Алматыда коронавирус анықталды деген хабарламаға қатысты басқарма түсініктеме берді
2020 ж. 29 қаңтар
3159
1
Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы Гонконгтан келген қазақстандықтың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Басқарманың баспасөз хатшысы Нәбира Жұмабайқызының мәліметінше, WhatsApp мессенджері арқылы Алматыда бір адамнан коронавирус анықталғаны туралы хабарлама тарап кеткені. Бұл дерек шындыққа жанаспайды. Ауруханаға жеткізілген ер адамнан коронавирус анықталған жоқ.
"Бүгін жедел жәрдем станциясына қаланың бір тұрғыны хабарласты. Түнде Гонконгтан келдім деді. Денесі қалтырап, ыстығы көтерілген", - дейді Жұмабайқызы.
Хабарласқан ер адамның үйіне шұғыл жедел жәрдем жеткен. Дәрігер мамандар арнайы киімді де киіп барды. Осыдан кейін пациентті өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен И.Жекенова атындағы клиникалық инфекциялық ауруханаға жеткізді. Стационарда ер адамды арнайы боксқа жатқызған.
"Консилиум өтті. Ал пациентті қарап шыққаннан кейін диагноз қойылды. Ол – тұмау. Жағдайы орташа ауыр болған. Бұдан бөлек, вирусологиялық сынама алынды. Хаттама бойынша тұмауды емдеу шаралары басталды. Қытайдағы коронавирус инфекциясына байланысты пациент бақылауға алынды", - деді Нәбира Жұмабайқызы.
Айта кетсек, бүгін таңертең денсаулық министрі респираторлық вирус белгілері бар төрт адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған еді, кейін олардың екеуі үйіне жіберілгені айтылды. Ал түстен кейін Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин тағы алты адамның ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді.