Өзбектер балаларын қалай тәрбиелейді?
2020 ж. 04 сәуір
12496
1
Бірер жыл бұрын, еңбек демалысымда емделейін деп, жеті күнге жанұяммен бірге, Өзбекістанның Ферғана облысындағы емдік шипажайына бардым.
Кеңес өкіметінің кезінен бастап қызмет көрсететін санаторий екен. Тура тоқсаныншы жылдарға тап болғандай күйге ендім. Әлгі шипажайда Ленин мен Сталиннің портреті жоқ демесең, қалғанының бәрі кеңестік кезеңнен қалған дүниелер.
Қарабайыр тірлік, қарапайым халық. Таңғы алтыдан өзбек ағам санаторийдің ауласына су сеуіп, сыпырудан бастайды. Шипажайдың маңы толған дәмхана. Палаудың түр-түрі. Қойдың майлы құйрығы қосылған тандыр самса. Кәуәптің алуан түрі. Қалаған балығыңды қуырып береді. Такси тегін десе де болады.
Жанында жайма базары бар. Құдай салмасын, қолдан жасалған дүниенің барлығы өзбекте ме деп қалдым. Өзбек халқын қолөнердің хас шебері десем артық емес.
Қолдан тігілген ұлттық шапандар мен мәсілер, саз балшықтан жасалған түрлі ыдыс-аяқ. Қолдан соққан пышақтың неше түрі, тігілген сан алуан бас киімдер. Аяқ киімнің түр-түрі. Бағасы анағұрлым арзан. Халыққа қолжетімді бағада сатылады. Ел соны алып, кәдімгідей тұрмыстарына пайдаланып жүр.
Байқағаным, қолөнер өзбек ағайындарда ерекше дамыған екен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіптің түрі өте көп. Емнен соң, уақытымды бос өткізбейін деп, төрт күннен бері бауырымдай болып кеткен таксист Хәкім әкәға "маңайдағы шеберханаларды аралатшы" деп өтініш білдірдім.
Өнеге болсын деген ниетпен балаларымды ертіп алып, кәсібін дөңгелетіп отырған өзбек ағайындардың шеберханаларына бас сұқтым. Бір шебер шапан тігудің қыр-сырын шәкіртіне үйретіп жатыр. Бір ұстаз шеберханасында төске қойған шәкіртінің қолындағы қып-қызыл темірді балғамен қамырдай илеп, пышақ жасап жатыр.
Терінің иісі мүңкіп тұрған бір шеберханасында жас жігіттер тері илеп әлек. Келесі есігіне кірсем, ала тақия киген ағам, жастарға аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгертіп жатыр. Енді бір есігіне бас сұқсам, сазды қолымен илеп тұрған қарт кісі, құмыра істеп жатқан жас балаға өз ақылын айтып отыр. Не деген берекелі кәсіп бұл.
Дәмді палаудан дәм татайық деп бір үлкен үйдің ауласына кірсек, дәмхана екен. Қаздай тізіліп, қаз-қатар тұрған жас аспаздар бірі сәбіз турап, бірі пияз ашып, енді бірі майға ет қуырып әлек. Бос отырған адам көрмейсің. Жәй отырғанның өзі, күріштің күрмегін тазалап отыр.
Басында ала тақиясы бар ақсақал, оркестірді бір шыбықпен айдаған дирижердай, бәрін ыммен басқарып отыр. Бұл аты шулы Тәшмәт әкәнің палауханасы, мынау молодой поварлар, сол кісінің шәкірттері. Ферғанаға келген меймон бұл жерден дәм тотпай кетпейді, Моқсот акә - деп, Алладиннің құманын тапқандай, таксистім маған қарап мәз.
Дәмді палау келе бергені сол еді, оң қолын кеудесіне қусырып "Ас болсын қозоқ меймонлар" деді қаба сақал қарт кісі. Біз де құр қалмайық деп, қуыс кеудемізге қолымызды қусырып жатырмыз.
Сәуірде жерді жарып шығатын, көктемнің иісіндей, сендерден берекенің исі аңқып тұр. "Осының сыры неде?" деп Хәкім әкәмә қарадым.
"Моқсот әкә! Бізде балиғат жасына толған баланы, бос сөз, әдепсіз әзіл-оспақ, әжуәмен құр уақытын өткізбесін деп, қабілетіне қарай ұстазға береді. Ұстаз бізді кәсіпке баулиды. Біріміз шапан тігеміз, біріміз пышақ соғамыз, құмыра жасаймыз, енді біріміз Тәшмәт әкәнің молодой поварларындай палау басуды үйренеміз.
Кәсіпті игеріп болғанда, ұстаздарымыз айтады. Сен дайынсың. Өз кәсібіңді ашсаң болады-деп. Енесінен айырған қозыдай, ұстаз бізге өз кәсібімізді ашуымызға рұқсат береді.
Содан біз ұстаздың ықыласы үшін, үйімізге ауқат жасап, ұстазымызды қонақ қыламыз. Иығына ала шапанымызды жауып, ұстаздан бата сұраймыз. Ұстазымыз: “Я Робби, мен бұл шәкіртіме разымын, Әлемдердің Раббысы сенде разы бол. Бұның кәсібіне берекеңді бер” - деп бата қылған соң ғана біз іс бастаймыз", деді ол.
...Мен ойлаймын, біздің ұлы өзбек халқының берекесін Жаратқан Жаббар Иеміз ұстаздарымыздың батасына жасырған секілді – дегенде, төбемнен жай түскендей әсер етті. Хәкім таксистен осындай сөз шығады деп мен ойламаппын.
Шипажайға барғанша бағанағы Хәкімнің сөзі ойымнан кетер емес:”Берекені ұстаздардың батасына жасырған шығар”.
Ынтымақ түбі ырыс-дегендей, Кәсіп түбі де - береке. Бай болу үшін кәсіп керек. Кедейліктің қамытын шешетін, тек адал кәсіп қана. Кәсіп болғанда да, ұстазыңның батасын алған кәсіп. Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас-деген. Кім біледі? Жарымай жүргенімізде: “Кәсіп жоқтай, оны үйрететін ұстаз таппай “ бейғам жүргенімізден емес пе екен?
Мақсат СҚАҚОВ,
Фейсбук парақшасынан