Төтенше жағдайдан да тыс қалмайды
2020 ж. 24 ақпан
1178
0
Қызылордада «Волонтер жылына» орай еріктілер «Игі істер уақыты» бастамасымен төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына да атсалысты.
Бұл ауқымды шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ұжымдары қатысты. Департамент пен филиал қызметкерлері Сырдарияның Қызылорда қаласының тұсындағы көктемгі кезде қауіпті саналатын аумақтың бірінде жағалау нығайту жұмыстарына көмектесті. Кеңсе қызметкерлері қапқа топырақ толтырып, өзен жағалауына бөгет жасады. Бұл жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына Төтенше жағдай саласының мамандары жетекшілік жасап, бағыт-бағдар берді. «Волонтерлік бізге жат емес. Халқымызда ата-бабамыздан келе жатқан асар жасау, жылу жинау, ерулік беру секілді ізгі дәстүрлер бар. Биыл Еріктілер жылы аясында қоғамға пайдалы шаралар жасалуда. Біз де сол игі іске қолдау көрсеттік. Еріктілер білім, медицина, мәдениет, спорт, экология, әлеуметтік қайырымдылық және басқа да бағыттарда көмек көрсетуде», – дейді департамент басшысы Нұрман Талқанбаев. Қыс аяғы мен көктем басында дария арнасынан асып тұрғындарға жиі қауіп төндіреді. Бұл шара соның алдын алу бойынша жоспарлы түрде жүргізілген болатын.
qazaquni.kz