Шынайы балама арқылы сайланған жалғыз тұлға – Серікболсын Әбділдин еді...
2020 ж. 07 қаңтар
2740
0
Көрнекті мемлекет қайраткері, халықтың нағыз жақтаушысы, қайсар оппозиционер, ойшыл ғалым, аты аңызға айналған қазақтың біртуар ұлы Серікболсын Әбділдин өмірден озды. Еліміздің түпкір-түпкірінен, алыс шетелдерден марқұмның артынан көңілдерін мыңдаған қарапайым адамдар, белгілі тұлғалар қайғыға ортақ екендерін білдіріп, сіңірген еңбектерін атап жатыр.
Бұл кісінің халқына істеген қызметі, мемлекеттігімізді қалыптастырудағы сіңірген еңбегі, әсіресе Тәуелсіздігіміздің заңнамалық негізін қалаудағы Жоғарғы Кеңестің төрағасы ретінде көрсеткен ерлігі Қазақстанның жаңа тарихында алтын әріптермен жазылатынына еш күмән жоқ. Секеңнің даналығының арқасында халықтан сайланған, бұқараның аманатын жалау еткен от ауыз, орақ тілді депутаттарды теке тіреске жібермей, дауылдарға айналған пікірталастарда, «тығырыққа тірелген» сәттерде даналық сөзін айтып, жол таба білгеніне өзім де талай куә болдым.
Ұлы тұлға, талантты саясаткер Әбділдиннің төрағалығының арқасында қызу таластар мен қайшылықтар еңсеріліп Тәуелсіздік жарияланып, тұнғыш Конституциямыз қабылданып, мемлекеттік рәміздер бекітілді.
Серікболсын ағамыз еліміздің тарихында өшпес із қалтырды.
Шынайы балама арқылы Қазақстан Парламентінің төрағасы болып жаңа тарихымызда сайланған жалғыз тұлға – Серікболсын Әбділдин. Осылай сайланғанының арқасында ол жер-жерлерден демократиялық жолмен 1990-шы жылы сайланған 360 депутатты басқара білді. Әрқайсысының пікірімен санасып, принципті қарым-қатынас құрып, көпшіліктің көңілін таба білді де, жетекшілік етті. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенді еске алып, Тұңғыш Төраға үлкен саяси таланттың иесі екенін мойындауымыз керек.
Секең есіме түсіп, 1994-ші жылы сайланған Жоғарғы Кеңестің 13-ші шақырылымының басшыларының дәрменсіздігіне шыдай алмай, көмекшілерінің жазып бергендерін ғана оқып отырған «көсемдерді» орындарынан кетулерін талап еттім. Себебі, Әбділдиннің белсенділігі мен үшін үлкен үлгі, демократиялық стандартқа айналды.
Төрағаның арқасында депутаттық қызметіміздің керектігін, ел алдындағы жауапкершілігімізді анық сезінетін болдық. Парламенттің беделі таудай болғаны да жетекшіміздің арқасы деп санаймын. Жалпы отырыстарға, кейде, комитет отырыстарына Президенттің өзін күрделі мәселелер бойынша шақырып алатынбыз. Назарбаев алдымызға келіп нақты сұрақтарымызға жауап беретін. Қызып кеткен кейбір әріптестеріміз Назарбаевтың өзін сынап, ұсынған адамдарын өткізбей қойған жерлеріміз де болған. Бұны да қатардағы жағдай деп барлығымыз қабылдайтынбыз.
Секеңнің тағы бір қасиеті – адамгершілігі, қарапайымдылығы. Ол кісі ешқашан шалқаймады, шіренбеді. Төраға болып жүріп, қатардағы депутаттармен өзін тең ұстады. Шыдамдылығы таңқаларлық. Кейде, «дереу сөз бере қоймадыңыз» деп қатты сынға алатынбыз. Артық айтып қойған жерлеріміз де болды. Өзім де тіл тигізгенім бар. Ол кісі болса, бір де бір рет ренішін көрсетіп, кек сақтаған емес. Бұл ұлы тұлғаға тән қасиет.
Әбділдин тағы бір стандарт көрсетіп кетті. Жоғарыда жүрген «көсемдер» жиі-жиі үлкен саясаттың кір, лас екендігін, өздерінің амалсыздан сол ортада жүргендігін тілге тиек ететіндігі бар. Көптеген басшыларымыздың артынан ерген сыбайлас жемқорлыққа байланысты жанжалдардың куәсіміз. Ал, Секеңнің артынан бір жаман сөз ермеді. Өзі бет жүзіне қарамай басшыларды қатты сынға алып жүрді. Шетелге қашып барып емес, беттеріне басып тұрып бар шындығын айтатын. Бұл тазалықтан, адалдықтан туған ерлік баршаға үлгі боларлық.
Әлі Секең туралы айтар сөзіміз алда...
Бүгін марқұмның жанбасы жерге тиді. Серікболсын ағамыз мәңгі жүрегімізде дегім келеді. Жаны жанатта, топырағы торқа болсын!
Серік Абдрахманов,
Фейсбук парақшасынан