Министр әлеуметтік желідегі Айсұлтан Рахаттың жазбаларына қатысты пікір білдірді
2020 ж. 14 ақпан
1579
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желіде көптің талқысына түскен Айсұлтан Рахаттың жазбаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл мәселе бойынша ағайынға айтқым келеді, қазір жалпы біздің қоғамда ғана емес, әлем бойынша өтірік пен шын ақпаратты ажырату – үлкен мәселе болып тұр. Кейбір топтар жалған ақпарат таратып, үлкен компанияның, жеке адамдардың, тіпті бүтін бір елдің абыройына нұқсан келтіріп жүргенін көріп жүрміз. Бірақ оның артында жымысқы ой, пайда көру пиғылы тұрады және мұндай мысалдар соңғы уақытта біздің елде де көбейіп келеді. Мұның соңы арандап қалуға әкелуі мүмкін. Айсұлтанға қатысты да осыны айтқым келеді. Ағайын, бұл - бірінші кезекте оның анасының трагедиясы», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр ана үшін баласынан асқан қымбат адамның жоқтығын айтып өтті.
«Айтқым келетін тағы бір маңызды дүние бар, кейбіреулер осы оқиғаға Елбасын да араластырғысы келеді. Шу жасап, елді дүрліктіруге тырысады. Бірақ халықтың бағына туған жақсымызды қаңқу сөзге қалай қиямыз? Өзіңіз ойлаңызшы, экономикасы құлдыраған, өндірісі тоқтаған елді 30 жылда қазіргідей деңгейге көтеру – кімнің қолынан келеді. Қазақ қашан да елі үшін ерлерді бағалаған, төбесіне көтерген, абыройын сақтаған. Бабаларымыз айтқандай «бетеге кетсе бел қалар, берекең кетсе нең қалар?» Ағайын, сондықтан берекемізді бағалайық. Жел сөзге еріп, жақсы істі жоққа шығармайық», - деді Дәурен Абаев.