Ұшақ апаты: Bek Air компаниясы үй иесін сотқа берді
2020 ж. 11 ақпан
1681
0
Bek Air әуекомпаниясы ұшақ соғылған үй иесі Решат Қалибекті сотқа берген.
Решаттың айтуынша, осыдан бір апта бұрын оған ақпанның 21 күні сағат 10.00 сот болады деген шақырту келген, - деп жазды baq.kz.
Адвокат ештеңе жалдаған жоқпын, тек заңгермен кеңесу үстіндемін. Заңгер менің түк кінәм жоқтығын, керісінше құжатты жасаған адамдар жауапты екенін айтуда. Мені емес, соларды сотқа беру керек еді дейді, - деді ол.
Сондай-ақ, ол ұшақ апатын тексеру бойынша құрылған комиссия мүшелері де хабарласпағанын айтады.
Бастапқыда аудан әкімдігі "комиссия келеді, бәрі дұрыс болады" деген. Әзірге комиссиядан ешкім хабарласпады. Тек тергеушілер шақырды, барып сұрақтарына жауап бердім. Негізінен жердің құжаты бойынша сұрады. Кімдер жасады, қай жылы алдың деген тұрғыда, - дейді Решат Қалибек.
Сонымен қатар, ол сотқа шақырту қағазын алғанда, түсінбей абдырап қалғанын айтады.
Заңгердің айтуынша, мені жауапкер ретінде тартып, "үйді заңсыз салған" деген сылтаумен өтемақы төлемей жалтарып кетпек. Бұл әкімдікке де, Bek Air компаниясына да тиімді көрінеді, - дейді ол.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы Қызыл ту ауылына құлаған. Оқиға орнында 7 адам қаза тапты.