Вирустан қаза тапқан павлодарлық 118 адаммен байланыста болған
2020 ж. 10 сәуір
1011
0
Бұл туралы Павлодар облысындағы коронавирус індеті бойынша өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмаилов айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
9 сәуірде облыста коронавирус инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша екі жағдай тіркелді. Өкінішке қарай, бір азамат қайтыс болды. Қаза болған науқас 1936 жылы туған Павлодар тұрғыны 8 сәуірде ауруханаға түскен. Науқастан сол күні коронавирусқа тест сынамасы алынып, келесі күні вирустың бары нақтыланды. Азамат сондай-ақ, бронх астмасы, өкпенің абструктивті созылмалы ауруы, жүректің ишемиялық ауруы, үшінші дәрежелі артериялық гипертензия, терінің қатерлі ісігі диагноздарымен есепті тұрған. Онымен байланысты болған адамдар саны 118, оның 50-і ауруханаға жатқызылды, 68-і үй карантинінде, - деді Біржан Досмаилов.
Ол вирус жұқтырған екінші науқастың жағдайы тұрақты екенін айтты.
Екінші науқас 1981 жылы туған Павлодар тұрғыны. 8 сәуірде КВИ белгілерімен жұқпалы аурулар емханасына жеткізілген. Қазір жағдайы тұрақты. Емделушінің айтуынша, 21 наурыздан бастап ол Қазақстанның бірнеше өңіріне, оның ішінде Қарағанды, Шымкент, Тараз қалаларына барған. Байланыста болғандар 158 тұрғын анықталды. Олардың алтауы стационарда, 114 адам үй карантиніне жабылды. 38 адам басқа өңір тұрғындары, олардың мәліметтері тиісті облыстардағы мекемелерге жіберілді, - деді ол.
Біржан Досмаиловтың айтуынша, кеше Павлодар облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы адам емделіп шықты. 1988 жылғы Ақсу қаласының тұрғыны емделу курсынан өтіп, жазылғаннан кейін тұрақты мекен жайы бойынша үй карантиніне жіберілді. Онымен байланысқан барлық 154 адам бақылаудан босатылды.