Жағымпаздық жарға жығады
2020 ж. 09 сәуір
3442
0
Қазақтың мәдениеті менәдебиетін, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, мінез-құлқын мейілінше терең зерттеген данышпан Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол...» – деп айтқан өсиеті ғасырдан аса уақыт өтсе де осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Керісінше бүгінгідей ұлттық құндылықтарымызды қайта қалыптастыру кезеңінде соған тағы да оралып, баса назар аударуға тиістіміз. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ...» - деп саусағымен санап берген бес кемшілігімізге – алтыншы етіп бүгінгі қазақ қоғамындағы, әсіресе жоғары жақты жайлап алған жағымпаздықты да қосып, соған қарсы арнайы заң қабылдасақ та артық емес. Кемшіліктерімізді түгендеп одан әрі тізе бергенінде, келер ұрпақты жамандық атаулыдан сақтандырған Абай атамыздың да саусағы жетпей қалар еді...
«Бәрін жетістіріп болып, енді осы жағымпаздық туралы заң ғана қалып еді...» –деп мысқылдайтын оқырмандарымыз да табылып қалар. Оқырмандарға өкпе жоқ, олай деуге толық құқылы. Бәзбіреулердің ұсынысына орай әлденеше өзгеріске ұшыраған, Тәуелсіздік таңында көпшілік бірауыздан мақұлдаған Конституциямыздан бастап, жылдар бойы қабылданып жатқан заңдарымыздың бірқатарының екі-үш қайнауы ішінде кеткендігі өз алдына, кейбірін билік басындағылар өз ыңғайларына икемдеп, халық мүддесін ескермей бұрмалап алғандарға айтар әңгіме бөлек. Оның обалын заң жобасын жасайтындар мен біздің Парламенттегі қос палатада көзін жұмып, қалғып отырып дауыс бере салатын депутаттардың еншісіне қалдырдық. Бүгінгі бұрыс бағыттары мен шикі шешімдері үшін ертеңгі күн ұрпақ алдында өздері жауап бере жатар. Тарих таразысы ешкімнің ақысын жемейді, әділ бағасын береді болашақта.
Әрине, саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрыстық жағдайларға қатысты маңызды мәселені қарастыратын заң ережелерінің қасында «жағымпаздық» дегеніңіз жай ғана ойыншық болып саналуы мүмкін. Бір қарағанда дәп солай көрінеді де. Бірақ шын мәнінде олай емес. Әйтпесе, дарынды ақынымыз Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақтан» басқа тақырып таппай қалды деймісіз? Алдымызда алынбас қамал болып көрінген ірі мәселенің бәрі осындай «ұсақ-түйектен» басталатынын түсінуіміз керек. Олай болса жағымпаздық жайлы әңгімемізді бастайық.
Алдынала айта кетейік, жағымпаздық атты жаман әдет тек қана қазақта емес, орыс, өзбек сияқты көптеген өзге ұлттарда да баршылық. Соған қарағанда жағымпаздық, арамзалық, тойымсыздық дегендеріңіз адамзатпен бірге жаралған ба деп қаласыз. Басқалармен басымыз, бауырымыз бірге бітпегендіктен өзгелерде жұмысымыз жоқ, әркім өз қотырын өздері қасып алсын. Ал, бізде бұл жағымсыз мінез кеңінен дамыған, әсіресе жоғары жақтағы билік басында.
Тегінде жағымпаздық адам бойындағы ең бір жағымсыз, жексұрын мінез. Оның өзгелерге әкелер зияны ұшан-теңіз. Бір адамды мақтап, көпшік қойып көпе-көрнеу қолпаштау арқылы ол өзінің ішкі есебін іске асыруды көздейді.Әрине, жағымпаздық өзінен әлсіз, өзінен төмен тұрғандарға емес, әдетте өзінен мықты, ал бүгінгі біздің қоғамды алатын болсақ, қолында билігі бар, лауазымы жоғарғыларға көрсетіледі. Ал, сол қолпаштауды үнсіз қабылдайтын, мақтау-мадақтау жанына майдай жағатын адамның да жағымпаздан асып кеткен жері жоқ. Керісінше соған жол бергені үшін жағымпаздан да әлдеқайда қауіпті қоғам үшін. Әсіресе ол мемлекеттік жоғары лауазым иесі болса. Өйткені сол қолпаштаумен қолтығына кіріп алған жағымпаздар өз бас пайдасы үшін ертең оны неше түрлі қылмысқа итергенін аңғармай қалады. Оның зияны қоғамдағы көпшілікке тиеді. Үнемі орынды-орынсыз мақтау естіген адам сол қолпаштауға кәдімгідей сеніп, өзін өзгелерден артық санап, өзін шынында да данышпан, теңдессіз адамға балай бастайды. Ондайлар бұдан кейін өзгелер тарапынан сәл ғана сын айтылса шыныдай шытынап, көтере алмайтын жағдайға жетеді. Өйткені өзін данышпан санағандықтан өзгелердің жол сілтегенін жақтырмайды, ақылды тек қана өзі ғана айтуға тиісті болып көрінеді оған. Бұл бір бүгін ғана қалыптасқан әдет емес, оны біз кеңестік кезеңде де көргенбіз. Қазақ еліндегі орын алған жағымпаздықта сол кеңестік кезеңнен қалған сарқыншақ болуы да мүмкін. Мысалы кеңестік кезеңде үстемдік еткен коммунистік партияның бас хатшылары ел тұрмысындағы кемшілік пен ішкі-сыртқы саяси қателіктерді ескермей, бос мақтануға салынғаны белгілі. «Енді бір аттасақ коммунизмге жетеміз!» деген құрғақ ұрандары түбіне жетті. Өзінен бастап қасындағы қосшыларына дейін орден мен медаль үлестіруден қолы босамаған Л. Брежнев, демократ ойнын ойнаған М. Горбачев жоғары лауазым мен өзгелердің мақтауынан басы айналып өздерін ғана емес, бүкіл халықты, бүтін бір мемлекетті орға жықты. Олар мінберден сөз сөйлегенде жағымпаздар аяғынан тік тұрып, алақандары қызарғанша қол соқты емес пе? Соңы немен бітті?..
Ашығын айтсақ, егемендік алғалы Қазақстан жағымпаздық жағынан сол кеңестік кезеңнен асып кетпесе кеміс қалған жоқ. Содан да болар елімізде сөз бостандығы шектеліп, артық ашық пікір айтқан «Дат» сияқты басылымдар бірнеше рет сот арқылы жабылуға мәжбүр болды. Ал біздегі сот биліктің айтқанынан шыға алмайды. Тəуелсіздік алған осынау отыз жыл ішіндегі азды-көпті табыстарымызды күн сайын көпіртіп қайталаған бұқаралық ақпарат құралдары ғана жоғарыдан қолдау тапты. Билікке сын айтқан журналистер, оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділері қудаланды, әлі де солай болып келеді.
Жағымпаздық індеті ауыл әкімінен бастап, министрлікке, одан да жоғары деңгейге дейін жетті. Мысалы ауыл әкімі аудан, аудан басшысы облыс әкімі алдында құрдай жорғалайды. Осылайша жоғары кете береді. Шындап келгенде, заң бойынша осылардың бәрі де халыққа қызмет етуі, халықтың алдында ғана жауапты болуы керек. Жоқ, мына түрлеріне қарасақ халық оларға ешкім емес, топас тобыр ғана. Жоғары қызметті әкелері сатып әпергендей сезінеді. Қазір қаланы күнде аралап, тұрғындардың ортасында жүретін қала, облыс әкімін іздеп таба алмайсыз. Бар бітіретіндері – кеңсесінде отырып алып ешқандай нәтиже бермейтін жиналыс өткізу ғана. Одан қалды жоғарыға қағаз жүзінде «қырып жатырмыз, жойып жатырмыз» деп көпіртіп есеп береді. Басшылардың алдына бара қалса өз пікірін, ұтымды ұсыныстарын айтып, батыл ойын білдіре алмай, басы салбырап тұрады. Сөз сөйлей қалса: «Сіздің тапсырыуыңыз бойынша, Сіз атап көрсеткендей, Сіздің арқаңызда...» дегеннен бастайды. Бұдан кейін сау адамның өзі «жұлдызды ауруға» шалдығады. Ал, «данышпан басшылар» сын ести қалса сазарып, сол жерде өзінің қол астындағы қызметкерін жеп жіберуге дайын тұрады. Ондай сын айтқан адамның ертеңгі күні белгілі, қызметінен айырылады. Сондықтан да төмендегілер жоғары басшыларға тәуелді, үнсіз құтылады.
Жағымпаздықты тарататын да сол түрлі деңгейдегі лауазымдылар, билік маңында жүрген, солар арқылы пайда көретін ірі кәсіпкерлер. Бұл жерде өздеріне берілген заңды пайдаланып «Тоқтатыңдар!» - деуге жарамаған көпшіліктің де үлесі бар. Мысалы мынаны алайықшы. Қазақстанда президент есімінің бастапқы буынынан тұратын «Нұр» атауы қоғамдық-саяси ұйымдар мен әлеуметтік және бизнес нысандарға жаппай жапсырылған. «Отан» партиясы 2006 жылы «Нұр Отан» партиясы болып өзгерді. 2008 жылы бірнеше ақпарат құралдарын біріктірген «Нұр Медиа» холдингі құрылып, 2010 жылы «Нұр Отан» партиясы БАҚ үшін «Нұр Сұңқар» сыйлығын тағайындады.Қазақстандағы ірі банктердің бірі де «Нұрбанк» деп аталады. Астана қаласының «Нұр Астана» аталатын ресторан, тұрғын-үй кешені, мешіті бар. Сонау шалғайдағы Ақтөбе қаласында бір шағынаудан «НұрАқтөбе» аталды. 2008 жылы маусымда Парламент Мәжілісінің бірнеше депутаты Астана қаласын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынып, мәлімдеме жасап, ақыры солай аталды да. Осының бәрі тек қана Елбасының өзінің бұйрығымен жасалды ма? Әрине жоқ, жағымпаздардың әрекеті. Атақты ақынымыз Мұхтар Шахановша айтсақ, ТЖ-лардың (туфли жалағыштардың) ісі.
Жоғары лауазымды қызметкерді аяғын жерге тигізбей, көзін бақырайтып тұрып мақтаған әкім, депутаттардың атын атап, тізімін жасасақ ол шексіз болып кете береді. Сондықтан оған бір ғана мысал келтірейік. Кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жағымпаздықты қайдан үйреніп жүрсің?» деген сауалына кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың берген жауабын көпшілік әлі де ұмыта қойған жоқ шығар. «Астана EXPO-2017» көрме кешенінде болып, құрылысы барысымен танысу кезінде сауда орталығының «Мега плаза» деген атауына көңілі толмаған Н. Назарбаев басқаша атауға болмады ма деп сұрады. «Мега плаза» уақытша атауы. Егер рұқсат берсеңіз «Нұр-плаза» деп қояйық» - деді Елбасының ығына жығыла кеткен Нұрлан Смағұлов. «Мен ол үшін айтып отырғаным жоқ. Осы жағымпаздықты қайдан үйреніп жүрсің?» деп сұрады президент. Белгілі кәсіпкер бөгелместен «Өмірдің өзі үйретті» деп жауап берді. Сол күні-ақ «Өмірдің өзі үйреткен жағымпаздық» туралы Нұрсұлтан Назарбаев пен Нұрлан Смағұловтың арасындағы әңгіме әлеуметтік желілерде ең қызу талқыланған тақырыпқа айналып шыға келді. Желіні қолданушылардың бірі «жағымпаз бизнесменді» айыптаса, енді біреулері «жағымпаздықты қалыптастырған біздегі қоғамдық құрылым кінәлі» деп жатты. Қалай болғанда да әлеуметтік жүйені жарып жібере жаздаған жұрттың аузын жаба алмайсыз және қоғамды кері кетіретін бұл көріністі қызу талқылаған көпшіліктің әрекетін қисынсыз деуге де келмейді.
Бізде тағы бір жаман әдет бар, басшылардың суретін кеңселерге, көшеге қысқасы көрінген жерге іліп қояды. Бұл да жағымпаздықтың белгісі. Осы жайында бірқатар басылымдар соның ішінде «Қазақ үні» де «...Жалпы портрет іліп қою, орыстардан қалған үрдіс. Баяғыда Ленин, Сталин, Брежнев сияқты көсемдердің жеке басына табынудан қалған демократиялық қоғамға жат, ескі әдет. «Жеке басқа табыну — саяси немесе діни билік иерархиясындағы жоғары мәртебелі адамды асыра дәріптеу, оның атқаратын рөлі мен міндетті қызметін шектен тыс жоғары бағалау. Саяси кайраткерге тәнірдей табынып, шектен тыс ұлықтау…» – деп анықтама берілген екен уикипедияның ашық энциклопедиясында. Бұл құбылыс орыстарда бағзы заманнан бар, бізге де солардан жеткен. Иисус Христостың бейнесін іліп қойып, соған шоқынып, табынатын діни ұғымнан басталғаны белгілі. Ал, біз мұсылман еліміз, соны ұмытпауымыз керек. Сондықтан мемлекет басшысының суретін көрінген жерге ілуді тоқтатқанымыз жөн...» деп жазған болатын. («Құлдық санадан қашан құтыламыз?!. (03-04-2019 ж.)
Мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде жиі көтерілгендіктен бе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге лайықты назар аударды деуге болады. Мемлекет басшысы болысымен Батыс аймақтарға барған сапарында қала көшелеріне ілініп үлгерген өзінің жиырма шақты суреттерін алғызып тастады. Жұрт Тоқаевтың бұл бастамасын қызу қолдап, өздерінің оң пікірлерін білдірді.
Қай ел екені есімізде жоқ, ертеде дамыған бір мемлекеттің ақылды патшасы өзінің уәзірлері мен кеңесшілерін жинап алып: «Пиғылы жат мына көрші ел бізді жер-көкке сиғызбай мақтап жатыр, біз қай жерден кемшілік жібердік, соны қарастырып, табыңдар!» деп бұйрық берген екен. Бұл нені көрсетеді? Қуатты мемлекетті күшпен қирата алмасын білген әлсіз көрші қулыққа көшіп, мақтаумен, әз-әзіл айламен әлсірететін бағыт ұстанғанын ақылды патша бірден түсініп, қауіптің алдын алғанын байқатады. Бұл ертегі, аңыз болғанмен өмірлік сабақ алар мысал.
Сөзіміздің соңында тағы да сол хәкім Абайға жүгінейік.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?..» - деген нақыл өлеңінің толық нұсқасын біздегі басшылардың кеңсесінің төріне көзге көрінетіндей көрнекі құрал ретінде іліп қою керек. Мемлекеттік қызметке аларда әрбір маманнан қазақ тілінен, ауыз әдебиетінен әсіресе Абай шығармаларынан қатаң емтихан алуды міндеттеу қажет. Бәлкім сонда ғана біздің лауазымдылар «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болып», жаман әдеттен арылатын шығар...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz