Ислам Әбішевтің ақталуға тиістігінің үш негізі
2020 ж. 13 ақпан
1744
0
1.Жаны таза адам арамдыққа бармайды
Ертеде Шардара маңайында, Сырдың бойында орын алған оқиға негізінде туған, керемет тәлімді "Мұңлық-Зарлық" (ол екеуінің кесенесі де тұр) қиссасында Күлмес-хан деген кейіпкер бар. Бізде бүгін ондай дәті қатты адам жоқ, есесіне "Сенбесхандар" (Фома-неверующий) көп. Мысалы, олар Ислам Әбішевті танымайды-білмейді, бірақ, "жемқор" екенін біледі, таза екеніне сенбейді. Ал, тым тығыз болмаса да, аздап араласқан мен сенемін. Сенетінімнің себебі мынау: Бар жиған-терген дүниесін сатып, ақшасына самолет жасалып, майданға жіберілгені жайында Сталиннің хатын алған Әбіш қарияның немересі 2000 жылы Ордабасы ауданының әкімі болып тағайындалғанда:
-өз үй-жайы мен компаниясының мүлкін кепілдікке қойып, банктен аудандағы 3000 шаруа қожалығына 1 млрд.теңгеге жуық кредит алып берген (бұндай ерлік қазақ тарихында содан бері қайталанған жоқ...);
-компаниясының есебінен ай сайын ауыл әкімдіктеріне жалақыға, жарыққа, т.б. 1млн.200мың теңге жәрдем беріп тұрған;
-компаниясының есебінен Темірлан кентінде 340 орындық мектеп салып берген, оған өзінің ия әкесінің атын берейік дегендерге көнбей, «оны салған компания жұмысшылары» деп, «Батсу» компаниясының атын қойған;
-Шұбарсу саяжайына бірден 300-ге жуық оралман отбасы көшіп келгенде асарлатып салынған мектеп, емхана, мешіт, полиция ғимаратына керек құрылыс заттарын да өз компаниясының есебінен көтерген;
-Өскеменде мешіт салынуына мұрындық болғанда оған компаниясы 100 мың доллар құйған;
-2008 жылы Оңт.Қазақстан облысында су тасқынына бөлінген 18 млрд.теңгенің 1,5 млрд.теңгесін штаб бастығы ретінде құрылыс, тасымал жұмысын арзандату есебінен үнемдеген;
-Өскеменде «мүсіншілердің халықаралық симпозиумын» өткізу арқылы олардың қала көркін кіргізіп тұрған көп мүсінді тарту етуі немесе аз ақшаға істеуі арқылы миллиондаған қаржыны үнемдеген;
-Су ресурстары комитетін басқаруға келген 2012 жылы 397 млрд.теңгенің жұмысын 93 млрд.теңгемен бітіріп, 304 млрд.теңге үнемдегеннен кейін қызметтен қуылған,
-2014ж. қабылданып қойған 1,5 трлн.теңгелік мемлекеттік бағдарламаны екі жыл күресіп, 535 млрд.теңгеге ауыстыртқаннан кейін жаламен түрмеге түскен;
-2013 жылы «қазынаның қаржысын үнемдеймін деп жұмыссыз, есесіне тергеудің астында қалдың, енді қызметке қайта барсаң ондайды қоятын шығарсың?» деген жұбайына «қайталайтын жағдай туа қалса, тағы да солай істеймін» деген сертінен таймаған және кешегі соттағы соңғы сөзінде: «Түрмеде отырған 10 айдың ішінде өткен өмірімді саралап, менің ұялатын, өкінетін жерімнің жоқ екендігін көрдім. Егер қайтадан бастау мүмкіндігі болса, тағы да дәл осылай жүріп өтер едім» деген.
Одан бөлек өз атасы Әбіш намазын үзбеген діндәр адам болса, нағашы атасы Сапар мешіт ұстаған молда болған. Әбіш атаның жұбайы Үрзіхан шопан, Сапар атаның жұбайы Оразкүл механизатор болып еңбек етіп жүргенде, екеуі де 1951-1955 жылдары Өзбек ССР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Сол кезде танысып, жақын араласып, болашақта құда-құдағы болуға баталасады. Ақ бата қабыл болып, Әбіш пен Үрзіханның ұлы Әлмахан, Сапар мен Оразкүлдің қызы Айымкүлге қосылады. Зоотехник болып қызмет еткен Әлмахан 1971-1975 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің депутаты болған. Ол кезде облыстық кеңеске, әсіресе Жоғарғы Кеңеске бүгінгідей тек қалтасы қалыңдар ғана емес, ең бірінші кезекте шын мәнінде еңбек адамдары сайланатын болғанын есте ұстауымыз керек.
Енді өздеріңіз ойлаңыздар – осындай ортада туып-өскен, ес біліп, етек жиғаннан көрген үлгі-өнегесі, алған тәлім-тәрбиесі тазалық болған, адал еңбекті ту етіп ұстап өткен жандардың ұрпағы елге ағалық еткен кезде, тек қара басын байыта беруді көздемей, ең алдымен сеніп тапсырылған елдің қамын ойлауы, сол үшін өзінің, бауырларының табан ақы, маңдай терімен тапқан дүние-малын бөліп беріп отыруы бойындағы атаның қанын ақтағандығы, ананың сүтін адал емгендігі емес пе? Болмыс-бітімі, жаратылысы осындай адамның, ең бастысы сонау 1988 жылы қарызға белшеден батып қалған кеңшар директорлығына демократиялық сайлау арқылы келген күннен бері игілікті істері арқылы бойына ата-анасынан берілген асыл қасиеттерге адал екенін сансыз рет талассыз дәлелдеп келе жатқан азамат қайдағы бір алаяқ, өзі жөндеп танып-білмейтін адамға «маған пәлен деген мекемеден пара алып бер» деп айтты деген, мүлдем қисынға келмейтін сөзге қалайша сенуге болады?..
2.Қарапайым адам тарапынан қылмыс жоқ! Есесіне мемлекеттік мекеме тарапынан қылмыстық-процесстік кодексті бұзушылық бар
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы теңдессіз осы істің мән-жайын өте қысқа түрде бір еске түсіріп шығайық. И.Әбішев 2012 жылы 304 млрд.теңге үнемдеген соң, 2013 жылы қызметтен кетуге мәжбүр болады, құзырлы органдар 1992 жылдан бергі жұмысын тексереді. Бірақ, қылмыс таба алмайды, 2014 жылдың сәуірінде Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен Су ресурстары комитетіне басшылыққа қайта оралады. Комитет құрамына кіретін Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған, 1,5 трлн.теңге игеру көзделген, 60 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруге арналған мемлекеттік бағдарламаның 534 млрд.теңгемен 600 жүз мың гектарды қалпына келтіретін жаңа нұсқасын жасап, тағы да Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен, Үкіметтің оны қабылдауына қол жеткізеді. Оған екі жыл уақыты кетеді. Бірақ, «бюджетте ондай қаржы жоқ, қаржыны өзің табасың» деген тапсырма алады. Халықаралық қаржы көздеріне шығып, бұл мәселені де шешеді. Өстіп жүргенде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро комитетке қарайтын республикалық «Қазсушар» мекемесін, облыстық су шаруашылықтарын қопарып тексере бастайды. Ресми түрде айтылмағанмен, ондағы мақсат – И.Әбішевтің үстінен «компромат» табу болса керек. Сол жолда олардың айтқанымен жүре қоймаған басшылардың үстінен қылмыстық іс қозғала бастайды. «Қазсушардың» бастығы, зейнеткерлік жасқа келіп қалған Өмірбек Жампозов «адал ғұмырымның соңында жаламен жемқор атанғанша» деп, өзін-өзі өлімге қияды. Алматы облыстық сушардың бастығы «тергеушілер кабинетінен секіріп кетіп», ғимараттың 4-қабатынан құлап қайтыс болады...
Біз бар болғаны орын алған оқиғаларды айтып отырмыз, ешнәрсені меңзеп отырған жоқпыз. 2019 жылдың 14 наурызы күні ақпарат құралдары Ұлттық бюроның «Ислам Әбішев аса ірі көлемде пара алу үстінде ұсталды» деген мәліметін таратады, көп ақшаны теледидардан көрсетіледі. Бірақ, оның өзінің бейнесін көрсетпейді. Сөйтсе, И.Әбішев пара алмаған, «пара алуға оқталған» ғана болып шығады, оған ресми түрде осындай айып тағылады. Бірақ, Ұлттық бюро алғашқы жаңсақ мәліметін жоққа шығармайды, ақпарат құралдарынан түзету бермейді, сол ролик, сол ресми хабар интернетте әлі сол күйінше тұр. Калың көпшіліктің жадында ол парамен ұсталған шенеунік ретінде қалды...
И.Әбішев пен оның сыбайласы саналған С.Түкиевтің қорғаушылары: А.Әбдірахманов, С.Несіпбаев, М.Есқараев, А.Құспан, Е.Мәкенов – аталарына рахмет! - бұл істе ешқандай пара алушы да, пара беруші де жоқ екенін, бұл іс Ұлттық бюро мен Азамат Шәймерденов деген, бұрын Қаржы полициясында аса маңызды істер бөлімінің жедел өкілі болып істеген, кейін одан теріс мінездемемен жұмыстан шығарылған, Ұлттық бюро мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтіруші ретінде үстінен іс қозғаған, СМП-610 деген мекеменің қожайыны, ол мекеме Су ресустары комитетімен 2018 жылы мердігер ретінде 5,6 млрд.теңгеге келісім-шартқа тұрып, бірақ, міндетін орындамағаны үшін комитет келісім-шартты бұзғанын, сол үшін сотқа да жүгінген, бірақ, онда ұтылып қалған, бүгінгі таңда арнайы мекемелерді түнде түсіре алатын бейнекамералар секілді арнайы құралдармен жабдықтаумен айналысатын азамат екенін, екеуі ұйымдастырған тірлік екенін, бір сөзбен айтқанда И.Әбішевтің кінәсіз екенін толық дәлелдеп шықты. Ұлттық бюроның бұл істі «қиыннан қиыстыра алмағаны» сондай, қорғаушылар Қылмыстық-процесстік кодекстің, яғни, заңның талаптары өрескел бұзылғандықтан, бір емес алты бағыт бойынша бұл іс қысқартылуға жатады деп отыр. Олар мыналар:
- И.Әбішев пен С.Түкиевке тағылған айыптар Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тіркелімінде (СДТБТ) тіркелмеген. Басқаша сөзбен айтқанда, қылмыстық іс қозғалмаған. «Қылмыстық істің материалдарында Әбішев пен Түкиевке тағылған айыптың СДТБТ-да тіркелгенін растайтын бір бір процессуалдық шешімнің жоқтығын, күні бүгінге дейін айыптау тарабының оларды ұсына алмауын ескеріп, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауының барлық процессуалдық шешімдері заңсыз болып танылуы тиіс, бұл сотты Әбішев пен Түкиевті кінәсіз деген үкім шығарып, ақтауға міндеттейді» деді қорғаушы М.Есқараев соттағы жарыссөзде.
- Қаржы беру және тексеру ісін оған құқысы бар адамдар жүргізбеген.
- Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкция заңсыз алынған.
- Тергеуге дейінгі тергеу-тексеру әрекеттері кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері іс бойынша дәлелдерді бұрмалаған!