Алматы облысында індетке қарсы ауқымды жұмыстар атқарылуда
2020 ж. 16 сәуір
1735
0
Аумағына 17 аудан және 3 облыстық бағыныстағы қала кіретін Алматы облысы еліміздегі ең ірі облыстардың бірі екені мәлім. Осынау республикадағы маңызы зор облыс тізгінін ұстаған Амандық Баталовтың іскерлігінің арқасында бүгінгідей іл ішіне індет тарап, дағдарыспен бетпе-бет келген тұста аймақта ауқымды тірліктердің атқарылып жатқаны халықтың көңіліне демеу болып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Осы тұста Алматы облысына арнайы ат басын бұрып, аумақта жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстармен жете танысып қайтудың сәті түскен еді.
КАРАНТИН – ҚАЛЫПТЫ ӨМІР МЕН ТЫНЫШТЫҚ КЕПІЛІ
Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерін әлекке салған коронавирус дерті республикамыз бойынша 1275 адамнан анықталса, олардың 24-і Алматы облысынан. Облыс бойынша 6-шы науқастың жазылып үйіне оралу да жағымды жаңалықтың бірі.
Осынау індетті ауыздықтау мақсатында еліміздің өзге де аймақтарындағыдай, Алматы облысында да тынымды тірліктер атқарылуда.
Халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Алматы облысының бас санитары Қайрат Баймұхамбетовтың қаулысымен аймақта 15-ші сәуірден бастап, карантин енгізілді. Көрші облыстармен, облыстағы қалалар мен аудандардың шекарасында блок бекеттер орнатылып, әуежай, аудандық, қалалық автовокзал, автостанциялардың жұмысы тоқтатылды. Ресми такси қызметінен басқа жолаушылар тасымалына тыйым салынды. Азық-түлік сататын дүкендерден басқа сауда орталықтары, бизнес орталықтар, интернет және компьютер клубтары, азық-түлік емес базарлар жұмысы мен жәрмеңке өткізу, көшеде саудалау барлығы түгелімен өз жұмысын тоқтатты. тоқтатылады. Сонымен қатар, балабақшалар, адамдар көп шоғырланатын жерлер, діни бағыттағы нысандар жабылды.
Карантин – халықтың қалыпты өмірі мен тыныштығының кепілі. Бұл Covid-19-бен күрес барысында өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Облыста карантин ережесін дұрыс сақтау мақсатында блокпосттар жұмысы күшейтілген режимде өз жұмысын жалғастыра бермек.
Сонымен қатар, 13 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданында індет жұқтырған 11 адам тіркелген болатын. Аталмыш ауданға қарасты, Рахат ауылдық округінде «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын Адам» саяжай массивтері коронавирус инфекциясына байланысты карантинге жабылған-ды. Вирустың таралуына жол бермеу мақсатында аудан аумағында шектеу шаралары күшейтіліп, саяжайларға кіру және шығу жолдарына 3 блокпост қойылды. Посттарға полиция қызметкерлерінен 40 адам, 6 медицина маманы тартылған. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданының аумақтық қорғаныс ротасының жеке құрамынан арнайы әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер қатарындағы 45 адам аталған саяжайларды қоршауға тартылды.
Республика бойынша төтенше жағдайдың сәуір айының аяғына дейін созылуына орай Алматы облысындағы блокпосттар күшейтілген режимде жұмыс істеуін жалғастырады. Сол сияқты дезинфекциялық шаралар қарқынды түрде жүргізіліп, коронавируспен күрес шараларына тартылған тиісті мамандарды жеке қорғаныс құралдармен үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары жалғаспақ. Осы және өзге де маңызды мәселелерді қозғаған аудан, қала әкімдерімен, облыстық басқарма басшыларымен өткізілген селекторлық жиын барысында облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
Облыс аумағана енгізілген карантин барысында халықтың қауіпсіздігіне қатысты барлық саланың жұмысы күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ. Халықтан талап етілетін нәрсе – ережеге бағынып, карантин талаптарын сақтап, үйден шықпай отыру ғана болып отыр. Сонда ғана, еліміз барлық қиындықты еңсеретіні сөзсіз.
ВИЦЕ-МИНИСТР: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БАСҚА ӨҢІРЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛА АЛАДЫ
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тікелей бастамасымен бүгінгі күні денсаулық саласында қыруар шаруа атұарылып жатқанын көз көріп жүр. Күні кеше Алматы қаласына ат басын тіреген министрдің орынбасары Камалжан Надыров бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтағы медицина саласының хал-ахуалымен толығырақ танысты.
Осынау сапарының барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ және облыстың бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовпен бірге Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарындағы бірқатар медициналық мекемелердің жұмысымен танысып, оң бағасын берді.
Іле аудандық орталық ауруханда Камалжан Надыров коронавирус инфекциясының (COVID-19) алдын алу және індетке қарсы тұруға қажетті ресурстарды, ұжымның індетпен күрес шараларына дайындығын көрді.
Бұдан соң министрдің орынбасары Камалжан Надыров Қарасай ауданында аудандық орталық аурухана мен оның инфекциялық бөлімінің жұмысымен танысты. Аурухананың қабылдау бөлімінде, перзентхана бөлімінде, изолятор мен фильтр бөлмелерінде болып, ондағы медицина мамандарының қал-жағдайымен танысты. Сондай-ақ, вице-министр аурухананың инфекциялық бөлімінде болып, коронавирус инфекциясымен ауырған науқастардың жағдайы туралы анықтап білді.
Іссапар Еңбекшіқазақ ауданында жалғасып, мұнда ресми өкілдер ең алдымен «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын Адам» саяжайларының маңына қойылған блокпосттардың жұмысымен танысты.
Камалжан Надыров Еңбекшіқазақ ауданындағы ауданаралық көп салалы ауруханаға бас сұғып, мекемеде халықпен байланыс барынша азайтылғанына көз жеткізді. Сондай-ақ, дәрігерлердің қауіпсіздігіне баса назар аударылғанына көз жекткізді.
Медицина мамандарын орналастыру үшін санаторий дайындалған, мұнда оларға демалып, ұйықтап, жұмысқа қайта кірісуге күш жинап алуға мүмкіндіктер жасалған.
Жетісу өңіріне жасаған сапарының соңында Камалжан Надыров Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министрінің қойып отырған басты міндеттерінің бірі – медицина мамандарының еңбек жағдайының сапасын арттырып, қауіпсіздігін барынша күшейту екенін атап өтті.
– Коронавируспен ауырған әрбір төртінші-бесінші адамның медицина қызметкері екендігі бізді қатты алаңдатып отыр. Сондықтан, Алматы облысын аралау барысында біз нұсқаулық бойынша түсіндіріп, атқарушы органдармен, бас дәрігерлермен жұмыс жүргізіп, коронавирус індетіне байланысты қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудару қажеттігін айтып келеміз. Сонымен қатар, біз медицина мамандарына жақсы жағдай жасалғанын көріп-білдік. Алматы облысының республиканың басқа өңірлеріне үлгі бола алатынына көз жеткіздік, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, Алматы облысындағы медициналық мекемелерде бүгінгі күні
провизорлық және карантиндік стационарларда жеткілікті орындардың алдын ала сақадай сай тұрғаны сала барысында ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығының айғағы екені сөзсіз.
ШҰҒЫЛ ШЕШІМ ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРДІ
Елдің хал-ахуалы өңірді басқарып отырған басшының іскерлігіне тікелей байланысты екені белгілі. Әсіресе, бүгінгідей сын сағатта ел тізгінін ұстаған басшылардың жауапкершілік жүгі еселей түскені де анық. Бұл тұрғыда Алматы облысы жұртшылығының зор сенімін арқалап, осынау үдеден шығу барысында аянбай тер төгіп келе жатқан Амандық Баталов та індетпен қарсы күрес жолында бар күш-жігерін аянбай жұмсап келеді.
Алматы облысына қарасты «Асыл Арман» тұрғын-үй кешенінің 2 тұрғынынан коронавирус инфекциясы анықталысымен, індеттің бұдан әрі таралуына жол
бермеу мақсатында тұрғын үй кешенінде 1 сәуірден бастап карантин енгізілген болатын.
Карантин кезінде «Асыл Арман» тұрғын-үй кешенінің тұрғындары толықтай бақылауда болды. Екі апта бойы тұрғын үй кешені аумағында медицина қызметкерлерімен және тәртіп сақшыларымен бірге әскери-еріктілер де қызмет етті. Орталық постта полиция мен әскери-еріктілер жүк тасымалдаушы көлік жүргізушілерінің құжаттарын тексеріп, тұрғын үй кешенінің маңынан өтпекші болған азаматтарды тосқауыл қойды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес тұрғын үй кешенінде тұрғындармен кездесу өткізіліп, олардың әрбірінің әлеуметтік, тұрмыстық хал-ахуалымен Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев жете танысты.
Тұрғын-үй кешенінің бірінші кезекте көп балалы, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, қарт адамдар және жұмыссыз қалғандар сияқты халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына азық-түлік тапсырылды.
Сонымен қатар, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев «Асыл Арман» ТК-да облыстық әкімдіктің көмегімен 983 отбасына, аудан өз тарапынан қосымша 385 отбасына көмек көрсетіп, қажеттіліктермен қамтамасыз етуге атсалысты. Тағы атап өтерлік нәрсе, індетке байланысты елімізде маска тапшылығы туындаған осындай қысылтаяң сәтте «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінің тұрғындарына бір реттік маска да тегін таратылды.
Тұрғындардың көпшілігі үйлерін ипотекамен алғандықтан, жергілікті билік ипотека төлемінің мәселесін де қарастыру үстінде. Сонымен қатар, тұрғындардың карантин аяқталғаннан кейін «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік бар.
Жоғарыда атап өткен, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен шыққан екі науқастың бірінен қайталай анализ алынғаннан кейін ауруханадан шығарылып, екіншісі ем қабылдап жатыр. Аталмыш науқастармен қарым-қатынаста болған 23 адам анықталып, олардан вирусологиялық анализ алынған. Анализ қорытындылары теріс болып шыққандықтан алаңдауға негіз жоқ.
Бүгінде Қарасай аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі карантин алынып тасталды. Бұл әлбетте облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының дер кезінде қабылдаған шұғыл шешімінің оң нәтижесі екендігі сөзсіз. Дегенмен, тұрғын-үй кешенінің халқы облыс бойынша белгіленген карантин талаптарын орындап, сақтық шараларын сақтауы тиіс. Ел болып, барлығымыз бірдей тәртіпке бағынғанда ғана осы бір індетті жеңіп, қалыпты өмірімізге қайта оралатынымыз анық.
ДӘРІГЕРЛЕР ЕҢБЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Бар әлемді шарпыған коронавирус дертімен бетпе-бет келген тұста қазақстандықтар ақ халатты абзал жандардың еңбегінің айрықша екендігін сөзсіз түйсінді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина саласының еңбегі ұшан теңіз екендігін қадап айтқаны ел есінде. Күндіз-түні үй бетін көрмеу қауіпті дертпен күресіп жатқан сала мамандарының еңбегі де ескерусіз қалмақ емес. Атап айтқанда, медициналық мекеме қызметкерлеріне COVID-19 таралуына қарсы жұмыстарды күшейтудегі белсенділігі үшін жергілікті және республикалық бюджеттен сыйақы берілуде. Мәселен, Алматы облысы бойынша жергілікті бюджеттен 137,1 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге соның 62 млн. теңгесі игеріліпті.
Тарқатып айтсақ, 74 дәрігерге – 17,6 млн. теңгеден астам, 222 мейірбекеге – 35,3 млн. теңгеден астам, 134 кіші медициналық қызметкерге – 9,1 млн. теңгеден астам сома берілді. Оның ішінде Талдықорған қалалық емханасы, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандық орталық ауруханалары, Қапшағай қалалық ауруханасы, Шелек ауылдық ауруханасы және облыстық аурухана қызметкерлері бар.
1448 медицина қызметкерлеріне республикалық бюджеттен 106,8 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін атап өтуге тиіспіз. Ел сенімін арқалаған ақ халаттылардың өздеріне де амандық тілеп, олардың індетпен күресу жолындағы жұмыстары жемісті болса екен дейміз.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСА БЕРМЕК
Республика бойынша енгілген Төтенше жағдай еліміздің әрбір тұрғынына оңай тиіп жатқан жоқ. Көптеген жұмыс орындарының уақытша тоқтауы жұмыссыздар қатарын еселеп көбейтіп, ел экономикасына да кері әсерін тигізіп отыр. Соған қарамастан, мемлекет әлеуметтің әлеуетін жақсарту жұмыстарын жүйелі жолға қойып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Алматы облысында да қарқынды түрде атқарылуда. Атап айтқанда, Алматы облысында 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек 101,3 мың адамға тағайындалды.Мемлекет басшысының тапсырмасымен 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алушылар тізімі кеңейтілуіне байланысты, облысқа қарасты аудандық және қалалық штабтар демалыссыз күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
10 сәуір күнгі мәлімет бойынша, 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке 328 мыңнан астам адам өтініш беріпті.
Алматы облысы бойынша 2020 жылы әлеуметтік көмектің барлық түрлерімен 27 млрд. 589 млн. теңгеге 308 мың адам қамтылған.
Ал, азық-түлік алатындар тізімін кеңейту аясында 10 сәуірде алушылар контингенті 94 019 адамды құрады.
Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 6 мен 18 жас аралығындағы 22 521 бала дербес шотына 2 АЕК көлеміндегі жалпы сомасы 120,5 млн. теңге болатын қаржы қаражатын аудару жолымен азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді.
Халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау, тек ғана 42 мыңмен ғана шектеліп қалған жоқ. Қарапайым халықтың хал-ахуалын ескеріп, осындай қиын шақта азық-түліксіз қалмасын деп барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай «Birgemiz» қоғамдық қорынан халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының карталарына 50 мың теңгеден аударыла бастады. Сонымен қатар Елбасы бастамасымен «Nur Otan» партиясымен бірлесіп «Birgemiz» акциясының аясында 3 мыңнан астам аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілмек. Мұның өзі халықтың хал-ахуалының жақсаруына септігін тигізіп, алдағы күнге үкілі үмітін қаратты.
Жоғарыда біз халықтың әлеуметтік қолдауды қажет ететін тобына көрсетіліп жатқан көмектің бір парасын атап өттік. Халыққа көрсетілетін қолдау мұнымен шектеліп қалмақ емес. Облыс тұрғындарының барлығына бірдей Алматы облысы бойынша коммуналдық қызмет тарифтеріне жеңілдіктер жасалмақ.
Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 23 наурызында коронавирус індетіне және дағдарысқа қарсы шаралардың жағдайы туралы жиналыста берген тапсырмаларына орай коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті тарапынан төмендетілген тарифтер 2020 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымға дейін қолданылмақ.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтің айтуынша, «Жетісу су құбыры» МКК, «Жетісу су құбыры» МКК, «Талдықорғанжылусервис» МКК, «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ, «Панфилов су құбыры» МКК, «Ұйғыр су құбыры» МКК, «Теміржолсу Алматы» ЖШС, «Қапшағайжылу» МКК, «Жылу жүйелері» ЖШС, «Тауекел-Н-Алғабас» ЖШС, «Жетісу газ құбыры» ЖШС, «Тауекел-газ құбыры» ЖШС сынды мекемелер халыққа 1-ші сәуірден бастап, 30 маусымға дейін жеңілдетілген тарифте қызмет көрсетуде. Мұның өзі халыққа зор көмек екені белгілі. Мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдаудың арқасында еліміз де осы бір сын сағаттан аман-есен өтіп, еңсесін тіктейтіні анық.
Төтенше жағдайдың салдарынан ел бойынша жұмыссыздардың қарасы көбейгені мәлім. Бұл бағытта да мемлекет тарапынан ілкімді істердің атқарылып жатқаны көңіл қуантады. Атап айтсақ, қолдаудың қосымша шараларының арқасында жұмыстан шығып қалған және жұмыссыз азаматтар үшін 68 мың жұмыс орны ашылмақ.
Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарланған. Жұмыс орындарын құруда Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың Жұмыспен қамту жол картасына 1 трлн. теңге бөлу туралы шешімі зор ықпал етіп отырғаны анық.
Бұл тұрғыда Алматы облысына 109,2 млрд. теңге бөлініп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына мұрындық болмақ. Атап айтқанда, бұл қаржыға 22,8 мың жұмыс орнын құратын 977 жоба жүзеге асырылмақшы. Мұның барлығы, өз кезегінде елдің әлеуметтік қал-жағдайын жақсартып, ел экономикасының ілгерілеуіне ықпал етпек.
Елдің көңілін алаңдатқан коронавирус дертімен күресте тек ғана медицина саласының мамандарымен қатар, барша сала қызметкерлерінің алдында екі есе қарқынмен жұмыс істеу міндеті тұр. Әсіресе, маңызды шешімдер қабылдай отырып, осынау сын сағаттан халықты аман-есен алып шығу – ел тізгінін ұстаған әкімдерге тікелей байланысты. Бұл бағытта тындырымды тірліктерімен көзге түсіп, аймақ жұртшылығымен тығыз-қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқан Алматы облысы әкімі Амандық Баталов пен ол кісінің командасы атқарып жатқан істер елдің алаң көңіліне медеу болып отырғанын баса айтуымыз керек. Елдің хал-ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар облыс көлемінде жүйелі түрде өз жалғасын таба бермек.
Ендігі жерде ел болып бірлігімізді сақтап, тірлігімізді мүмкіндігінше үйде атқарып, еліміздің осы бір сын сағаттан аман-есен өтуіне әрбіріміз өз септігімізді тигізсек нұр үстіне нұр болары анық.
Гүлмира САДЫҚ,
Алматы облысы
Арнайы «Қазақ үні» үшін