Қарағұсоваға күйінетіндей не көрінді?
2020 ж. 14 наурыз
3671
0
Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың пікірінше, мемлекеттің салық төлеушілердің есебінен несиелік қарыздарды кешіруі дұрыс емес. Бұл туралы депутат Мәжілістің салық заңнамасындағы өзгерістер талқыланған отырысында айтты.
Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың несиелерінің бюджет есебінен кешіріліп жатқаны Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың ашуына әбден тиіп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрген көрінеді. Оның есебінше олар «Біз бен сіздің есебімізге өмір сүріп жатыр» екен. Депутат Мәжіліс отырысында Үкіметтің бұл әрекетін қатаң сынға алды. «Өмірімде бір рет ипотека, екінші рет несие алдым. Бәрін уақытынан бұрын жаптым. Неге олай жасағынымды білмеймін. Өйткені менің де қарызымды қазір жауып беретін еді. Мен несие алып, оны төлемейтіндерге күйініп жүрмін. Үкіметтің бұл саясатымен келіспеймін» -деді ол тұрмысы төмен тұрғындарға жасалған жеңілдіктерге ашық түрде қарсы шығып. Дәп осы сөз халық қалаулысының аузынан шықты дегенге сенгіміз келмейді. Жұрттың қамын жейді деген депутатымыздың түрі осы болса әкімдер мен министрлерден не күтуге болады?
Қазақшадан қақалып, сөйлей қалса көпшілікті күлкіге қарық қылатын Қарағұсоваға «Неге олай жасағанын білмесе», біз түсіндіріп берейік. Біріншіден, алдындағы қызметтерді айтпаған күннің өзінде 1995 жылдан – ҚР Құнды қағаздар бойынша ұлттық комиссиясының төрайымы, 1997 жылдың қаңтар айынан – «Қаржы нарықтары институттары» ҚҚ президенті, 1997 жылдың мамыр айынан – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрайымы, 2001 жылдан – ҚР тұрғындарды әлеуметтік қорғау және еңбек министрі, 2007 жылдан бері – ҚР Парламенті Мәжілісі «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутатысыз. Демек осы жылдар бойы үнемі халық есебінен жоғары жалақы алып, түрлі жеңілдіктер көріп келдіңіз. Тұрмысы төмендер үшін жоғары лауазымда жүріп шыбық басын сындырмағаныңызды ешкім көзге түртіп көрсетіп, халық күйінген жоқ. Іштарлықтан ішіңіз күймесін, жеңілдік жасалса ол халықтың өзінің ақшасы, сіздің жеке қалтаңызға қол салып жатқан ешкім жоқ.
Екіншіден, халықтың тұрмысы төмен болғандықтан оларға көмек көрсетіліп жатқанын ұмытпаңыз. Сіз министр, депутат болып халыққа не жақсылық жасадыңыз? Экономика ғылымының докторы ретінде тығырықтан шығар жол сілтедіңіз бе? Жоқ. Депутат ретінде жайлы орында жоғары жалақы алып отырғаныңыз сол бүгін қиналып жатқан халықтың арқасы екенін ұмыттыңыз. Ал, жұрттың ақшасын санағыңыз келіп шыдай алмай бара жатсаңыз, жемқорлардың жемсауында кеткен, алды шетелдерде жатқан миллиардтаған қаржыны халыққа қайтаруға күш жұмсаңыз.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz