Сапалы мамандар әзірлеу - жарқын болашаққа бастаған қадам
2020 ж. 23 ақпан
1203
0
Сапалы мұғалім даярлау жолында Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Такир Балықбаев бастаған басшылық осы күндері мектеп аралап, төртінші курс студенттерінің оқу-іскерлік тәжірибелерінің ашық сабақтарына қатысып жүр.
Болашақ мұғалімдердің сабақ барысындағы ізденісімен толығырақ танысу мақсатында Алматы қаласы білім басқармасы, Жетісу аудандық білім бөліміне қарасты №43 жалпы білім беретін мектепке университет ректоры Такир Оспанұлы арнайы атбасын бұрды.
Ашық сабақтағы студенттер мен оқушылардың жетістіктері мен кемшіліктері туралы мектеп директоры аудандық білім бөлімінің мамандарымен ой бөлісті. Мектеп директоры және аудандық білім бөлімнің мамандары студенттер тәжірибесінің дұрыстығын және алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жұмыс істей отырып жоғары нәтижеге қол жеткізе алатындығын атап өтті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 2019-2020 жылдың жаңа оқу жылынан бастап, диплом алатын күніне дейін бір жыл бойы оқу тәжірибелерін мектепте өткізу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Осынау игі бастама аясында төртінші курс педагогикалық мамандықтағы студенттері Алматы қаласының мектептерінде тұрақты түрде мамандығының қыр-сырымен жете танысатын болады.
"Егер сапалы маман шығарамыз десек, студент мектеп қабырғасында теориясымен практикасы қатар жүруі тиіс" деген ұстанымдағы университет ректоры Такир Оспанұлы өзі бастап, студенттерінің сабақ беру деңгейін тексеруге кірісті. Студенттерге берері мол осынау шара университеттік Мансап орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асуда.
Алдағы уақытта Абай университетінің қолға алған пилоттық практикалық жүйесі еліміздің барлық педагогикалық оқу орындарына кеңінен таралады деген ойдамыз. Себебі әлемнің осындай озық дуалдік жүйесі өз нәтижесін беруде.
Сапалы педагог – білім саласын дамытуға зор үлес қосатын басты тұлға. Әрі мемлекеттік сенімді дамуға әкелетін құбылыс.
Абай университеті осылайша саннан сапаға көшу жолында студенттерін мектепте өндірістік іс-тәжірибеден өткізумен бірге профессорлық-оқытушылық құрамын да отыз сағатпен мектептерге жіберуді қолға алды. Бұл да өзіндік профессорлардың теориясын бүгінгі мектеп білімімен үндесуі үшін қажетті шара болмақ.
Мақсат ЖАҚАУОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ ректорының Жастар ісі жөнінен кеңесшісі
qazaquni.kz