Ұстаз беделі – қоғам беделі
2020 ж. 31 қаңтар
3416
0
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде білім беру сапасын жақсартуға айрықша мән береді. Сондай-ақ кейінде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңның қабылдануы сала жұмысына айрықша тыныс қоса бастағанын да атап көрсету орынды.
Оқырман назарына Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенованың осы бағыттағы ілкімді істер туралы мақаласы ұсынылып отыр.
Педагог тәрбиелі әрі білімді болуы тиіс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған еді. Бұл орайда біздің білім шаңырағы өз қызметінде білікті де білімді педагогтерді даярлауда ең жаңа заманғы әдіс-тәсілдерді, қазақстандық патриотизмді және Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстанып келеді. Еліміз тәуелсіздік алып, өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл турасында Елбасы: «Арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деп атап өткен болатын. Кейінгі жылдары қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиені, соның ішінде моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін, ғасырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпаған, керісінше, әрбір қоғамдық формацияда болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырған қазақ халқының озық моральдық-этикалық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Себебі, қазақ халқының озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар, адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі. Моральдық-этикалық дәстүрлерді халық даналығының негізгі бір көрінісі ретінде қабылдау бүгінгі білім беру жүйесі үшін аса маңызды. Бұның, әсіресе болашақ мұғалімдер үшін пайдасы зор. Олай дейтініміз, оқушылардың моральдық-этикалық мәдени деңгейінің дұрыс қалыптасуы мұғалімнің тұлғалық адамгершілікті моральдық-этикалық қасиеттеріне, осы бағытта меңгерген тарихи-теориялық, практикалық, білім, іскерлік, дағды деңгейіне байланысты айқындалады. Нәтижесінде бұның барлығы қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесіндегі озық дәстүрлерін зерделеуге бағыттайды. Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, біз ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыру болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда ұстаздар ұстаханасы атанған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде уақыт көшіне ілесу мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Түрлі тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз маман дайындауды мақсат етіп келеміз. Білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қыздар университеті өз қызметінде тәрбие саласын, қазақстандық патриотизмді, Мемлекет басшысының Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттауды басты назарда ұстайды. Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын ұғымдардың бірі – этика. Өйткені әр елдің орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы, тыныс-тіршілігі қалыптасады. Қазақ этикасы көл-көсір молдығымен, адамгершілік қуат тегеурінімен, тарихи айқындылығымен халықтың рухани өмірінде ерекше орын алады. Қазақ этикасының ежелгі бастау қайнар көздері үш мың жылдай Еуразияның Ұлы Даласында өркендеген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түрік бірлестіктерінің мол мәдениетінен нәр алған. Осыдан 2600 жыл бұрын-ақ өмір сүрген сақ ойшылы Анахарсис әдеп және адамгершілік туралы терең пікір қалдырған. Қазақ халқы қай кезеңде болмасын қыз бала тәрбиесіне жете мән берген. Ол – мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетіне, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Идеалды күнделікті өмірге қажетті басты бағдардың бірі деп есептеген. Мысалы, «Қозы Көрпеш, Баян сұлу», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары арқылы халық қазақ қыздарының рухани адамгершілікті бейнесін, моральдық келбетін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, киім киісін, өзара қарым-қатынасын өнеге етсе, Домалақ ана туралы аңызда қазақ әйелдеріне тән даналықты, ұстамдылықты, сезімталдықты, тапқырлықты үлгі тұтуға шақырған. Дана халқымыз қыз тәрбиесінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі және қоғамдағы адамгершілікті моральдық-этикалық мәдени қарым-қатынасқа аса мән берген. Отбасы, туыстар арасындағы қарым-қатынастың адам санасына, мінез-құлқына, ішкі және сыртқы мәдениетінің қалыптасуына әсерінің мол екенін жете түсінген. Мәселен, әке мен баланың, ана мен қыздың, әке мен қыздың, келін мен қайын ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, күйеу мен қайын ененің, бажалардың, жезделердің, бөлелердің арасындағы өте бір нәзік жарасымды қарым-қатынас моральдық мәдениеттің негізін қалауда үлкен рөл атқарған десе артық болмайды. Мысалы, жас келіннің Тотым, Айнам, Сері жігіт, Еркежан сияқты ат қоюының өзі алдыңғыларға құрмет, кейінгілерге ізет көрсету болса, Өзенбай, Қамысбай, Қойшыбай, Бәкібай, Қасқырбай есімді қайын ағалардың есімдерін атаудан қашқақтап, қасқыр жарып кеткен қойды бауыздап алу үшін қасындағы кішкентай қайнысын ауылға жұмсаған жеңгенің: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жарып кетті, қынамадан жаныманы әкелсін», – деуінен, біріншіден әдептіліктің, ізеттілік пен сыйластықтың белгісін көрсек, екіншіден, ойының ұшқырлығын, тапқырлығын, сөзге зеректігін байқаймыз.Қыз баланы «болашақ ана», «қонақ», «жат жұрттық» деп түсінген ұлтымыз бойжеткенге дауыс көтермеген, аялап өсірген. Қарым-қатынас барысында өзі ренжіткен адамнан кешірім сұрай білуге, өзін ренжіткен адамға кешірімді болуға өзіне жақсылық жасаған адамға алғыс айтып, ризашылық сезімін білдіруге үйреткен. Мұны адамның ішкі мәдениетінің жоғары көрсеткіші деп түсіндірген. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай.Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі ретінде білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде деп айтар едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады. Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймыз.Бүгінгі күннің талабына сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері – ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймын. Ордалы оқу орнының студенттері болашақ ұстаз, отбасының ұйытқысы. Сондықтан рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, өнеркәсіптікреволюция заманның ерекшелігін игерген ұстаз тәрбиелеу – университетіміздің басты бағдары. Қазіргі күнде оқу орнында болашақ мамандарды тәрбиелеу мақсатында 38 ұйым қызмет атқарады. Қаракөз студенттеріміз университет қабырғасында білім нәрімен сусындап қана қоймай, рухани құндылықтарды сақтай отырып, қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру жұмыстарына белсене қатысып отырады. Қыздар университетінің студенттері адамгершілігі жоғары тұлға ретінде әртүрлі қоғамдық акциялар мен қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып отырады. Болашақ әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, дефектологтар, музыкалық білім беру мұғалімдері Алматы қаласындағы Аналар үйлерінде жүйелі түрде ақысыз негізде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектерге көмек көрсету, оларды рухани тұрғыда қолдап-қуаттау. Дана халқымызда «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Қайырымдылық – ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей Қыздар университетінің студенттерінің көмекке мұқтаж жарымжан азаматтарға қамқорлық көрсетіп, жүрек жылуын ұсынуы һәм сауабы мол іске атсалысуы – көпке үлгі болатын игілікті іс деп білеміз. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін, жаңғырғанын көрсетеді.Ұстаздың беделді – қоғамның беделі
Жуырда Парламент Сенатының жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдап, оған Президент қол қойды. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды. 21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Онда төрт бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынтыландыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатындағы нақты іске асуы тиіс міндеттерді белгілеп берген болатын. Елбасы жариялаған маңызды құжатта «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажеттігі де айтылды. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі ауқымды жұмыстар жүргізіп, нақты істер атқарды. Еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді қажет ететіндігін ерекше атап өтті. Жаңа Заң ұстаздардың этика мәселелеріне де жете көңіл бөледі. Оған сәйкес әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілмек. Менің ойымша, бұл бастама өз кезегінде білікті де білімді, «ұстаз» деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артады және қаңтар айынан бастап студенттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 25 пайызға көтерілді. Бұл Заң мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызын айқындайды. Еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті негізінен ауылдық елдімекендердегі білім ошақтары үшін маман даярлайды. Өзінің 75 жылдық төл тарихында оқу орны 60 мыңнан астам педагог дайындады. Осы орайда атап өткен жөн, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын айтарлықтай арттыру және жоғары кәсіби кадрларды тиімді молайтуға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан саясат педагог кадрларды қалыптастыру мәселелерін туындатуда. Бұл мәселе қай кезеңде де өте өзекті болған. Мәселен, бүгінде халықтың демографиялық өсу жағдайына байланысты мектепке дейінгі және жалпы орта білім мекемелерінің тұрақты өсуі байқалып отыр. Бұнымен қоса, білім беруді, ғылым мен мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін мұғалімнің кәсіпқойлығы мен біліктілігіне қойылатын талаптар да артуда. Кадрларды қалыптастырудың тағы бір мәселесі – еңбекақының төмендігі, педагог кадрлардың зейнетке дейінгі жасы және бейінді білімінің болмауы. Үшінші мәселе, білім берудің барлық деңгейлеріндегі оқыту бағдарламаларының бір-бірінен алшақтығы. Мысалы, жалпы орта білім беру мекемелері жаңартылған мазмұн бойынша білім беруге көшкенде, мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты қызметінің бірі – жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешу. Оқу орнында болашақ педагогтардың кәсіби бейімделуі үшін педагогикалық кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Тәжірибеге бағытталуы – бірінші курстан төртінші курсқа дейін тәжірибеден өту арқылы жүзеге асырылады. Қыздар университетінің тәжірибелік базаларының қатарында Алматы, Қызылорда, Жамбыл және басқа да облыстардағы 70-тен астам мектепке дейінгі жалпы орта және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Алматы қаласы білім беру мекемелері жанынан жоғары оқу орны мен білім беру мекемелерінің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа ықпал ететін кафедра филиалдары құрылған. Аталған филиалдар мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердің қажеттіліктеріне байланысты өзгерістерді саралай отырып, болашақ мамандарды даярлау траекториясын анықтауды және білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізуді жүзеге асырады. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу жұмыс берушілермен білім беру бағдарламаларын талқылау және сараптау арқылы және Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін қолдану арқылы жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады. Университеттің басты мақсаттарының бірі – түлектерді жұмысқа орналастыру. Біз әлеуетті жұмыс берушілердің базасын қалыптастырдық және жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Біздің университет студенттерінің 90 пайызға жуығы әр түрлі өңірлердің тұрғындары болғандықтан, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы біздің түлектеріміз үшін өзекті әрі үлкен сұранысқа ие. Бұл бағдарламаға білім беру, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты сұранысқа ие білім беру бағдарламаларының түлектері қатысады. Жыл сайын аталған бағдарлама шеңберінде Қыздар университетінің жүздеген түлектері еліміздің ауылдық аймағына барып, мемлекеттің жарқын болашағы үшін қызмет атқаруға жолдама алуда. Сөз соңында қоғамның талқылауынан өтіп, педагог қауымының ұсыныстары негізінде мұқият даярланған жаңа Заң мұғалім мәртебесін шынайы көтереді деп сенеміз. Себебі ұстаздың беделді – қоғамның беделі, мемлекет болашағының нақты кепілі. * * * Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты бағдары. qazaquni.kz