Қыруар қаржыны шетелге кімдер әкетіп жатыр?
2020 ж. 29 ақпан
4548
0
Еліміздегі бірқатар ақпарат құралдарының (КТК) жариялауынша 2019 жылы біздің елімізден 27 триллион теңге банктер арқылы аударылып, шетел асып кетіпті. Бұл сома еліміздің өткен жылдық бюджеттік кірісінен (6,8 трлн. теңге) төрт есеге жуық көп.
Аталмыш қаржы операцияларының басым бөлігі екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылған. Аударылған 27 триллион теңгенің 80 пайызы бес мемлекетке жіберіліпті. Олардың қатарында Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Италия және АҚШ алдыңғы қатарда тұр. Бұл бестіктің ішінде Ұлыбритания мен Ресейге 10 триллион теңге аударылған. Министрлік ақша аударымдарын жай ғана тіркеп қоймай, арнайы бақылауға алынады деп сендірді. Ол үшін комитеттің бірыңғай ақпараттық-сараптамалық базасы бар екен. Барлық күдікті мәлімет сонда жинақталып тіркеледі екен. «База тиісті сараптаманы қолдана отырып, күдік өлшемін анықтайды. Операциялар ақша жымқыру немесе терроризмді қаржыландыруға байланысты күдікке ілінсе, ақпаратты Бас прокуроратура бақылауға алып, әрі қарай қудалау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі» - дейді ҚР Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Лесбеков. Бірақ Қаржы министрлігі тағы да әдеттегідей ақшаны триллиондап шетел асырып жатқан азаматтардың немесе компаниялардың нақты атын атаған жоқ, тағы да құпия күйінде қалды. Сонда сыртқа заңсыз шығарылып жатқан қаржы тасқынына кім тосқауыл қоюы керек? Оның көлемі адам шошырлық, ал елімізде қаржы тапшылығы тұрақты болып тұрады. Бұл тек қана статистикалық мәлімет беретін мекеме болғаны ма? Олай болса Қаржы министрлігі жасаулы қызын шетелге ұзатқан құданың, құқық қорғау орындары қызжолдастың рөлін ғана атқарып отырғаны ғой.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz