ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТЕ КӨТЕРІЛГЕН ТІЛ МӘСЕЛЕСІНІҢ ШЕШІМІ ТАБЫЛУЫ КЕРЕК– Қуаныш Жұмабек
2020 ж. 25 наурыз
4275
0
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған болатын. Ұлттық кеңес құрамына қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер мен әр түрлі саладағы кәсіби мамандар кірді. Кеңес қызметінің негізгі мақсаты – жұртшылықпен, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін кеңінен талқылау негізінде ұсынымдарды тұжырымдау. Президенттің төрағалығымен өткен аталмыш Кеңестің отырыстарында халықтың тамыры дөп басылып, елдің талап-тілектері ескерілетін алаң екені аңғарылды. Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау, сондай-ақ парламент, өзін-өзі басқару ісі, сайлау, саяси партиялар құру, митингтер туралы заңдарға өзгеріс енгізу сияқты маңызды тақырыптар Президент деңгейінде талқыланып, мемлекет дамуының демократиялық моделі айқындалғандай. Қысқа мерзімге қарамастан, кейбір ұсыныстар бойынша оң шешімдер қабылданып та жатыр. Бұл, сөзсіз, халықтың билікке деген сенімін арттыра түседі. Біздегі саяси трансформацияны тілімізден бастаған дұрыс сияқты. Халқымызды біріктіретін, олардың басын қосатын тіл – қазақ тілі. Сыртқы ақпараттық экспансия мен жат идеологиядан қорғап, антивирус болатын да – осы тіл. Қазақстанның өз ішіндегі параллель екі тілді әлемде өмір сүріп жатқан қоғам алаңдатпай қоймайды. Бір тілде сөйлеп, бір идея төңірегінде топтасу арқылы ғана біртұтас ұлт болып, мемлекетіміздің іргесін одан әрі нығайта аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналатын Қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет», – деп, тіліміздің тамырына қайта қан жүгірткенін білеміз. Мемлекеттік тілдің барлық салаларда үстемдік етіп, күнделікті қатынас тіліне айналуы үшін ең алдымен ұлттық терминқорымызды жетілдіріп, оларды біріздендіруге тиіспіз. Ол үшін ҚР Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминалогия комиссиясы қазіргідей консультациялық-кеңесші орган емес, мемлекеттік орган болу керек. Өйткені, Мемтерминкомның шешімдері міндетті сипатқа ие болған жағдайда ғана, ұлттық терминологиямыз тұрақталып, қазақ тілі өз тұғырына қонады. Түркия, Қытай, Ресей, Германия, Жапония, Дания сияқты мемлекеттерде терминология жұмыстары заңмен қатаң бақыланатынын айта кеткен жөн.
Елімізде ұлттық иммунитетімізді көтеру жолында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осылардың нәтижесінде, қазіргі таңда мемлекеттік тілдің рөлін күшейту бойынша консенсус қалыптасты деуге негіз бар. Ұлтты ұйыстыратын ұтымды ұсыныстар мен келсаппен түйгендей кесімді сөздер айтылған Ұлттық кеңесте тіл мәселесінің шешімі табылып қалар деген ойдамын. Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры. Еліміз, тіліміз мәңгі болғай!
Қуаныш Жұмабек,
PhD докторы,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы