Амандық Баталов мердігерлерге шүйлікті
2020 ж. 25 ақпан
1323
0
Талдықорған қаласы «Қаратал» шағын ауданында студенттерге арнап салынған 288 орындық жатақхана бірер айдың ішінде пайдалануға берілмек. Дегенмен бүгін нысанға арнайы барған облыс әкімі Амандық Баталов жатақхана айналасын абаттандыру жобасын сынға алып, жатақхананың ішкі жабдықталуына қатысты бірқатар ескертпелер айтты. Сол сияқты қаланың іргелі нысандарының бірі – жабық жүзу бассейнінің де құрылыс жұмыстарының барысын көрді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алдымен жатақхана ғимаратына келген облыс басшысы Амандық Баталовқа нысанның маңайын абаттандырудың бас жоспары көрсетілді, орнатылатын орындықтар, жарық шамдары, төселетін плиткалар түрлерінің бірнеше варианттары ұсынылып, пайдаланылатын нұсқасы келісілді. Абаттандыру жұмыстарын «Сапа құрылыс» мекемесі жүргізуде. Бас жоспарда көрсетілгендей, мұнда жатақхана маңы ғана емес, оған іргелес орналасқан аумақтың барлығы Ардагерлер паркіне дейін тұтас абаттандырылмақ. Онда балалар ойын алаңдары, ересектердің тынығатын орын, жүгіру жолы, воркаут, спорт алаңы сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылатын болады. Облыс әкімі жоспарланып отырған балалар алаңы және басқа да шағын алаңдардың барлығының жеке-жеке жобасын сұрады. Оған әзірге қала әкімдігі дайын болмай шықты.
- Көктем болса келді. Сендер әлі қай жерге қандай ағаш егетіндеріңді білмейсіңдер. Жатақхана маңайын абаттандырғанда оның басқа ғимараттармен, тұрғын үйлермен шектесін тұстарының үйлесімін де әлі ойластырған жоқсыңдар. Осы жұмыспен күнделікті айналысып жүрген болсаңдар, егетін әр ағашты, төсейтін әр плитканы жатқа білетін едіңдер. Келесі аптада барлық жобаларды егжей-тегжейлі таныстыратын болыңдар, - деген Амандық Баталов бірінші орынбасары мен қала әкіміне ескерту беретінін айтты. Сол сияқты мердігер компанияның өкіліне «Жұмыс істеп жатқан адамдарың неге аз? Ертеңнен бастап осы аумақта жұмыс қайнап жататын болсын. Мен күнде өтемін осы тұстан. Бақылап қарап отырамын», - деп ескертті.
Облыс басшысы ғимараттың ішін аралап көріп, фойені безендіру мен жабдықтау туралы ұсыныстарын айтты. Сол сияқты жатын бөлмелердегі қос ярусты төсектің сапасын сынға алып, заман талабына сай басқа кереуетпен ауыстыруды тапсырды. Асхананы, оқырман залын, кинозал, демалыс бөлмелерін аралады. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевқа оқу орнының инженерлік желілерге және басқа да техникалық жағынан жауапты мамандарының ғимаратты тыңғылықты қабылдап алуын тапсырды. «Айтылған кемшіліктермен жұмыс істеңдер. Жатақхананың маңайындағы жұмыстарды апта сайын өзім қадағалап отырамын», - деді Амандық Баталов қала әкімдігіне.
Атап өтсек, бұл нысан - Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында Талдықорғанда арнайы салынған студенттердің алғашқы жатақханасы.
Бұдан соң облыс әкімі жабық жүзу бассейнінің құрылысын көруге барды. Күніне 750 адам қабылдауға қауқарлы бассейн Талдықорғанның ең көрнекті нысандарының бірі болмақ. Облыс басшысы қызу жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, ішкі әрлеу жұмыстарының жобасын бірлесіп қайта жасау керектігін айтты. Сол сияқты арнайы инвентарьлармен, лед-экран, су асты камералары сияқты құрал-жабдықтармен қамту ісін егжей-тегжейлі ойластыру керектігін айтты. Атап өтсек, қазір бұл нысанда құрылыс жұмыстарының 70 %-і аяқталған.
- Мұнда су спортының барлық түрлерімен айналысуға жағдай жасалады. Осы нысанда болашақта Талдықорғанның мықты спортшыларын, чемпиондарын тәрбиелейміз, - деген А. Баталов ғимараттың сыртқы келбетіне, маңайын абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.