Көрші мемлекеттерден қажетті су көлемі келмей қалады деген қауіп бар - министр
2020 ж. 07 сәуір
1694
0
Гидрологиялық болжамға сәйкес, биыл республиканың оңтүстігі мен батысында су аз болады. Көрші мемлекеттерден де қажетті су көлемі келмейді деген қауіп бар. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр биылғы вегетациялық кезеңге дайындық қалай жүріп жатқанын айтты.
"Осы жылға арналған гидрологиялық болжамға сәйкес, еліміздің оңтүстігі мен батыс аймақтарында су аз болады деп күтілуде. Осыған орай біз тиісті шаралар қабылдадық. Су қоймаларының жұмыс кестесі қайта қаралып, әзірленді. Жұмыс кестелерін дайындау барысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету есепке алынды. Қазіргі таңда су қоймалары толтырылып жатыр", - деді Мырзағалиев үкімет отырысында.
Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында 205 шақырым канал тазаланған. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады.
Сондай-ақ, 335 гидротехникалық нысан жөнделіп, 39 шақырым канал бетонмен қапталды.
"Сонымен бірге көрші мемлекеттерде де су тапшылығы байқалып отыр. Бұл ретте олардан бізге қажетті су көлемі келмей қалады деген қауіп бар. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігіне Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, осы ақпаратты диқандарға, шаруашылық иелеріне жеткізуді сұраймыз. Олар осы жайтты ескере отырып, дайындық жұмыстарын жүргізуі қажет", - деді ол.
Ал экология министрлігі өз тарапынан өзбек, қырғыз және тәжік әріптестерімен тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.
"Біздің басты назарда Сырдария, Шу, Талас өзендері және мемлекетаралық каналдар бойынша Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарына қажетті су түсуін қамтамасыз ету", - деп атап өтті ведомство басшысы.
Осыған орай, министрліктің ұсынысымен 10 сәуірде Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы министрлері бейнебайланыс арқылы кеңес өткізбек.