Қазақстанда коронавирус туралы сайт іске қосылды
2020 ж. 20 наурыз
1719
0
Қазақстанда коронавируске қатысты ақпараттарды тарататын жаңа сайт іске қосылды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Құрметті достар! Қазір азаматтарды коронавирусқа қатысты жедел әрі сенімді мәліметтермен ақпараттандыру - ең маңызды мәселе. Кей уақытта қоғамды ақпараттандыру мен қарым-қатынастың жеткілікті дәрежеде тиімді болмай жатқанын мойындау керек. Түрлі ақпарат құралдары, әсіресе мессенджерлер арқылы жалған ақпараттың таралуы көптеген қиындықтар туындатуда. Осы орайда coronavirus2020.kz сайтының іске қосылғанын хабарлаймын. Бұл ресурста төтенше жағдай бойынша, карантин кезіндегі тәртіп пен мемлекеттің коронавирусқа қарсы жасап жатқан шаралары жөнінде, сондай-ақ, желіде тараған жалған мәліметтерді теріске шығару және басқа да барлық өзекті ақпараттар жинақталады. Азаматтар үшін сайтта арнайы сұрақ-жауап айдары болады, ол жерде әрбір пайдаланушы өзіне қажетті сауалына жауап ала алады. Сіздерден осы мәліметті таратуды және сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгінуді сұраймын», - деп жазды министр Facebook парақшасында.