Бюджет шығындары қысқартылды
2020 ж. 14 наурыз
2246
0
Әлемдік мұнай бағасының күрт арзандауына байланысты Үкімет бюджетті қайта қарап, үнемдеуге болатын шығынның бәрін қысқартуға кірісті. Әсіресе, кейінге қалдыруға болатын шаралардың шығынын түгел жауып жатыр.
Шектеудің тек әлеуметтік төлемдерге қатысы жоқ. Ал әлеуметтік жәрдемақылардың шығынын сол үнемделген қаражат есебінен толықтыру к-здел3п отыр. Ендігі мәселе күрт төмендеген мұнай бағасының ел қазынасына әсері жайлы болып отыр. Қазіргі басты міндет – әлеуметтік төлемдерін өз күйінде сақтап қалу. ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайлов зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектерді индексациялау үшін шаралар қабылданады деп сендірді. Теңгенің бағамына байланысты бірқатар шығыстар да индексацияланады. Ал халқымыздың басым бөлігін құрайтын еңбекшілердің жалақысы мәселесі ашық қалды. Оны алдағы уақытта кәсіпорындар мен мекемелердің өздері шешуіне тура келетін сияқты.
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа тапсырған болатын. Жалпы, алдыңғы жылы елдің үшжылдық бюджетін жасағанда мұнай бағасын 55 доллар, ең қиын жағдайда 45 доллар деп негізге алынған еді. Қалыптасқан жағдайға байланысты біздің министрлер 30 доллардың өзі біздің бюджетке «қауіпті емес» дегеннен танбай отыр. Әйтсе де биылғы бюджет шығындары қайта қаралып, сәуір айының ортасында жаңа ықшамдалған нұсқасы ұсынылмақшы.
qazaquni.kz