Адвокат Абзал Құспан: Прокурордың айыптау сөзі ешқандай ақылға сыймайды!
2020 ж. 17 қаңтар
5663
2
Кеше И.Әбішев пен С.Түкиевтің сотында прокурор жарыссөзге прокурор Саламат Сүлейменов шықты. Ол дайындалуына бірнеше күн сұраған болатын. Сөйлеген уақыты 20 минутқа жетпеді. Ол өз сөзін И.Әбішевті 11 жылға, С.Түкиевті 8 жылға бас бостандығын айыруды сұраумен аяқтады...Отырыстан соң оның сөзіне белгілі қорғаушы, білікті адвокат Абзал Құспан былай деп түсінік берді:
«Прокурордың айыптау сөзі ешқандай ақылға сыймайды!Ол 17 пунктке тоқталды. Біз 40-қа жуық өтініш-хат бердік. Оның бәрі ойымызға келгенді айта салған емес, негізделген дүние. Куәлер, айыптау жағының өзі әкелген куәлер түгелге жуық тергеудегі сөөздерінен бас тартты. Жай бас тартып қойған жоқ, 180 градусқа ауыстырып айтты. Прокурор тергеушілердің сотта анықталған іс-әрекеттерінің бір де біреуіне тоқталған жоқ. Мен бұны қорғаушы ретінде емес, бұрынғы прокуратура қызметкері ретінде айтып отырмын. Ал, прокуратур қызметінің міндеті бойынша оның бәріне баға беруі тиіс еді. Одан басқа да біз сот барысында анықтаған жаңа мән-жайларға да тоқталған жоқ. Тек қана «тергеудің айыптау қорытындысында жазылған мәселелер сот барысында толығымен дәлелденді» деп сырғытып өте шықты. И.Әбішевке үш эпизод бойынша кінә тағылған еді: «2014 ж. А.Шәймерденовтен 1млн.доллар пара алды; 2018 жылы «Қазбайлық-Астана» мекемесінен 250 млн.теңге пара алғысы келді, оның 180 млн.теңгесін А.Шәймерденовке қайтарып беру үшін, 60 млн.теңгесін өзі пайдаланғысы келді; «Риксос-Хадиша» қонақүйіне А.Шәймерденовке 85 мың теңгені төлетті». (Ал, жасырын аудиожазбада И.Әбішевтің «нөмірге бронь алып қой» деген сөзі тұр). Ал, қылмыстық эпизод тіркелуі тиіс Реестрде соңғы екеуі тіркелмеген! Бұл жайлы, куәлердің жаппай бас тартуы, жаңадан анықталған мән-жайлар туралы бір ауыз сөз жоқ!
21 қаңтар күні біз, қорғаушылар, бәріміз сөйлейміз. Сөзіміздің мәтінен журналистерге таратып береміз. Кейін арнайы баспасөз конференциясын өткіземіз. Біз қандай сұраққа болсын, ашық жұмыс істеуге дайынбыз. Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов та, Президент Қ-Ж.Тоқаев та осыны талап етуде. Бірақ, біздің жарыссөз бен үкімнен тікелей репортаж жүргізуге рұқсат сұраған өтінішіміз қабылданбады, қандай мақсатпен қабылданбаған бізге түсініксіз, сірә, сот пен прокурор оған дайын болмаса керек. Әрқайсысы істі қысқартуға негіз болатын 5 (бес!) бірдей елеулі процессуалдық кодексті бұзушылық орын алып отыр бұл істе! Марат Қоғамов – 2015 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекстің авторының бірі - соларды көрсетіп жазбаша қорытынды жазып берді...»
21-қаңтар күні сағат 10-00-де (Ж. Омаров к. 57) сотқа келіңіздер, халайық.
Қорғаушылардың қалай прокурордың айыптау қорытындысының тас-талқанын шығаратынын өз көздеріңізбен көріңіздер, өз құлақтарыңызбен естіңіздер.
Өмірзақ Ақжігіт, Қазақ үні