«Шпекбаев департамент басшысы Арлан Андасовты ұстатуға мәжбүр болды»
2020 ж. 28 наурыз
24188
0
Nege.kz порталының редакциясына хабарласқан оқырманымыз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Арлан Андасовтың қалай ұсталғанын баяндап берді.
Кеше және арғы күндері бірқатар БАҚ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы парамен ұсталғанын жазды. Алайда күдіктінің аты-жөні, қалай ұсталғаны айтылған жоқ. Агенттіктің баспасөз қызметі былай деп хабарлады: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті Агенттіктің 3-жедел департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол аса ірі көлемде пара алған деген күдікке ілінген. Ол ұсталып, Қызылорда қаласының тергеу изоляторына қамалды. Іс агенттік төрағасының жеке бақылауында».
Аты айтып тұрғандай, бұл департамент жедел-тергеу, іздестіру жұмысымен айналысады. Яғни аса маңызды департаменттердің бірі. А.Андасов 400 мың доллар пара алғаны үшін ұсталған. Ол басшылықтың тапсырмасымен Қызылорда қаласына келіп, Арыс қаласына көмек көрсету үшін құрылған қордан ақша жымқыру ісін тексерген. Қор қаржысының бір бөлігі көлденең фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналып, жеке адамдардың қалтасына түсіп кетіпті. Андасовтың назары төрт ірі компания мен олардың басшыларына ауған. Міне, Андасов дәл осы төрт кәсіпкерден Алпамыс Ыдырысов деген әлдебір делдал арқылы 400 мың доллар алмақ болған. Делдал параның 300 мыңын жемқорлықпен күресуші бастыққа беріп, ал қалған 100 мыңын өзі қалтаға басқысы келген. Делдал қашып үлгеріп, Андасов қолға түскен. Параны қолма-қол алып жатқанында ұсталмағанымен, дәлел жеткілікті деседі.Департамент басшысы А.Андасов неге Қызылордада қамалып жатыр? Неге істі Агенттік төрағасы А.Шпекбаев жеке бақылауына алды? Сенімді ақпарат көзінің дерегіне сүйеніп, бәрін рет-ретімен баяндайық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің білдей бір департамент басшысының кінәсі дәлелденсе, агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың абыройына ауыр соққы болатын түрі бар. Мұндай жағдайда Шпекбаев Мемлекет басшысының атына «мені қызметтен босатуыңызды сұраймын» деп рапорт жазуға құқылы. Өйткені, қарамағындағы қызметкері жемқорлық жасаса, бірінші басшыны жазалау туралы заңға өзгерту енгізуді Шпекбаевтың өзі кезінде белсенді насихаттаған. Ендеше, сол ұстанымын тағы бір дәлелдеуге таптырмас мүмкіндік осы. Әрине, карантин кезінде Президент Қ.Тоқаев А.Шпекбаевтың рапортын қабылдамауы мүмкін. Күні кеше ғана оған карантин кезінде шенеуніктердің есін алмауды тапсырды. Бірақ ерте ме, кеш пе, карантин бітеді. Бәлкім, содан кейін әлгі рапорт Мемлекет басшысының есіне қайтадан түсер...Ұлттық қауіпсіздік комитеті біраздан бері Андасовқа «көз қиығын салып» жүрсе керек. Бірақ не себепті екені белгісіз, оны өздері ұстамаған. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың алдына барлық дәлелдерді қойып берген. Шпекбаевтың өзіндік қауіпсіздік департаментіне Андасовты дереу ұстауды тапсырма беруден басқа амалы қалмаған. Бұл істі төрағаның өзі «жеке бақылауына» алуының басты себебі – осы. Алайда Андасов кінәсін мойындамай отырған көрінеді. Өйткені делдал әлі ұсталған жоқ.