Әлегі көп әлеуметтік көмек
2020 ж. 14 наурыз
1573
0
Қарағанды облысында атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алды деген 350 отбасы жауапқа тартылуда. Еңбекпен қамту бөлімі сотқа сүйрегендер 33 миллион теңгені қазынаға қайтаруы тиіс.
Заңгерлер биліктің бұл әрекеті заңға қайшы дегенді айтады. Өйткені шенеуніктер әлеуметтік жәрдемақыны тағайындағанда арыз берушілердің табысын жіті тексермеген. Мысалы, кәмелетке толмаған 7 баласы бар Сәрсенбаевтар отбасы әлеуметтік көмекті былтыр төрт ай алған. Алайда аузы асқа енді жарыған жанұяның берекесі ұзаққа созылмады. Күзетші болып істейтін отағасының қыста мектептің ошағына от жаққаны кедергі болыпты. Үкіметі жарылқап, жәрдемақы берген көпбалалы отбасы енді биыл сол төрт айда алған 517 мың теңгені қайтаруы тиіс. «517 мыңды қайдан алып төлейміз, қайдан көмек бар бізге? Ертең мен «Алтын алқа» алайын деп отырған анамын. Сонда маған «Алтын алқаны» не деп береді?» - дейді көпбалалы ана Нәзгүл. Мамандардың айтуынша жұмыспен қамту орталықтары осындай отбасыларға берілген жәрдемақыны толық талап етпесе де болады екен. Тек жан басына шаққандағы күнкөріс шегі 20897 теңгеден асқан соманы сұраса, заңға қайшы емес көрінеді. Бірақ жемқорлардың жемсауында кеткен миллиардтарды көрмесе де, көпбалалы анаға берілген санаулы артық ақшаны қайтсе де қайтаратын біздің билік ондай қадамға бара қояры екіталай.
qazaquni.kz