Қазақ болу оңай емес...
2012 ж. 14 наурыз
2586
3
Меніңше, дүниеде қазақ болудан асқан қиын шаруа жоқ! Шын айтам. Сенбесеңіз дәлелдейін. Қазақ қазір екі топқа бөлінген. Бірінші топқа кілең «қазақ емес қазақтар» кіреді. Осылардың қатарында болсаңыз, рахат енді! Ұйқыңыз тыныш, жүйкеңіз бабында. Бұларды ұлттық рух, туған тілдің тағдыры, тағы да осыған ұқсас «ұсақ-түйек мәселелер» мазаламайды. Өзіміз көп айта беретін «патриоттық сезім» деген дерттен бұлар ада. Тіпті керемет, қарап тұрсаң! Ал екінші топқа «нағыз қазақтар» кіреді. Бұл топтағы қазақ болсаңыз, онда біттім дей беріңіз! Егер көшеде екі ұрты суалып, шашы мезгілінен бұрын ағарған, қолын оңды-солды сермеп, өзімен өзі сөйлеп бара жатқан адам көрсеңіз, ол – осы екінші топтағы қазақ дей беріңіз. Бұған енді дауа жоқ. өз жанын өзі жеген бір сорлы! Шенді мен шекпенділердің ұлт мәселесіне қырын қарауы, тозған тіл, тоқыраған рух, азғындаған жастар, арақкеш ағайын, қираған ауыл, қиналған қауым... әйтеуір, бәрі-бәрі осы қазақтың жүкесі арқылы өтеді. Бұл қазақ таңертең тұра сала, теледидарды қосады. Таусылмайтын шетелдік сериал, жалаңаш тән, жанталас сүйіс, небір анайы көріністер... Дереу басқа арнаға ауыстырады. Ол да оңып тұрған жоқ. Қаптаған әншісымақтар. Кескін-келбеті, шаш қоюы, ауы бұтына түскен шалбары, меңдуана жегендей айналсоқтап, секіріп билегені, «талантпын... жұлдызбын...» деп көкірек кергені... бәрі-бәрі бір-бірінен аумай қалған. Тіпті, айтатын өлеңдері де, әндері де ұқсас: «сүйгенім, аңсарым... неге алдап кеттің... өлдім... талдым...» Ара-арасында бір-екі шумағын орысша, ағылшынша, түрікше айту бұлар үшін абырой. Кілең бір мағынасыз сөздер, құлағыңды кеміретін жағымсыз әуенсымақ... Өзімен өзі сөйлесетін екінші топтағы «нағыз қазақ» амалсыз басқа арнаны қосады. Көсіліп бір депутатымыз сөйлеп жатыр: «Мұнай-газ секторы... халыққа... жалақымыз аз, шыдап жүрміз... ел үшін... қазақ тілі... болашағы бұлыңғыр... құр беталды еңірей бермеу керек... не надо политизировать... Ресейге қаралық... біздің болашағымыз Ресейде... қайтсек те елу елдің қатарына...» Үстелді бір ұрып, шайын ішпестен сыртқа беттейді. Көзге көрінбейтін біреуге кіжініп, көшеде кетіп бара жатса, полиция тоқтатады. Қазақтың жап-жас баласы. – Сколько выпили? Почему сам с собой разговариваете: – Ау, енді сөйлесетін дені дұрыс адам болмаса не істеймін? Сосын өзіммен өзім... – Жүріңіз, проверим... Түс ауғанша қызылкеңірдек болып, әйтеуір өзінің мас емес екенін дәлелдеп шығады. Шағымданбақшы болып әкімдікке барса, бет-аузы бір уыс хатшы қыз бұның қазақшасын тындағысы да келмейді: – Говорите по русский... – Әй,қарағым, біз қай мемлекетте... Тағы да айқай-шу: «Полиция шақырыңдар, несчастный... националист... патриот босоногий..!» Естімеген сөзі жоқ, есалаң боп үйіне келеді. Жаны ашитын жалғыз әйелі ғана: – Сорлы-ау, қойсаңшы, кімді жеңем деп жүрсің?! Балаларды ойласаңшы. Солардың болашағы болмаса... Татар болайықшы. Жүр ғой, әне, ешкімге ештеңе дәлелдемей-ақ, өз тілінде сөйлеп, өз тілінде ән салып... Не болмаса, өзіңмен талай жыл бірге істеген Зигфирд секілді неміс болайықшы. Кім біледі, күндердің күнінде Германияға қоныс аударамыз. Қандай керемет болар еді, ә? Әйтпесе, анау қарсыдағы дүкен ұстайтын екі-үш кавказдықтарға қосылып, солардың ұлтына кірсек қайтеді? Екі-үш үй болса да, бүкіл ауданды солар билеп отыр. Әкімнің өзі ертелі-кеш солардан шықпайды. Әйтеуір, қазақ болмай-ақ қояйықшы. Әйтпесе, сен мына түріңмен не жындыханаға түсесің, не болмаса ажалыңнан бұрын өлесің! Сөйтсеңші, жаным! Міне, екінші топтағы қазақтың тірлігі осы. Не істейміз енді? Құдай аясын! Бұны жазудағы себебім – осы екі топтың қайсысына қосылсам деп басым қатып жүр. Сіздер не дейсіздер? Сайлау БАЙБОСЫН