Зардыхан Қинаятұлы: ҚАЗАҚ КӨШІНЕ ҚАРСЫ НАСИХАТ МАШИНАСЫН БАСТАҒАН ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ӨЗДЕРІ...
2012 ж. 22 наурыз
2199
0
Қазақ – отаршылдық саясаттан жапа шеккен халықтың бiрi. 1990 жылдары атажұртқа бет бұрған қазақ көшi қазақты этнодемографиялық және рухани құлдыраудан құтқару жолында жасалған игi қадамдардың бiрi болатын. 1989 жылы Одақ көлемiнде жүргiзiлген жан санағының ресми қортындысына жүгiнсек, қазақтар Республикадағы 16199,2 мың халықтың 40,1 пайызын ғана құрайтын. Мысалы, бұл көрсеткiш Целиноградта – 17,7 пайыз, Алматыда – 23,8 пайыз, Солтүстiк Қазақстанда – 22,6 пайыз, Ақмолада облысында 25,1 пайыз болды.
Өздерiңiз ойланып көрiңiздершi! Егер 1955-62 жылдары ҚХР-нан, қазiрде саны 1 миллионнан асқан 260 мың қазақ келмегенде, Желтоқсан көтерiлiсi болмағанда, елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзiп нәтижесiнде шет мемлекеттерден 1 миллионға жуық қазақ атажұртқа оралмағанда, қазақтың тағдыры не болар едi? Қазақ көшi қазақты этнодемографиялық керi кетуден (деградация) құтқарған бiрден-бiр мүмкiндiк едi. Қазақстан үкiметi және қазақ зиялылары бұл мүмкiндiктi дер кезiнде дұрыс бағамдап оны iске асыра алды. Уақыт күттiрмей атажұртқа бет бұрған қазақ көшi басталды. “Елге ел қосылса – құт” дейдi қазақ. Көш – қазақтың бағына келген құбылыс. Алғашқыда бiр-бiрiн сағынған қазақтардың құшағы ыстық, пейiлi кең, көңiлдерi көтерiңкi болатын. Мiне, содан берi де 20 жыл өттi, қазақ көшi де өзiнiң шарықтау биiгiнен өтiп (кульминация), қиын-қыстау (критический) кезеңiне жеттi. Оқиғаны дұрыс бағамдау үшiн көш процесiн төмендегi төрт кезеңге бөлiп қараса болатын сияқты.
1.Әлемде қалыптасқан жаңа саяси ахуал, бұрынғы Кеңестiк мүмкiндiкке сүйенiп қазақпен қазақ iздесiп табысқан алғашқы кезең (199-95жж.). Қазiргi күнге дейiн атажұртқа оралған қазақтың 2/3 бөлiгiне жуығы осы алғашқы бес жылдың үлесiнде. Атажұртқа келгенi үшiн өмiрден ұтқандары да осы алғашқы келген топ. Олар қалаған жерлерiне орналасты, келген әрбiр отбасы үй-жаймен қамтамасыз етiлiп, басқадай түрлi көмектерге ие болды.
2. Республиканы қамтыған экономикалық дағдарыс басталып көштiң қарқыны бәсең тартқан екiншi кезең (1995-2000жж.). Аталған кезеңге қатысты үш түрлi ерекшелiктi атап өткен жөн. 1) Республика көлемiнде жаппай жекешелендiру науқаны басталды. Науқан жергiлiктiлердiң бiр бөлiгiне тиiмдi болды. Ал ҚР азаматтығын алып үлгермеген оралмандар жекешелендiруден шет қалды. 2) “Халықтың көшi-қоны туралы заң” қабылданды. Бұл заңның құқықтық пәрменiнен гөрi көшi-қонға деген саяси маңызы зор болатын. 3) Жаңадан көшiп келушiлердiң саны күрт азайғандықтан үкiмет қолда бар мүмкiндiктi бұрын көшiп келгендердiң игiлiгiне жаратты.
3. Нарықтық экономиканың жаңа мүмкiндiктерге сүйенiп көш қайта қарқын алған үшiншi кезең (2001-2008/2009 жж.). Шетелден келетiн инвестиция қарқын алды. Энергияның жаңа көздерi ашылды. Жер жекеменшiкке айналып, ұлттық капитал иелерi пайда болды. 2002 жылы 23-24 қазанда Түркiстанда өткен ДЖҚ II құрылтайының шешiмдерi көшi-қонға жаңа қарқын әкелдi.
4. Әлемдiк экономикалық дағдарыс, бағаның күрт өсуi, көштi басқарудағы жүйелi қателiктер, көшке деген кереғар пiкiрлер мен насихаттың салдарынан көшi-қон тоқырауға ұшырай (2008/2009) бастаған қазiргi кезең. Ендiгi жерде осынау тоқыраудың себептерiне тоқталып көрелiк.
Халықтың iшкi өсiмi, оралмандар және басқа ұлт өкiлдерiнiң шетелге қоныс аударуы нәтижесiнде 15-16 жылдың iшiнде қазақ этнодемографиялық құлдыраудан құтқарылды, қазақтың үлес салмағы соңғы есеп бойынша 63 пайызға жетiп ұлттық мемлекеттiлiкке бет бұру мүмкiндiгi туды. Бiрақ билiк ұлттық мемлекеттiлiк емес, халықаралық интеграцияға бейiмделген “Көп ұлтты, мульткультуралды мемлекет” құру бағытын таңдады. 1995 жылы жалпыхалықаралық референдумда қабылданған ҚР Конституциясында қазақ туралы (алғы сөздегi “қазақ жерiнде”, 7-баптың 1-тармағының “қазақ тiлi” деген) екi-ақ сөз бар. Осы сияқты ұлт саясатындағы немқұрайдылық шетелден келген және келетiн қазақтарға деген салқындықтың тууына әсер етпей қоймайды.
Жер және басқадай мүлiк жекешелендiрiлдi. Байлық жеке тұлғалардың қанжығасында кеттi. Базар заңы қатаң. Базардың мұраты – ұлт емес, тек табыс табу. Мемлекеттi базар жайлады. Мемлекеттiң қолындағы бұрынғы ресурстар азайды. Үкiметiмiзде шетелдегi қазақтарды шыныменен атажұртқа тартамыз деген ой болса жердi жаппай жеке меншiкке беруге асықпау керек едi. Осылайша шетелдегi қазақтарды атажұртқа қайтарудың экономикалық мүмкiндiгi тарылды.
Көшi-қонды басқару жүйесi әуел бастан тұрақсыз болды. Көшi-қон комитетi бiрнеше рет таратылды. Ақыр соңында көшi-қонды басқару iсi Iшкi iстер министрлiгiне тапсырылды. Полицейлiк жүйе – қашанда әскери тәртiптегi қатаң жүйе. Ал көшi-қон адамдардың сан қилы тағдыры – тоғысқан нәзiк құбылыс. Келiп жатқан ағайындардың көпшiлiгi орыс тiлiн, Қазақстанның заңын бiле бермейдi.
Осындай келеңсiздiктерден соңғы жылдары қазақ көшiне қарсы насихат машинасы жұмыс iстей бастады. Оны бастаған қарапайым халық, қатардағы журналистер емес, атқамiнерлер, қолында билiгi бар шенеунiктердiң өздерi. “Оралмандар деген дайын асқа тiк қасық, жатып iшерлер, сөзқуарлар, отанына жаны ашымайтындар!” деген сияқты әңгiмелердi солар бастады. Ақыры билiктегiлер Жаңаөзен оқиғасы үшiн оралман ағайындарды кiнәлауға дейiн барды. Президенттiң кеңесшiсi Ермұхамед Ертiсбаев осы жылы 12 қаңтарда Лондонның “Чатам Хаус” клубында сөйлеген сөзiнде “Көшi-қон саясатындағы қателiктерден оралмандарды орынсыз көбейтiп алғанымыз Жаңаөзендегi қанды оқиғаға әкелiп соқтырды”, – дептi. Бiрақ Қазақстан бойынша зерттеудiң сарапшысы Лондон университетiнiң доцентi Бавна Давенiң: “Олай болғанда сiздердiң көшi-қон саясатында өзгерiс бола ма?” деген сауалын жауапсыз қалдырыпты әйтеуiр. Егер өйтпей “Ендiгi жерде шетелден қазақ қабылдамаймыз” десе, не дер едiк.
Қазақ көшi үзiлмейтiнiне мен сенемiн. Бiрақ, менiңше, “Әлемдегi 5 миллион қазақты түгелiмен көшiрiп аламыз” деген популистiк ұран ескiрдi. Оны мойындауымыз керек. Егер халықаралық саяси, әлеуметтiк оперативтiк жағдайлар туып қалмаса, 1990 жылдардағы сияқты дүбiрлi көш жуық арада бола қоймайды. Ендiгi жерде екi жағы да жақсы ойланған, сабасына түскен сабырлы көш, көштi басқаратын мемлекеттiк азаматтық икемдi жүйе қажет. Мен жүйе мынандай болуы керек деген ұсыныс айта алмаймын, көп болып ойлануымыз қажет шығар. Сайып келгенде осының бәрi заңға келiп тiреледi. 2011 жылы 22 шiлдеде “Халықтың көшi-қоны туралы” жаңа заң қабылданды. Заңда кейбiр iлгерiлеушiлiк бар екенiн жоққа шығаруға болмас. Бiрақ заң азаматтық, меншiк және басқадай заңдармен үйлестiрiлмегендiктен кейбiр қателiктер кеткен. Мысалы, атажұртқа келемiн деушiлер және келiп алса да ҚР азаматтығын ала алмай жүргендерi үшiн ендiгi жерде бұрынғы тұрған елiнiң азаматтығынан бiржолата шығып келу немесе анықтама әкелу мiндеттелген. Осыдан болып әзiрге квота және азаматтық алу мәселесi тоқтап тұр. Бұрынырақ ҚР азаматтығын алғандарға квота берiлмейтiн, ендi мiне, азаматтық алмағандарға квота берiлмейтiн болды. Менiңше, осы мәселелердi реттемей қазақ көшi көлiктi болмайтын түрi бар.
Жас Алаш
*тақырып өзгертілді