Қазақ тіліндегі сапалы контент жетіспей тұр - депутат
2020 ж. 02 наурыз
1543
0
«Келешекте қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін тез қимылдауымыз қажет», - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алғыс айту күнінде еліміздің бастамашыл тобы қазақ тілін дамыту барысындағы мәселелерді шешуге тың сүрлеу салып отыр. Ұлтаралық тілге айналу жолын бөгеп тұрған себептер де баршылық. Мұны мойындап, мәселелерді анықтап алмайынша, қоғамда түсініспеушілік пен дау-дамай жалғаса береді әрі тілді күнделікті өмірде қолдану уақыты созыла береді. Міне, сондықтан да бастамашыл топтың мүшесі Максим Рожиннің айтуынша, осы мәселеге ерекше назар аудару керек. Назар аударудан бөлек мемлекеттік тілді үйрету үшін нақты әсері болатын экожүйені қалыптастыру қажет.
«Экожүйе жігерлі жігіттердің күшімен, мысалы, Қанат Тасыбеков, Владислав Тен және тағы басқа жігіттердің тиімді оқыту тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады. Үйренгісі, үйреткісі келетін кез келген азамат хабарласуына болады. Бастамының мәні қарапайым ғана – кім тілді үйренгісі келеді, соған кеңеспен, әдіспен, сөзбен, іспен көмектесу. Ол қадам басты, тіл үйренгісі келеді, ендеше оның акцентіне күлме, көмектес», - дейді Максим Рожин.
Экожүйе өсе береді, дами береді. Қоғамдық белсенді Мұрат Әбенов бұл бастаманың қоғамнан қолдау табатынына сенімді: «Қазақ тілінің энтузиасты болу – бұл тек тілді білу мен оны үйрену ғана емес. Тілді дамытудағы кез келген кедергіні шешуге атсалысып, жан-тәніңмен берілу. Бұл мәселенің бәрімізге қатысы бар екенін ұғыну. Алға басу үшін бізге тіл клубтарының алаңқайлары мен онлайн-сабақ жазатын, кітап аударатын, сараптамалық пікірталасқа қатысатын тәлімгерлер керек. Бұл бастамаға қалыптан тыс ойлай алатын, өзіндік мені бар, жаңа заманны көшіне ілесе алатын адамдар керек».
Бастамашыл топтың ойынша, қазақтілді ортаны қалыптастыру үшін лекция тыңдап, курсқа қатысып, тілді белсене үйреніп қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолданып, мысалы, қазақы ән мен күй тыңдап, қазақша газет-сайт оқып, айналаңмен қазақша сөйлесу керек.
«Қазір бізге жетпей тұрғаны қазақ тіліндегі сапалы әрі жөні түзу контенттер. Мысалы, телеарна, интернет, тіпті Youtube арналар. Былай қарасаң, бәрі ұсақ-түйек нәрсе секілді, бірақ ертең жаңа буын шала тілмен тәрбиеленіп шығады ғой», - дейді Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских.
Қазақстандағы мемлекеттік тілді үйрететін, сәтті шыққан әдістемелік құралдардың денін осындай энтузиастар шығарған. Сондай бастамалардың бәрін осы қозғалыс аясында біріктірсе, көп жетістікке жетуге болады. Ал қазір энтузиастардың пайдалы ұсыныстары мен ақпараттары kaztilinekomek@gmail.com поштасына жөнелтіліп жатыр. Барлық ұсынысты жұмысшы топ қарап, саралайды.
«Біздің тиімді тәсілдеріміз бар. Инфрақұрылым да бар: клубтар, қосымша сабақтар мен курстар бүкіл еліміз бойынша жүріп жатыр. Мысалы, біз Қанат Тасыбеков екеуіміз жаңа тәсілді - «квадрат ішіндегі» Тасыбеков – Тен ұсынып отырмыз. Тен оқушыға тіл грамматикасы мен теорияны түсіндірсе, Тасыбеков білімді дамытып, тілдік ортада үйренгеніңді қолданысқа енгізуге көмектеседі. Егер біз сияқтылар көбейсе, - дейді, Владислав Тен, онда тілді білгісі келгендерге дұрыс бағыт беру мен көмектесу жеңілдер еді». Қазақ тілін отыз жыл зерттеп, үйренген, өз әдістемесін шығарған атворға сенбеске лаж жоқ.
Қанат Тасыбековтың айтуынша, қазақ тілін үйретудегі жұмысы мемлекеттік дәрежеде мойындалған, «Мәміле» лингвистикалық жобасы еліміз бойынша жайдан жай ашылып жатқан жоқ – бұл қазіргі заманда мемлекеттік тілге деген ынтаның жоғары болуының нәтижесі.
««Ситуативный казахский» әдістемесінің ерекшелігі – тілді ұлттық менталитет, ерекшелікті ескере отырып үйрету, тарихтың қызықты тұстары, фольклорлық ұғым, қазақ халқының дәстүрі мен ұлттық құндылығы және тағы басқаны түсйсінбей тұрып, тілді үйрену мүмкін еместігі», - деп атап өтті лингвистикалық бестселлердің авторы Қанат Тасыбеков.
Жаңа жалпыұлттық қозғалыс бастамасының жетекшілерін қоғамдық тұлғалар мен белсенділер – Геннадий Шиповских, Максим Споткай, Николай Энелане, Руслан Рақымжан, Әсел Әлімханова, Әскер Периев және тағы басқа азаматтар қолдап отыр.