"Түрмеге отыруға дайынмын": Bek Air басшысы мәлімдеме жасады
2020 ж. 06 қаңтар
1658
0
"Bek Air" әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов блогер Дмитрий Дубовицкийге берген сұхбатында Алматы түбіндегі ұшақ апатының себебін түсіндірді. Сондай-ақ, қайғылы оқиға үшін жауап беруге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Компания басшысының айтуынша, ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған. Себебі әуе кемесі қоршауды бұзған кезде екі қозғалтқышы да істеп тұрған. Ұшқыш та қателік жібермеген. Өйткені ол ұшақты аудармай, шассисіз жерге қондыра білді. Ал апаттың негізгі себебі ілеспе ауа ағыны болуы әбден мүмкін. Оны "құйынды із" деп атайды. Ұшақтар бірінен соң бірі әуеге көтерілгенде алдыңғысы өзінен кейін қатты айналып тұратын ауаның ізін қалдырады. Оған түскен кейінгі ұшақ тербеліп-шайқалып, басқаруға бағынбай кетеді. Сол күні Fokker 100-дің алдында Airbus 321 ұшқан көрінеді. Екеуінің арасында 1 минут уақыт болған. Бірақ диспетчер тағы бір минуттай күтіп, Fokker 100-ге ұшуға рұқсат беріпті.
"Далада жел тұрса, "құйынды ізді" жылдам алып кетеді. Бірақ ол күні ауа-райы желсіз болды. Желдің жылдамдығын өлшеуге болғанмен, әлгі айналып тұрған ауаның жылдамдығын өлшеу мүмкін емес, көзге де көрінбейді. Диспетчер уақыт аралығын сәл ұзартса да, құйынды із сейіліп үлгермеген. Ұшақтың біресе оң жаққа, біресе сол жаққа тербеліп-шайқалып кеткені де содан", - дейді Жұмасұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы да құйынды із мәселесін көптен бері көтеріп жүр. Осыған байланысты АҚШ, Ресей мен Еуроодақты осы проблеманы жан-жақты зерттеуге үндеп келеді. Себебі оларда техникалық мүмкіндік бар.
"Мысалы, 2001 жылы 12 қарашада Airbus ұшағы Japan Airlines компаниясына тиесілі Boeing 747 құйынды ізіне түсіп қалған. Ұшақты ары-бері лақтырған, ақыры стабилизаторы жұлынып кетеді. Ол да апатқа ұшырады. Ондай мысалдар көп. Бүгінде Швейцария ұшақтардың интервалын ұлғайтты. Бізге де солай істеу керек", - деп атап көрсетті Жұмасұлтанов.
Компания басшысы апаттың хронологиясын да айтып берді. Оның мәліметінше, 10 метрлік биіктікке көтерілгенде тербеле бастаған. Ұшқыш тепе-теңдікті ұстап қалуға тырысқан. Ол кезде шассиді инструкция бойынша кіргізіп қойған. Тербеліп келе жатқанда ұшақтың бір қанаты жерге тиген. Видеода алыстан оттың шыққаны да содан. Ал ұшқыш әуеге көтеріле алмайтынын түсінгенде шассисіз қондыруға шешім қабылдаған. Содан әуежайдың қоршауын бұзған. Тағы 40-50 метр болғанда тоқтайтын еді. Бірақ қоршауға жақын тұрған үйге соғылды.
Жұмасұлтанов әуежайға жақын жер учаскелерінің қалай таратылғанын да айтып берді. Ал сөз соңында ұшақ апаты үшін өз басымен жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
"Ұшқыш өзіне жүктелген міндетті орындай білді. Компанияны кінәлі деп тапса, мен өз жігіттерімді жығып бермеймін. Олар үшін өзім отырып келемін, менің қарамағымдағы адамдардың ішінде біреуі де түрмеге отырмайды. Қаза болған ұшқышты да кінәлай алмаймыз. Себебі ол ұшақты басқара білді. Оның басшыларын, ұшу мен инженерлік қызмет бар, оларды да жығып бере алмаймын. Bek Air-ден біреу жауап беруі керек деген мәселе туындаса, өзім жауап беремін, кінәні мойындауға дейін барамын. Мен түрмеге отыруға дайынмын", - дейді Жұмасұлтанов.