Нағашыбай Қабылбек: МЕН ӘНШІЛЕРДІ НЕГЕ ТЫҢДАМАЙМЫН?
2020 ж. 21 наурыз
2235
0
Жұрт "коронавирус келді" деп жанталаса қорғанып жатса да, билік сақтаныңдар деп ескертіп жатса да телеарналарда әншілер мерекесі жалғасып жатыр. Таусылмайтын неткен мереке бұл?! Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы деген осы емес пе?
Қоғамдағы саяси мәселелерге "қыңқ" демейтін, биліктегі ауыс-түйіске "бүлк" етпейтін, сөйте тұра елдің көңілін өздеріне бұрып ала қоятын осы әншілерге халық дән риза!
Жантайып жат та, небір клоундардың әзілін, аласұрған, өзін-өзі түтіп жеген әншісымақтардың әнін тыңдай бер. Алайда менің айтпағым мүлде басқа...
"Менің атым Қожа" фильмін көрмеген қазақ жоқ шығар. Сонда Қожаның "Сұлтан, сен әртіссің ғой, әртіссің" деп екі аяғын ербеңдетіп, шалқалап жатып шегі қата күлетін сәті бар. Соның мәнісін енді түсініп келемін. Сол Қожа әулие ме деймін қазір. Өйткені әртіс болуға да кейде өлермендік, арсыздық керек сияқты.
Қарап отырсам нағыз өмір осы артистердікі. Қызғанып отырсың ғой, десеңіз өз еркіңіз. Мен өз пайымымды айтып отырмын. Баяғыда ауылдағы әжелеріміз "Ұялмағанның бәрі әнші болады" деп отыратын. Сол сөз шындыққа айналып келеді.
"Қамсыз, ойсыз адам қара суға семіреді" дейді атамыз қазақ. Сол рас. Әйтседе әншілерді құтыртып қойып отырған сол аталы қазақтың бүгінгі ұрпағы.
Бәрі қымбат деп билікке өкпелейтіндер, шерулетуге дайын тұратындар, әншіге соңғы сиырын сатып ақша беріп жатқанына өкінбейді. Қынжылмайды. Бұл не сиқыр, ә? Әншілерсіз той өтпейді, әншілерсіз кеш өтпейді. Әншілер жүрген жер той-думан ғой шіркін.
Сонау Алматыдан, Астанадан арнайы ұшақпен қонаққа шақырылатын да сол әншілер. Телеарна мен әлеуметтік желінің де "жұлдызы" солар.
Бала біткеннен "Өскенде кім боласаң?" деп сұрап көріңізші? Бәрі әнші болуға талпынып тұрады. Инженер, электрик, сантехник т.б қажетті мамандыққа кім барады сонда?
Әнші болу бала санасында - оңай жолмен ақша табудың ең жеңіл түрі. Өйткені көзін ашқалы көргені үлде мен бүлдеге бөленген әнші, халықтың шапалағынан дірілдеген зал... Масайған, қалбалақтаған әртіс...
Бір кедейге садақа беруге сараңдығы ұстап тұратын байлардың қадірлі қонағы да, ермегі де сол - әншілер.
Бір заманда Адмирал Колчак: - Әншілер мен жезекшелерге ешқашан тимеңдер.Олар кез келген билікке қызмет етіп пайдалы болады - дегенін кім ескеріп жатыр қазір. Дегенмен Колчак біліп айтқанға ұқсайды. Қоғамдағы өзгеріске, түрлі саяси оқиғаларға үн қосқан әнші бізде жоққа тән ғой .
Данышпан Абай айтқан "Әннің де естісі мен есері барын" бағамдап жүрген қазақ тағы тым аз.
Телеарналарды қосып қалсаң, "жұлдыз" біткен шіреніп отырады. Дарылдаққа да, қырылдаққа да, шырылдаққа да өздерінше баға беріп жатады. Күлкің келеді.
Бітпейтін әнші дайындау, жаңа жұлдыздың тұсауын кесу, ойбай, толып жатыр ғой тере берсек.
Ең қызығы, телеараналар мен сайттарға да оқырман тауып беріп отырған осы әншілер... Не құдіреті бар бұлардың, ә?
Күні кеше сазгер Марат Омаров елді әбігерге салған коронавирусқа "кет, кет, кет" деп ән арнап, адыраспанмен аластағандай күйге түсірді. Қазір тыңдармандары молая түсуде.
Ал халыққа игі тілек, жақсы уағыз, тағылымды дәріс айтатындарды тыңдайтындар сирек. Өте сирек...
Әншілерге құрақ ұшып, жеңіл әнге құлай түсіп, көңіл көтеруді қалайтын халықты табанға салып илеуде, төріне шығып билеуде оңай. Сол үшін де әншілер телеарна төріне "қожалық" етуде. Тоқпағы мықты болса, темір қазық жерге кіреді деген осы ма деймін.
Біреуге жағар, біреуге жақпас, әйтседе айтайын, мен соңғы жылдары "жұлдыз" әншілер жүргізетін бағдарламаларды көруді қойдым. Керек десеңіз олардың әнін мүлде тыңдамаймын. Неге десеңіз айтайын: Біріншіден көбі фонограмамен халықты алдап жүр.
Екіншіден, жеңіл әндерге тым әуес. Салмақты әндерді шырқауға көбінің қауқары шамалы.
Үшіншіден, көбінің отбасында проблема. Бір байдан бір байға секіріп жүрген кей әншілер халыққа ынтымағы жарасқан отбасы туралы "уағыз" айтады. Екі-үш қатын жібергендері «махаббат» туралы сұхбат береді. Соған күлкім келеді.
Төртіншіден, танымалдыққа ие болғандары халыққа төбеден қарайтыны қынжылтады. Әсемсіп, сәнсіп кетеді. Асылық сөйлеп, аспандап кетеді.
Бесіншіден, жеңіл әуен, адамды ойланудан,
терең зерделеуден алшақтатады. Сондықтан «жұлдыздардан» қашып жүремін.
Адольф Гитлер кеңес үкіметіне шабуыл жасағанда былай депті деседі: - Жаулап алған елдердің жастарын жеңіл әуенге билетіп, әншілерін елге сүйікті етуге күш салу керек. Адамдарға ойлануға мұрша бермеу керек. Сонда ән әуеніне елтіген халық өзін бақытты сезінеді». Бұл не көрегендік пе?
Әншілерді пір тұтатын халықтың көбі қоғамдағы өзгерістерге, саяси ойындарға бір селт етпейтінін көріп, «Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» жұрттың миын, санасын «құтырған әндер» құртып жатқан секілді көрінеді маған? Сізге қалай?
ПЫ-СЫ: Қазақы дәстүрге сай ән айтатын жыршы, термеші, жырауларды талғамға сай тыңдап тұрамын. Олар менің рухымды көтереді. Тағылымды ойлар салады...
Нағашыбай Қабылбек,
Фейсбук парақшасынан