Елжан Біртанов: Қазақстанға келген 488 мың адам тексерілді, коронавирус тіркелген жоқ
2020 ж. 20 ақпан
1465
0
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға 6 ақпаннан бастап келген 488 мыңнан астам азаматтың тексерілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«6 қаңтардан бастап түрлі шаралар қабылданып, 1 ақпаннан бастап ол шаралар күшейтілді. Бүгінгі күннен бастап арнайы бас санитарлық дәрігердің шешімі қабылданып, қосымша санитарлық-эпидемиялық шаралар күшейтілді. Жалпы біздің ең бірінші мақсат – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына келіп жатқан азаматтардың денсаулығын тексеріп, бақылауға алу. 6 ақпаннан бастап 488 мыңнан астам азамат (қазақстандық, ішінде шетелдікте де бар) Қазақстанға келді. Олардың бәрін біз шекарада жағдайын тексеріп, температурасын өлшеп қарап отырмыз. Анкета толтырылуда», - деді деді Елжан Біртанов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Министр солардың арасында 175 науқас жатқызылып, емделіп шыққанын айтып өтті. Оларда түрлі инфекциялық респираторлық аурулар болғаны анықталды. Кейін коронавирус инфекциясы бойынша тексеріліп, 160-ы шығарылған.
«Бірақ оларда коронавирус инфекциясы табылған жоқ. Сонымен азаматтар елге келгеннен кейін біздің арнайы медициналық қызметкерлер бәрін мониторингіге алып отырады. Ал жалпы ҚХР-дан келген 24 мың азаматты мониторингілеуге алғанбыз. Қазір 23 647 мониторингіден шығарылды. 14 күндік карантиннен соң қалғанын шығарамыз», - деді ол.