Қасым-Жомарт Тоқаев: Жат үдерістерге тыйым салуға тиіспіз
2020 ж. 21 ақпан
1932
0
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірет-Сұлтан мешітіне барып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңадан сайланған бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті бас мүфтиді жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі. Кездесу барысында елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтау, дін арқылы азаматтарды келісім мен ынтымаққа шақыру, рухани бағдар беру қажеттілігі мен жат діни ағымдардың зиянды әрекеттері жайында айтылды.
– Халықты татулыққа, бірлікке, пәтуаға шақыру керек. Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үдерістер пайда болып жатыр. Сондықтан бұған тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Ел мүддесіне қызмет етіп, осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстары мен қайырымдылық шараларының жоспарын таныстырды.
Басқарма жұмысы имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік сияқты жеті рухани қазыққа негізделмек.