"Әншілердің ақшасына Балиеваның баласы иелік ету керек пе?"
2020 ж. 18 қаңтар
3204
1
Депутат Зағипа Балиева мен оның ұлы Қазақстан орындаушылар одағының су жаңа төрағасы, «МузАрт» тобының әншісі Мейрамбек Бесбаевқа қысым көрсетуде. Бұл жөнінде әншінің өзі «Instagram» парақшасында мәлімдеді.
Мейрамбек Бесбаев жазбасында Зағипа Балиеваға «әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек деген ой, сізге қайдан келген?!», - деп сұрақ қояды да, депутат пен оның ұлы әртүрлі мемлекеттік және құзырлы органдарға хабарласып, жаңа басшылыққа қысым көрсетіп жатқандығын айтады.
«Құрметті Зағипа Яхияқызы!
Мен 2020 жылдың 15 қаңтар күні Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы боп сайландым. Дауыс беруге ұйымның ең жоғарғы басқару органы – құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп, бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқаң-лоққы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде. Бұрынғы басшылықтың артында Сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз. Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз! Неге сіз әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?! Біз соны түсінбей отырмыз. Бұл әрекет-қылығыңыз сіздей үлкен мемлекет қайраткеріне жараспайтын шаруа. Әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек, деген ой сізге қайдан келген?! Біз өз шаруамызды өзіміз шешуіміз керек, өзімізге тиесілі қаражатты өзіміз тиісінше жұмсауымыз қажет. Еңбектен түскен қаражат бір қалтаға, нақтырақ айтқанда сіздің балаңызға емес, мың қалтаға яғни маңдай терімен тауып жүрген әншілер мен ән өндеушілердің қалтасына түсу керек. Сізден осындай әрекеттеріңізді тоқтатуды талап етеміз!», - делінген Бесбаев жариялаған жазбада.
Мейрамбек Бесбаев қаңтардың 16-ы күні Қазақстан орындаушылар одағының төрағасы болып сайланған. Ол бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шататтан тыс кеңесшісі болып қызмет атқарған.
Зағипа Балиева отбасы маңындағы дау бұл ғана емес. 2018 жылы оның ұлы Данияр Балиев «авторлық құқық бұзу» фактісі бойынша «Ксell» ұялы операторын сотқа беріп, жеңіліп қалған.
Дереккөз: Жас Алаш