СҚО-да бес бірдей ауылдың жерін сатып жібермек (видео)
2020 ж. 06 ақпан
9230
0
Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында Қарақамыс, Егіндіағаш, Светлое, Бірлестік және Дәуқара ауылдарының жерін кезінде жалға алған «Рамут» ЖШС мен «Жарқын-СК» ЖШС-тің істеген былықтарының кесірінен бес бірдей ауыл жерсіз қалуы мүмкін.
Еліміз бойынша көптеген ауылды жерлердің аузын аққа жарытқан несібесін аузынан жырған алаяқ компаниялардың әрекетінен шыққан даулар бүгінде тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Ашынған ауылдағы ағайынның зар-мұңы естір құлақ болса, тізбектеп жеткізбекпіз.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 48 мың гектар жер мен техникаларды несие алу үшін аталған серіктестіктер «Аграрлық-несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 692 813 723,82 теңге сомасында несие алған. Ал несие алу үшін ауыл тұрғындарының келісімін алу үшін алаяқтық әрекетке барған. Қарапайым ауыл тұрғындарына жерді пайдаланғаны үшін пайларыңызды 100 пайыз көлемінде береміз деп алдаған серіктестік қожайындары барлық ауыл тұрғындарынан түгел дерлік қолдарын қойдырып алған. Алайда, алған қаражатты уақытында өтей алмаған шаруашылық серіктестіктері банкротқа ұшырап, несие берген «Аграрлық-несие корпорациясы» істі сотқа сотқа берген.
Сот отырыстарының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 2 қазанында Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық экономикалық соты шешім шығарып, жоғарыда аталған акционерлік қоғамның пайдасына 692 813 723,82 теңге сомасында қарыз өндіру туралы шешім шығарады. Кепілде тұрған жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауылдың жері тұтасымен акционерлік қоғамның пайдасына еніп кетеді. Сот шешімімен атқару парағы Солтүстік Қазақстан облысының жеке сот орындаушыларының қолына тиіп, жер мен дүние мүліктер аукцион арқылы сатуға шығарылған. Аталған іс бойынша ауыл тұрғындары, Айыртау ауданының әкімдігі басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен жиын өткізіліп, аукцион уақытша тоқтатылды.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша заңгерлер, нотариустар, прокуратура және сот органдары жұмыстар жүргізуде. Шиеленіскен істің шешімін тауып, қарапайым ауыл тұрғындарының жерінен емес, несие алған компаниялардың өзінен қарыздарын төлеу заң жағынан да адамгершілік жағынан да жөн болатын сияқты. Осы уақытқа дейін мұндай заңбұзушылық оқиғалардың тұтас Республика бойынша көптеп орын алғандығы көптің көкейінде. Алайда, күнкөрісінің тікелей жалғыз көзі болып отырған жерінен айырылған ауыл халқы енді қайтіп күн көрмек. Ал, аукцион арқылы сатылып кеткен жағдайда ол ауыл тұрғындарының сол жерге егін еккізбей, мал өргізбей қоюы да ғажап емес болатыны да рас қой?!. Екі ортада сорлап қалған ауыл халқының жағдайы мүшкіл болатыны түсінікті. Күні ертең аса ауыр жағдайлар орын алмас үшін аталған мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілуі жөн сияқты. Алаяқтық жасап аузын майлап, халықты алдап сорлатқан жер өңдеуші компаниялар халықтың жерінен емес өз есебінен алған несиесін жабуына тиіс
емес пе? Күдік туғызатын шиеленіскен шикіліктердің барлығы анық. Сондықтан істің ақ-қарасын ажыратып, ауылдағы ағайынның бар байлығы - жерінен айырсақ жер басып қалай жүрмекпіз, ойланайық ағайын!!!
Абзал Алпысбайұлы,
Ақмола облысы