар24» телеарнасын қосып қараңыз, «Ресей24» арнасын қараңыз, еш айырмашылық жоқ. Бұл тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған мемлекетке лайық емес."-деп ашық наразылығын айтуда.
Белгілі жазушы-драматург, тіл мәселесін өткір көтеріп жүрген қоғам қайраткері Смағұл Елубай: "Еліміздің көптеген саласында қазақ тілінің иісі мұрнына бармайтын мамандардың отырғаны – халықтың ашу-ызасын туғызып, зығырданын қайнатты. Ендігі қадам – мемлекеттік қызметкерлерден жаппай мемлекеттік тіл емтиханын алу керек. Отыз жыл бойы мемлекеттің басты тілі – қазақ тілін үйренбегендер өз орнын босатып, қазақтың тілін де жанын да ұғатын басқа да білікті мамандарға жол беруі керек!"-деп ащы шындықты жайып салды.
Бұрын Қазақ тілі десе -жаудың тілін айтып жатқандай жаны шығып, қарсыласа кетуге дайын тұратын орыстілді қазақтарымыз бұл жолы қоғамның толқып тұрғанын азаматтық түйсікпен сезе біліп, Заңды талапқа қолдау көрсетіп жатыр.
Ауыл шаруашылығының экс вице-министрі, өз пікірін ашық айтып отыратын қоғам қайраткері Марат Толыбаев та: "Поддерживаю инициативу по лишению русского языка особого статуса «языка межнационального общения».
Он должен быть обычным иностранным языком, таким же как украинский, белорусский, татарский, чеченский и т.д.
В нашей стране должен быть только один государственный и официальный язык – казахский.
Лазейка с «языком межнационального общения» позволяет обходить казахский язык в государственных органах и тормозит его развитие. Поэтому все госчиновники на официальных мероприятиях должны говорить и писать только на казахском языке"-деп, Қазақ тілінің мемлекеттік және ресми статусын қолдауда.
Бұл әлі де аяқтан шалғысы келіп жүрген "Аңқау елге Арамза болда" болып жүрген "тіл үйреткіштерге" жақсы сабақ болды. Марқасқа Марат бауырымызға рахмет, Алла жар болсын!
Иә Тәуелсіз мемлекеттің мемлекеттік тіліне өзге тілдерді тықпалап, елдің төзімімен ойнауға болмайды енді
Белгілі журналист, Қазақстанның Ақпарат саласы үздігі Зейнолла Абажан тауып айтқандай, "Қазір қоғамда ел қатты кірісіп жатқан екі тізім бар. Бірі -42500 теңгенің тізімі, бірі -Қазақ тілін қолдаушылар тізімі!"
Иә, елге нан қалай керек болса, Тіл де солай керек!
Нанның тізіміне қосылған ағайын, Тілдің тізіміне қосылдыіыз ба?!
Өйткені, "Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын" деген Намысын нанына биік қойған қайсар Қазақпыз! Қылышынан қан тамған кешегі Кеңес империясының кезінің өзінде 1986 жылы Желтоқсанда халықты алаңға алып шыққан қарынының ашқаны емес - Ұлттық Намысы! Ал біздің қадіріміз -Қазақ тіліміздің қадірі қашқанына 30 жыл болды!
Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауға қарсылар мемлекеттік қызметте, билік бұтақтарындағы шешуші жауапты лауазымдарда әлі көп! Өз қара басы үшін халықтың заңды талабына, мемлекеттік мүддеге кесір-кесепатын тигізетіндер тек билікте ғана емес, қоғамда да аз емес. Олардың басым бөлігі әдеттегідей өзіміздің өзгетілді қазақтарымыз.
Сондықтан әдеттегідей көптеген кедергілер жасалуда және жасала береді.
Осындай Тілдегі құлдық вирустан құтылмағандар сайтқа вирустық шабуыл жасап жатыр! Бір адамды қатарынан бірнеше рет жіберу, қайтыс болып кеткен белгілі тұлғалардың атын жазу тб арандатушылардың кесірінен 20-30 мыңдай дауыстан айырылдық! Әйтпесе, бүгінде 100 мың қолға жақындап қалар еді...
Мейлі, соның өзінде Қол қойғандар саны 60 мыңнан асты! Күніге 10 мыңнан кем болмай тұр! Осы қарқыннан қайтпайық, арыны айбатты, қарымы қайратты халайық!
Әлемді жайлаған короновирусті де жоямыз, Тәуелсіз елімізде 30 жылдан бері жүрген құлдық вирустан да құтылармыз!
Қазақ Елі аман болсын ең бастысы!
Серіппені басқан сайын, қайта қатты серпіледі! Ұлттық мүддеміз -Қазақ тілін -Мемлекеттік тілді - Мемлекеттіік мүддемізді талап еткен Қазақ Елінің қайтпас күрескерлері қай жақтан болсын қаншама шабуыл, тосқауылдар, қатты қысымдар болса да, қайта ширығып, қайралудан қайрат жинап, қарқынды қарекетін күшейте береді! Сертке суарылған семсердей, серпінін таныта береді деп сенеміз!
Алға қойған айқын мақсатқа жету үшін халықтың осындай қамал бұзар қатты қарқыны, қайрат танытар біртұтас бірлігі керек!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Халыққа алғашқы жолдауында: "Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек" деп мәлімдеді!
Мемлекет басшысы Мемлекеттік тілді қолдап тұрғанда, Мемлекеттік тіл туралы заңымызды қабылдап алуымыз керек халайық!
Бәріміз де Қазақ тілі үшін Қайрат-жігер танытайық!
Қазақтың Тілі мен Жерін сатпай, сақтай білу - әрқайсымыздың қасиетті парызымыз!
СІЗ ТІЛДІ ҚОЛДАП, НЕШІНШІ БОЛЫП ҚОЛ ҚОЙДЫҢЫЗ?
Қазақтың қазіргі амандасуы осылай болуы керек!
Алаш Еліне Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА
СІЛТЕМЕЛЕР:
Мемлекеттік тіл туралы заңды қолдап, ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН "Қазақ үні" сайтының сілтемесіне өтесіздер:
https://qazaquni.kz/2018/09/05/65363.html
Қол қою үлгісін түсінбесеңіздер, қазақ тілін қорғаушы қайсар күрескер Оғыз Доған бауырымыздың ютуб арнасынан ВИДЕО/НҰСҚАУ көре аласыздар:
Қазақ тілін қорғап, қолдау жасап жатқан "ТАРИХ ОНЛАЙН" арнасы тарландарына да мың алғыс!
- Смағұл Елубай
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
- Сабит Досанов
- Мемлекеттік тіл туралы заң
- Мекемтас Мырзахметов
- Әбдіжәміл Нұрпейісов
- Өмірзақ Айтбаев
- Камал Ормантаев
- Бексұлтан Нұржекеев
- Төрегелді Шарманов
- Асанали Ашимов
- Ұлықбек Есдәулет
- Қабдеш Жұмәділов
- Темирхан Медетбек
- Қазақ тілі
- Мемлекеттік тіл
- Амангелді Айталы
- Дулат Исабеков
- Нургали Нусипжанов
- Qazybek ISA
- Ғаббас Қабышев
- Исраил Сапарбай
- Төлен Әбдік
- Марат Толыбаев