Қайрат ЖОЛДЫБАЙ: Салафизм ұлттық құндылығымызға шабуыл жасады
2020 ж. 21 ақпан
6416
0
Дін туралы айта бастағанда еріксіз қоғамға соғамыз. Қоғам жайлы сөз бастасақ, дінді айналып өте алмаймыз. Бұл дін мен адамзаттың әудем заманнан тұтасып кеткенін аңғартады. Бүгінгі қоғамдағы қордаланған мәселелерде де діннің өз үлесі бар сияқтанып тұрады. Дінтанушы-имаммен құрған сұхбатымызда осы мәселелер айтылды. Кеңінен тарқатылмаса да, біршама сөз болды. Біз де кейіпкеріміздің көкейіндегі буырқанған ойларды сыртқа шығаруға тырыстық.
– Қайрат аға, Ұлттық кеңеске мүшесіз. Сізді ол кеңеске кім шақырды?
– Руханият, дін саласында өзекті мәселелерді көтеріп жүргендіктен, маған да таңдау түскен екен. Ақордадан тікелей қоңырау түсті. «Егер қоғамда болып жатқан жағдайларды, түйткілдерді президенттің өзіне жеткізуге мүмкіндік туатын болса, келісемін» деп келісімімді бердім. Расымен, солай. Өйткені бізде басқа нұсқа жоқ. Өз басым революцияны қолдамаймын. Оның арты ертеңгі күні хаосқа, анархияға айналып кетеді. Демек, ұсыныстарымызды бейбіт түрде айту арқылы, өз талабымызды айқын жеткізу арқылы ғана қиыс кетіп бара жатқан жағдайларды реттей алмақпыз. Алғашқы отырыс қорытындысы бойынша түйткілдер тарқатылды деп айту қиын. Десе де, билік тарапынан жасалған оң қадамдар байқалады. Енді тек табанды түрде талап етуіміз керек.
– Ол қандай ұсыныстар? Нақтылап, тарқата айтып берсеңіз. Facebook-тегі парақшаңызда мықты мемлекеттің тірегі «идеология», «демократия», «демография» депсіз. Осы ойыңызды ашып түсіндіре кетсеңіз.
– Ортақ бір идеология болмай, тілдің мәселесі шешілмей, кез келген мемлекеттің алға басуы қиын. Тарихымызды біліп, дәстүр-салтымызды сары майдай сақтап, дамыта білу керек. Еліміздегі өзге ұлттарды да «қазағым», «Қазақстаным» деп тұратындай жағдайға жеткізуіміз керек. Ол үлкен жұмыс. Мәселен, Түркияда өзге ұлттар көп тұрады. Бірақ бәрі өздерін «түрікпіз» деп айтады. Бұл ауқымды идеологиялық жұмыстың жемісі. Қазір бізде идеология жоқ. Өйткені қазақ тілінде сөйлеуден арланатын, қажетсіз санайтын адамдар көп. Әке-шешесі, жеті атасы қазақ бола тұра, неге қазақтықтан қашады? Мұның себебі – 30 жылда нақты бір идеяның болмағандығында. Екіншісі – демократия. Бұл – әділ сайлау. Бұл – тәуелсіз сот жүйесі. Бұл – сөз бостандығы. Осы факторлар аяғынан нық тұрса, қоғамдағы кесірлі әрекеттер өз-өздерінен жоғалады. Қазір бізде сотқа деген, келешекке деген сенім болмағандықтан қаншама мықты адамдарымыз шетелге көшіп жатыр. Бұл – өте қауіпті тенденция. Үшіншісі – демография. Осынау байтақ жерді қорғап қалу үшін қазақ санының өскені қажет. Экономикамыз өссін десек, ішкі нарықты күшейтуіміз керек. Ал ол тек демография арқылы болады. Қазір халық санының өсуі аса мүшкіл жағдайда. 1991 жылдан бері Қазақстан халқы 12 пайызға ғана көбейген. 12 пайызды 30 жылға шағып жіберсек, мүлде өспеген болып шығамыз. Ал осы жылдар ішінде Өзбекстан халқы – 59, тәжікстандықтар – 68, Қырғыз Республикасы азаматтары – 43, әзірбайжандықтар 37 пайызға өскен. Олардың экономикасы бізден асып тұр ма? Жоқ. Демек, себеп – ұлттық құндылықтардың сақталуында. Біз бұл жағынан ақсап тұрмыз. Шынын айту керек. Біз қазақылыққа ескінің қалдығы деп қараймыз. Отбасы құндылығын сақтап отырған жоқпыз. Жылына үйленген жастардың 40 пайызға жуығы ажырасып кетеді екен. Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда 1 миллионнан астам адам ажырасқан. Мысалы, 2018 жылы 137 мың неке тіркелсе, соның 54 мыңы ажырасып кеткен. Бұл – ресми түрде заңды жолмен ажырасқандары. Ал әлі ырду-дырду болып, шаңырақтары шайқалып жатқандар қаншама? Бұл деген – бала туып, халық санын арттыруға тиіс әйелдеріміз жалғыз жүр деген сөз. Бір бала тапса тапты, таппаса ол да жоқ. Бұл – катастрофа. Суицидтен әлемде озып тұрмыз. Жол апатынан жыл сайын екі жарым мыңға жуық адам қаза табады екен. Құдды соғыс болып жатқандай. Сондықтан демография дәл қазір назар аударуды, нақты істерді қолға алуды талап етіп тұр. Ұлттық кеңесте демография мәселесін, оны шешудің жолдарын ұсынып көремін.
– Қалай ажырасудың алдын алуға болады?
– Ең әуелі жастардың пәтер алуына оңтайлы жағдай жасауымыз керек. Жұмыссыздықты жоюымыз қажет. Сосын жастарға отбасы құндылықтарын үйретуіміз керек. Біздің мектептерде көптеген керекті-керексіз пәндер оқытылады. Мәселен, философия, геометрия, физика, тарих сияқты пәндер біраз баланың келешегінде айтарлықтай рөл ойнамауы мүмкін. Көбі оны мектепті бітіре салып, ұмытып қалады. Ал бірақ әр адам үйленеді, отбасын құрады. Неге біз адам өмірде міндетті түрде ұшырасатын жағдайға орай білім, тәрбие бермейміз? Біздің жастар отбасы айналасындағы психологиялық кедергілерге дайын ба? Өмірінде ешқашан келін, жар, ана болып көрмеген қызды, әке, күйеу болып көрмеген ұлды өмірлеріндегі күрделі өзгеріске ешбір дайындықсыз итере саламыз. Сосын ол бала, әлбетте қателікке ұрынады. Бұл дегеніңіз мүлде көлік айдауды білмейтін адамға қымбат автомобиль бере салғанмен бірдей дүние. Сондықтан 10-сыныптан бастап отбасы болуға дайындық сабақтарын өткізуіміз қажет.
– Бізде адамдар әлі де болса әлсіз секілді көрінеді. Тез иілгіш, тез сенгіш, тез бейімделгіш сияқты.
– Ақпараттық сауаттылықтың төмендігі осыған ұрындырады. Қазір осы мәселені Швейцария ресми түрде қолға алды. Олар бұл үшін мектепке арнайы пән де енгізген. Бізге де осыны қолға алу керек. Әдетте дүкеннен зат алсақ, оның шығарылған уақытына, жарамдылық мерзіміне, өнімді шығарушының маркасына қараймыз ғой. Сол сияқты әртүрлі мессенджерден келген ақпараттарды мұқият зерттеу керек. Ол қайдан келді, оны қандай адам жариялады, ол адам сенімді ме? Ол адамның бұрын жариялап жүргені нендей материалдар? Адам кез келген ақпаратты дәл осылай сүзгіден өткізсе, онда кім көрінгеннің ізінен ере бермейді.
– Өзіңіз әр кезеңдерде біресе сопылық, біресе салафит ағымының өкілдерімен күрескендей болдыңыз. Бұл екі ағымның Қазақстан өміріндегі қазіргі жай-күйі қалай?
– Сопылық біз үшін жат нәрсе емес. Ал салафилік ағым біздің тарихи, ұлттық құндылықтарымызға тіке шабуыл жасады. Абайды адасты, Шәкәрімді шатасты деді. Ясауиді біреу шиға деп жазғырды, енді бірі Бұхарадан келген еврейдің бүлігі деп айыптады. Оны қоя бергенде әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімізді мансұқтады. Мұны естіген ұлтқа жаны ашитын азаматтар ашынды: сонда біз қаншама ғасыр бойы қалай ұлт болып ұйыстық, осыншама жерді қалай бірлікпен қорғап қалдық деп. Бұған діни тұрғыдан жауап берейін десе, білімі жетпейді. Сол кезде сопылық жалауын көтерген адамдар пайда болды. Олар Ясауиді, Шәкәрімді алға салды. Сол кезде адамдар «е, осы бағыт дұрыс екен» деп соған ұрынды. Ар жағында не жатқанына терең бойлаған жоқ. Олар шынымен сопылық ілімін дамытушылар ма, олар шынымен рухани кемелденген адамдар ма, бұл сұраққа жауап іздеп жатпады. Оларды мен әлі де қазақтың мықты адамдары деп есептеймін. Бірақ діни білімдері таяз болғандықтан, күмәнді сопылықты дәріптеген адамдар қатарына қосылып кетті. Олардан қазаққа анау айтқандай зиян келген жоқ. Ал уахабилердің жайы белгілі. Олардың қатты кеткені және ортаға бейімделгендері бар. Біразы таяқ жеген, біразы мемлекеттік тендерлерге қатысып жүрген шығар, дегенмен түпкі ақидалары сол қалпында тұр. Алайда сыртқы бейнесімен қоғамға сіңген түр танытып, біз өзгердік деген кейіпте жүр. Тіпті, өзгердік деп те емес, бұрыннан сондай адам сияқтанады. «Біз кеше шатасып едік» деген әңгіме де айтпайды. Олар сөйтіп жүріп қазақтың ішіне кіріп, сіңісіп, өзгеріп кетуі де мүмкін. Қалың халық ішінде өздерін бөтен сезініп, түпкі ойларын айта алмай қалады. Бұлар бейімделген салафилер. Ал радикалды топтар бұрынғыдай көп таралмаса да, бала-шағасына, ең жақын адамдарына әсер етіп жүре береді. Дегенмен қазір дұрыс саясат жүргізе алсақ, олар да келешекте сұмдық қауіп төндіреді деп айта алмаймын.
– Салафизмнің басты қателігі неде?
– Буквализмде. Яғни, діннің аргументтерін жан-жақты зерттеп, тереңіне бойламай, тура мағынасында қабылдау. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «балағы қысқа адам тозақта» деген хадисі бар. Соны оқып алған жігіттер «мен тозақтық болғым келмейді» деп балағын кесіп тастайды. Ал әлгі хадисті талдауға білімі жетпей тұр. Сондықтан оны тікелей қабылдай салады. Ол хадисті орындау үшін мына сұрақтарға жауап іздеу керек: Кімге айтылды? Қашан айтылды? Қандай жағдайда айтылды? Оның үкімі өзгерген бе, жоқ па? Діннің рухына сай ма? Мақсаты не? Бұл жайлы ғұламалар не дейді? Егер осы сауалдарға жауап іздемей, хадисте жазылғанды қабылдай салсаңыз – онда сіз буквализмге ұрынған салафилік жолға қарай кеттіңіз деген сөз.
– Құран мен дінді мешіттің ішіне қамап тастадық. Кешегі медреселерді Гарвард пен Оксфордқа айналдыра алмадық дейсіз. Бұған не кедергі болды?
– Бұл қазақтардың ғана емес, бүкіл мұсылман үмметінің проблемасы. Алланың разылығын тек мешіттен іздеу дұрыс емес. Құлшылықты намаз, оразамен шектеуге болмайды. Мәселен, қазір мешіт көп ашылады. Бұл дұрыс. Бірақ еліне адал қызмет ететін білімді жастарымызды дайындайтын әлемдік деңгейдегі мектеп салып, жолға қою өте сауапты іс. Күрделі жұмыс. Біліммен, ғылыммен қаруланған мықты жастарды тәрбиелеп шығару – бәріміз үшін парыз. Бүгінгі жиһад осы, шындап келгенде. Ал біз «жаңа жылды тойлау керек пе?» деген сынды ұсақ-түйектің айналасынан шыға алмай жүрміз.
– Рақмет әңгімеңізге!
Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: "Айқын" газеті