Той жасаған түркістандық жазаланды
2020 ж. 18 наурыз
4445
0
Төтенше жағдай кезінде той жасаған түркістандық жазаланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
17 наурызда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде үйінің ауласында белгісіз тұлғаның адамдардың басын қосып, той жасап жатқан бейнежазбасы таралды. Бұл дерек бойынша Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шұғыл іздестіру шараларын қабылдады.
Полицейлердің айтуынша, оқиға 16 наурызда түнгі уақытта Түркістан қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде болған.
"Қалалық полицейлер төтенше жағдай режимін бұзып, жиын өткізгені үшін той иесіне қатысты ҚР Әкімшілік - құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды", делінген хабарламада.
Осыған байланысты ведомство өкілдері заңға бағыну керегін ескертеді. Төтенше жағдай кезінде жиын, басқосуларды ұйымдастырмай, мүмкіндігінше сақтық шараларын жасап, денсаулыққа мән беру қажет екенін айтады.