МАЙДАНДАҒЫ ҚОЛҰРЫСТА ФАШИСТІҢ 51 ОФИЦЕРІН ЖАЙРАТҚАН БАТЫР
2020 ж. 05 сәуір
5265
0
Әкемнің ағасы, колхоз ұстасы Құрманбай егін науқанын бақылауға аупарткомнан келген өкіл жігітті бір іңірде өздерімен іргелес үйдегі жесір келіншекті зорламақ сәтінде ұстап алып, сабап, қуып жібереді (келіншектің алты жастағы қызы Құрекеңнің үйіне еңіреп жылап кіріп, бөтен бір кісінің келіп, тәтесін ұра бастағанын айтқан екен). Екі күннен кейін ауданнан екі милиционер келіп, Құрекеңді алып кетеді. Бертінде іздестіріп білгенімдей: «коммунисті соққыға жығып, партияны мазақ еткен халық жауы» он жылға сотталып, Магаданға айдалыпты. Сүйегі сонда қалды. Құрекеңнің балалары әкелері тұтқындалысымен жұмыстан, мектептен қуылған. Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан И. Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Маған соғысқа баруға рұхсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды. Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін 1942-жылы маусымда майданға алынып (22 жасында), қолұрыста (рукопашный бой) фашистердің 51 солдат-офицерін жайратқан, түнгі барлауда жаудан 22 «тіл» әкелген. 1944-жылы шілденің 8-і күні Батыс Двина өзенінен өткендегі қиянкескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін Совет Одағының Батыры атағы берілген (оған дейін: «Қызыл Жұлдыз», «Ленин» ордендерімен, «Даңқ» медалінің 3-нші, 2-нші дәрежелілерімен марапатталыпты). Сол жолы ауыр жараланып, госпитальге түскен Ізғұтты ағекем сонда бір аптадан кейін көз жұмыпты. Госпитальге түскен күнінің ертеңінде «Комсомольская правда» гәзетінің тілшісі барып жолығып, Батыр атағымен құттықтап, әліне қарай әңгімелесіпті. Бір апта өте бере газетте «Здесь сражался комсорг» деп аталған мақаласы шыққан. Ізғұтты батальон комсомол ұйымының хатшысы екен.
Ізғұтты ағаның И.Сталинге хат жазып, оны «пошташы орыс дядяның» көмегімен Мәскеуге жөнелткенін Із-ағаның сүйген қызы, бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ», аңырап қала берген Жібек апайдан бертінде, Құрманбай әулетінің қасіреті туралы жазбақ болып жүргенімде, естіп білдім.
Ғаббас Қабышұлы,
"Төрт ауыз сөз" мақаласынан