Азат Перуашев: Экономикалық жаңғыру - уақыт талабы
2019 ж. 30 желтоқсан
1260
1
Қазақстан Президенті ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы айлардан-ақ қоғам көптен күткен азаматтарымыздың белсенділігін арттыруға ықпал ете бастағаны белгілі. Саяси және әлеуметтік мәселелер қоғамда кеңінен көтерілгенмен, өкінішке орай, Президентіміздің экономика саласына қатысты бастамалары әлі де көлеңкеде қалыңқырап келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытын жалғастырушы ретінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында еліміздегі экономикалық мәселелерді де атап өтіп, оған жаңа серпін беру үшін Президент әкімшілігі мен Үкіметке «Отандық және шетелдік сарапшылардың ұсыныстарын жіті зерттеуді» тапсырған болатын. Осы Жолдауда Президент бір ғана салық саясатын қайта қарау керектігіне:
– «Мемлекеттік индустриальды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жоғары өнімді орта бизнесті қолдау және салықтық ынталандыру мақсатында кешенді шаралар қалыптастыру...»;
– «Ұлттық табысты барынша әділ бөлу үшін біздегі салық жүйесін жаңғырту қажет»;
– «Қазіргі қолданыстағы салық саласының сапасын жақсарту да өз алдына жеке мәселе» деп үш рет назар аударды.
Сол сияқты, Жолдауда экономиканың құрамдас салалары –экспортты қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік сатып алу мен несиенің қолжетімділігінен бастап ауыл шаруашылығына дейінгі бірқатар маңызды мәселелер аталды. Мемлекет басшысының бұл бастамаларын «Ақ жол» бизнесті қолдаушы партия ретінде экономикалық саясаттағы терең реформа ретінде қарастырады. «Қазіргі кезде еліміздегі қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртпай экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес» - деген Президентіміздің пікірімен толық келісеміз. Осы туралы, жалпы саяси реформаның маңыздылығы жайында үстіміздегі жылдың 15-тамызында «Перемены нужны и даже неизбежны» атты БАҚ-қа берген сұхбатымда айтқан болатынмын. Әрине ауқымды өзгерістер жасау үшін қомақты материалдық ресурстар қажет, оған қоса арнаулы әлеуметтік көмекке қатысты орын алған мәселелер көрсеткендей, барлық деңгейде сол ресурстарды басқарудың тетіктерін толық түсіне білу керек. «Тыңдай білетін Мемлекет» және өзге де тұжырымдамалармен қатар Жолдаудың өн бойында экономика саласына баса мән берілуі маңызды деп санаймыз. Мемлекет басшысы бұл бағытта бірқатар мәселелерді қамтыды. Соның ішінде өзімізге жақын және қатысты бірнешеуін атап өткім келеді.
Біріншіден – экономикамызды диверсификациялау және цифрландыру, нәтижесінде өндіріс өнімділігі еселеп артатын болады. «Экономикалық білім», еңбек өнімділігін арттыру, иновацияны дамыту, жасанды сананы яғни жаңа технологияларды енгізу – қарышты дамудың негізі болып табылатынын» атап өткен Президент, «елімізді индустриаландырудың үшінші бесжылдығында алдында жіберілген кемшілктерімізді ескеру керектігіне» баса назар аударды. Ел басшысының бұл мәлімдемесі өз халқына адал және ашық болуға ұмтылғанын көрсетеді. Осы жерде бұдан бұрынғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша салтанатты түрде іске қосылып, іле жабылып қалған зауыттар туралы «Ақ жол» фракциясының Үкіметке бірнеше депутаттық сауалдар жолдағанын да айта кетуіміз керек.Өндіріске инновацияларды енгізуге, барлық жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ететін цифрландыруға кәсіпкерлерді ынталандыру өте маңызды. Экономиканы көтеру үшін бизнес саласы жоспарларына цифрлық технологияларды қалыптастырып, оны әсіресе есептік тексеріс пен бақылау жасайтын мемлекетттік органдардың өзіне алдымен енгізуді міндеттеу қажет. Цифрлық өнімдер мен сервис-қызметтерді дамыту және коммерциялау компьютерлық ойындардан бастап әлеуметтік саладағы төлемдер және қалалық инфроқұрылымдарды басқаруға дейінгі аралық басты бағытта болғаны жөн. Рас, цифрландыру бір-бірін қайталайтын салада адамдарды жұмыспен қамту көрсеткішін төмендетеді. Есесіне өзге деңгейдегі мамандықтар бойынша, жоғары айлық пен лайықты еңбек жағдайында адамдарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бір кезде Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, бірде бір жасанды сана адамның табиғи ынта-ықыласы мен көңіл күйін ешқашан ауыстыра алмайды. Шығармашылық, адамгершілік, технологияларды бағалау әрқашан адамдардың еншісінде қалатын болады. Әрине, мұның бәрі бұрынғы кәсіпорындарды жаңғыртумен қатар жаңа зманауи түрлерін ашуды талап етеді. Бізде табиғи байлықтарды өңдеу саласындағы пайдаланбай келген мүмкіндіктеріміз өте мол. Қызмет көрсету, қолданылатын құрал-жабдықтар мен материалдарды сатып алуды шикізат өндіретін алыптардан алып, жергілікті қазақстандық әріптес кәсіпорындарға беру бізге ұтымды. Ол үшін «Самұрық-Қазына қоры сияқты офсеттік саясат пен оффтейк шарттарын заңдық талаптар арқылы қолдану қажет. Менің ойымша бұл жерде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ірі инвесторларлармен біздің жасаған тиімсіз келісім-шарттарымыз үлкен кедергі болып отыр. Одан бері ұрпақ ауысып, еліміз де өзгерді, шетелдік компаниялар біздің табиғи байлықтарымыздан өте қомақты пайда тапты, әлі де солар қызығын көруде. Қазақстан экономикасын дамыту мен жаңарту үшін ресурстарымызды пайдаланып отырған шетелдік алпауыт компаниялар алдына өнім бөлісіндегі қазақстандық үлесті арттыру, олардың қатысуымен біздің елімізде техника және оның бөлшектерін жасап шығару, қызмет түрлерін көрсету туралы сұрақты тікелей қоятын уақыт жетті. Мысалы, өткен ширек ғасырдан аса уақытта сол инвесторлар мен шетелдік мердігерлер жұмысшыларды дүниенің төрт бұрышынан тасымай, қажетті мамандар мен өндіріс жетекшілерін өзіміздің жергілікті жастарды үйрету арқылы іске асыруларына болушы еді ғой. Тоқаевтың 13-қарашада Қытайдың CNPC компаниясы басшыларына қазақстандық жұмысшылардың айлықтарын көтеру мен құқықтарын қорғап талап қойғаны осы бағыттағы бастама деп бағалаймын. Бүгіндер Үкімет пен Энергетика министрлігі KPO-дағы («Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б. В.») қазақстандық үлесті арттыру бағытында жұмыс істеп жатқаны белгілі. «Ақ жол» партиясы ұлттық экономиканы қорғап шетелдік ірі компанияларға қойылған мұндай талаптарды тұрақты қолдайды. Бұл шаралар жалғасын табады деп сенгіміз келеді.
Президент ұсынған екінші мәселе – квазимемлекеттік экономика саласын тәртіпке келтіру. Шынын айтсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Квазимемлекеттік секторлардан келетін қайтарымды көтеру қажет» деп жұмсартып айтты. Дегенмен, Қ-Ж.Тоқаев Президент ретінде 24 мамырдағы алғашқы шешімдерінің бірі – жаңадан ұлттық компаниялар құруға мораторий жариялағанын атап өткеніміз жөн. Бұл шешім бизнес қоғамда қолдау тапты. Ал, бүгінгі жағдайда ұлттық компаниялардың толып жатқан еншілес бөлімдері, министрліктер мен әкімдіктердің ЖШС сияқты көптеген кәсіпорындары кәсіпкерлер арасындағы әділ бәсекелестікті жойып, жоқ қылып отыр. «Ақ жол» партиясы біздегі нарықтық экономиканы мемлекеттік монополиялық капитализм жұтып жатқандығы жайында өзінің депутатық сауалдарында жылдар бойы айтып келеді. Мұндай жағдайда салық төлеушілердің қаржысын оңды-солды шашқан, қолында әкімшілік ресурстары бар мемлекеттік компанияларға бірде-бір жекеменшік кәсіпорын бәсекелес бола алмайды. Бұл жөнінде «Біздің мемлекеттік компаниялар құрамы белгісіз алып конгломераттарға айналған, олардың халықаралық деңгейдегі бәсекелестік қабілеті де күмән тудырады», – деп Президент босқа айтқан жоқ. Ол шын мәнінде де солай. Олар ашық бәсекеге дәрменсіз, бюджеттен және монополиялық тарифтерден түсетін қомақты қаржыға дағдыланған, сонымен бірге тұтынушылар тарапынан айтылатын арыздарға пысқырып та қарамай, бәсекелестерін заңсыз жолмен тұншықтыруды ғана біледі. Президент айтқандай, стратегиялық маңызы бар салада мемлекеттің қатысуы керек, бірақ қалған ЖШС, АҚ деген сияқты мемлекетке қатысы бар кәсіпорындарды ашық нарыққа жіберу қажет. Жекешелендіруді екінші кезеңінде оны Елбасының өзі енгізген-ді, енді бұл істі Қасым-Жомарт Кемелұлына жалғастыру керек болады. Бұл оңайға соқпайды, миллиардтаған қаржы сыртында осы іске қарсылық көрсететін көптеген маңызды жекелеген тұлғалар тұрғанын білеміз. Бірақ экономиканы нарықтық қатынастарға бейімдеуден басқа бізде өзге тиімді жол жоқ. Олай болмаса қоғамдағы әлеуметтік ахуал мен экономикамызға қауіп төндіретін – тоқырау, бәсекелестік бастамаларды жоятын жемқорлық пен тамыр-таныстық жалғаса береді. Мұндай жағдай квазимемлекеттік қана емес, мемлекеттік сатып алу жүйесін, бақылаушы органдарды, тіпті, ірі жекеменшік корпарацияларды да жайлап алған. Жемқорлық ақшаны шетелге заңсыз шығару, әділетсіз бәсеке мен рейдерлік бассыздық сияқты қылмыстарды туындатып еліміздің болашағына деген мүмкіндіктерді жояды. Сондықтан, «Ақ жол» партиясы бұл салада тәртіп орнатуды толығымен қолдайды.
Үшінші мәселе – шағын бизнесті қолдау. Бұл бағытта Тоқаев Жолдаудағы «Дамыған және инклюзивті экономика» атты бөлімінде айтылғандай қарапайым қатардағы адамдардың мүддесі тұрғысындағы ойын білдірді. Инклюзивті экономика – әлеуметтік теңдікке, көпшілікке қолжетімді, тәуелсіз экономика болғандықтан, шағын және орта бизнестің басты мақсаты болып табылады. Біздің елімізде мұнай, тау-кен өндірісі мен банктер ең пайдалы сала екені белгілі. Бірақ бүкіл қазақстандықтарды мұнайшы немесе банкир ету мүмкін емес. Ал, шағын және орта кәсіпорындар арқылы әрбір отбасына лайықты өмір сүретін жағдай жасауға болады. Шағын және орта бизнес байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жойып, әрбір адам еңбегіне қарай экономикадан өз үлесін алуға мүмкіндік береді. Өндірістік аймақтардағы жергілікті мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнестегі үлесі (10-15%) екі есе азайғаны туралы (еліміз бойынша орта көрсеткіш (28,5%) мәліметі «Ақ жол» партиясының түсінбеушілігін тудырады. Ал шын мәнінде алпауыт кәсіпорындар бар аймақтарда жергілікті бизнес еліміз бойынша орта көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болуға тиісті. Жаңағы алпауыт кәсіпорындардан қомақты қаржы түскен сайын сол аймақтағы өндіріске құрал-жабдық шығаратын отандық әріптестер мен өзге де қызмет көрсететін компаниялардың да үлесі артуы керек қой. Ал, егер олай болмаса түскен пайданың бәрі шетел асып жатыр деген сөз. Ұлттың байлық ресурстарын алып орнына жаңа технология енгізбей, өндірістік білім және тапсырыс бермесе ондай инвестициядан не пайда? Сонда біз бүкіл байлығымызды құртуға неге асығамыз? Бұл орталық және жергілікті басқарушы органдарының нәтижесіз жұмысын көрсетеді. Осы жайында Қ-Ж.Тоқаев «Қаржылық мемлекеттік қолдаудың пайдасын тек қана жергілікті билікке ұнайтын шаруашылықтар ғана көріп отыр. Жергілікті жерлерде әкімдер бұл ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізбеген» - деп өткір сын айтты. Президент атаған кемшіліктерді еліміздегі ондаған, жүздеген кәсіпкерлер өз тәжірибесінен көрсетіп, дәлелдеп бере алады. Мұндай сыннан соң кейбір басшылар отставкаға кетсе де болады. Кәсіпкерлер қоғамы шағын бизнесті үш жыл қосымша құн салығынан босату мен тексерісті тоқтату туралы Президент мәлімдемесін қуана қабылдады. «Егер бизнес субъектілері, әсіресе, санитарлық-эпидемиологиялық салада белгіленген нормалар мен ережелерді сақтамаса ондай компаниялар жабылады, иелері жауапкершілікке тартылады» деген Президент таза бизнес пен жауапсыз, көзбояушы кәсіпкерліктің ара-жігін ашып бергенін айта кетуіміз керек. Бұл талап – улану, түрлі апаттық жағдайдың алдын алып, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерді заңсыз әрекетке бейім бәсекелестердің қыспағынан қорғайды деген сенімдеміз.
Президенттің орта бизнесті қолдау туралы төртінші тапсырмасы біздің және көпшіліктің көңілінен шықты. Мемлекеттік органдарда орта бизнестің экономикамыздағы алатын ерекше орны туралы түсінбеушілік осы күнге дейін бар. Ал, шындап келгенде, ірі бизнес – бізде пайдалы қазбаларды өндіруден тұрады. Шағын бизнеске сауда және түрлі қызмет көрсету жатады. Ең бастысы – өңдеу өндірісі, халық тұтынатын тауарларды жасап шығару негізінен орта бизнестің үлесінде. «Ақ жол» партиясы осы орта бизнестің маңыздылығы жөнінде сонау 2013-жылдан бері Үкіметке жолдаған көптеген депутаттық сауалдарында қайта-қайта ескертумен келеді. Біз сауалдарымызда өзімізде шығаратын аса маңызды деген тауарларға қосымша құн салығын төмендететін Еуроодақ тәжірибесін енгізуді ұсындық. Бұл отандық кәсіпкерлерге түсетін салмақты жеңілдетіп, біздің нарықты импорттық тауарлар басымдылығынан қорғайды. Мұндай кезекті сауалды мемлекет басшысының Жолдауынан кейін соңғы рет биылғы қазан айының екісінде үкіметке тағы да жолдаған болатынбыз. Осы уақыт аралығында салық саясатында консервативті бағыт ұстанатын Ресей Федерациясының өзі бұл әдістің тиімді екенін түсініп, кейбір маңызды деген тауарларға салықты төмендетіп үлгерді. Ал, біз болсақ бұл жолы да Үкіметтен негізсіз дәлелдерді желеу еткен, біздің ұсынысымызды қабылдамаған жауап алдық. Билік тарапынан орын алған мұндай түсініксіздік орта бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Есеп комитетінің мәліметінше біздің елімізде орта бизнестегі кәсіпорындар саны соңғы он жыл шамасында 3,5 есеге азайған. 2010 жылы – 8,7 мың болса, 2019 жылғы маусым айында – 2,6 мыңға түскен. Бұл Қазақстанда өзіміз тауар өндіргеннен, өзгелердің өнімін өткізгенді қолайлы санайтынымызды көрсетеді. Сондықтан да Президенттің «... Орта бизнес туралы. Бізде бизнестің осы саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау жоқ... Индустриалды-инновациялық даму бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыруды қоса алғанда жоғары өнімді орта бизнес саласын дамытуға кешенді шаралар дайындауды Үкіметке тапсырамын», – деген тапсырмасы кәсіпкерлерге қолдау болды. Алдында айтқанымыздай, Президенттің осы нақты тапсырмасына арқа сүйеп «Ақ жол» партиясы мемлекеттік органдарға орта бизнесті дамытуға арналған өз ұсыныстарымызды жібергенмен еститін құлақ таппадық, тағы да қайталауға тура келеді.
Бесінші мәселе ретінде Президенттің салық жүйесіне қатысты тапсырмасын айтуға болады. Жасыратыны жоқ, біздің салық жүйесі экономиканы реттегіш тетігінен жазалау құралына айналып кеткенге көбірек ұқсайды. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Салық жүйесі адам капиталын инвестициялауға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық қайта жарақтануға, экспортты ұлғайтуға ықпал етуі керек», – деді халыққа Жолдауында. Сол сияқты, ол еңбекақы қорына салмақты азайтып, зейнетақы қорына қосымша 5% қаржы аударуды 2023 жылға дейін шегерді, Салық кодексінде көрсетілмеген басы артық төлем атаулыны тоқтату туралы тапсырма берді. Ал ондай себепсіз салық салу түрлері бізде жетіп артылады. Президент енді бұл тапсырмаларының іске асырылуын бақылауға алды. Біздің депутаттық фракция қарсы болған, қоғамда үлкен дау тудырған банктік карталарды фискальді бақылауға алу туралы салықшылар ұсынысына 15-қарашада тоқтау салғаны осыған нақты дәлел.
Соңғы кездері біздің депутаттар атына бизнес өкілдерінен салық орындары жалған кәсіпорындардың алаяқтық әрекеттері үшін адал кәсіпкерлерге салық төлеуге мәжбүрлегені туралы арыз-шағымдары жиі түсетін болды. Салық органдарының орта бизнеске деген орынсыз талабы өз алдына, оған қоса соттағы судьялар да солардың сойылын соғып жататыны таңғалдырады. Осындай орын алған мәселеге байланысты біздің депутаттық фракцияның ақпан айындағы сауалынан кейін Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Жоғарғы сот мүшелерінен тұратын арнайы комиссия құрған болатын. Әрине, сол үшін де оған рахмет. Тіпті, жоғары деңгейдегі сот саласында да экономика мен бизнес саласына қатысты біздің базалық заңдардың әлі де жеткіліксіз екенін байқадық. Осыған қарап, төменгі соттардың шешімі туралы не айтуға болады?
Негізгі мәселе күрделі есепке құрылған, жемқорлыққа негізделген қосымша құн салығына қатысты болып отыр.Бұл салық түрін қолдану мемлекеттің өзіне де үнемі пайдалы емес, өйткені бюджетке түскен сол қосымша құннан алынған салықтың қомақты бөлігі (500-600 млрд. теңге) экспорттаушыларға қайтарылады. Сондықтан өзге салық төлеушілер есебінен ҚҚС арқылы межеден жоғары табыс табатын, жер қойнауындағы шикізатты өндіретін алып кәсіпорындар немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде экспорттайтындар пайдаға кенеледі. Сол шикізатты өңдеп, өз елімізде қосымша құн қалыптастыруға болатын еді ғой.
Бәлкім терең реформа ретінде күрделі әкімдік ҚҚС орнына қарапайым ғана саудадан түсетін салықты алу керек шығар. Сол кезде салық орындары талап етіп жүгіртіп қоятын қағазбастылық та азаятын болады. Бұндай «каскадты» ұсынысты бір кезде экономика экс-министрлерінің бірі жасаған да болатын. Бірақ ол ұсыныс қабылданбады, өйткені тауар өндірушілерге салмақ ұлғайып, импорттауышыларға көп жеңілдік берілетіндіктен, өтпей қалды. Әрине, мұндай салық әдісіне ұлттық бизнес өкілдері қарсы тұрады. Біздіңше бұл түйінді тарқату үшін басқа әдіспен, соңғы сатып алушыдан бір реттік салық алым алу арқылы шешуге болатын сияқты. Мұндай реформа тауар өндірушілерді қолдай отырып, қайтарылатын бюджет қаржысын үнемдеуге септігін тигізер еді. Тағы бір ең тиімді жолы – шикізат экспорттаушыларға қайтарылатын ҚҚС-ты тоқтатып, сыртқа дайын өнім шығару. Өкінішке орай, жылдар бойы біз осыған жете алмай келеміз. Жолдауда мұндай тапсырма бар, салық саласы жұмысын реттеу мен шикізатты ғана сатқанша, одан дайын тұтынатын тауарлар жасауға өту туралы нақты көрсетілген.
Президент көтерген соңғы алтыншы мәселе ақша-несие саясатына тікелей қатысты. Оны мемлекет басшысы «Еліміздің экономикасының дамуына тежегіш болып келеді» – деп дөп атап көрсетті. Қ-Ж.Тоқаевтың қиын жағдайда қалған көпбалалы аналар мен мүгедектердің несиелерін белгілі бір мөлшерде мемлекет есебінен жабу туралы шешімін білесіздер. Жолдауда бұл тақырып та кеңінен қозғалды. «Экономикамыздағы маңызды проблемалардың бірі – несиелендіру көлемінің тым аздығы. Соңғы бес жылда заңдық тұлғаларды, шағын және орта бизнесті несиелендіру жалпы алғанда 13 пайыздан аса кеміген» – деді Президент.
Нақтырақ толықтырып айтсақ, Жалпы ішкі өнімге қатысты заңдық тұлғаларды несиелендіру өткен жылы 22 пайыздық анти-рекордтық көрсеткішке құлдырады. Негізінде несиелендіру кем дегенде 60% болуы керек, ал, Германия, Канада, Сингапур сияқты дамыған елдерде бұл көрсеткіш 150-200 пайыз деңгейінде. Турасын айтсақ, біздегі несиелендіру көлемі экономиканы көтермек түгілі, сол қазіргі қалыпта ұстап тұруға жетпейді. Бүгінгі біздегі несиелендіру банк сияқты нарықтық институттар арқылы емес, мемлекеттің экономикаға тікелей қаржы құюымен іске асуда. Ашығын айтқанда, соңғы 10-12 жылда біздің банктер өзгені несиелендіріп қарық қылмақ түгілі өздері пайызсыз көмек алып мемлекеттің мойынында отыр. Мысалы, әлемдік экономикалық дағдарыстың ушығып тұрған кезінде 2008 жылы 13-қазанда Ұлттық қордан бірқатар банктерге 10 млрд. доллар бөлу туралы шешім жарияланды. Оның 4 млрд. доллары «Халық», «Қазкоммерц», «Альянс-банк», «БТА» сияқты ең ірі банктерге берілді. Банктерге көмек беру онымен тоқтаған жоқ, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 2017 жылы «Еуразиялық», «АТФ», «Цеснабанк», «Центр Кредит», «Bank RBK» секілді бес банктерге 650 млрд. теңге қаржылық көмек көрсетілді. Бұдан басқа Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік саладағы ұйымдардың миллиардтаған қаржысы осы банктердің айналымында, оған қоса бизнесті субсидияландырудан пайыздық мөлшерлеме де солардың еншісінде, қысқасы олар түпкілікті бенефициар. Банктердің экономикамызды қаржыландыруға тиісті міндеті ғана оларды қолдауға мәжбүрлейді. Ал олар өз міндеттерін қалай атқарып жатқаны бәрімізге белгілі, сондықтан да көпшілік тарапынан арыз-шағымдар өте көп. Мемлекеттік қаржы біздің коммерциялық банктерге өздерінің жеке пайдасына асыруға емес, экономикамызды көтеру мақсатында несиелендіру үшін бөлінген. Соған қарамастан, кейбір мәліметтерге қарағанда біздің банктер мемлекет берген қаржының бір бөлігін Ұлттық банктің ноталарын алып, ешқандай қауіпсіз 9 пайыз пайда табатын жеңіл жолын таңдап алған. Экономикаға қолдау көрсетпейтін, тек қана өз пайдаларын көздеген осындай әдіс көлемі жылдан жылға артып келеді. Бәзбір білгіш сарапшылардың айтуынша, мұндай қадамдар қаржылық дағдарысты бәсеңдету үшін жасалып жатыр-мыс. Бөлінген ақшаны нарықтан қайта шығарып жатса, мемлекеттік қаржыны оларға бөлудің қанша қажеті бар? Мемлекет біреулерге осыншама қаржыны не үшін беруі керек? Жаңағы «білгір» сарапшылар айтқандай емес, экономикалық заңдылықтар бойынша керісінше отандық өндірісті тежеу дағдарысты тудыратыны жалпыға мәлім. Содан барып импортқа тәуелділік пен ұлттық валютаның құлдырау пайда болатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан, Ұлттық банк қарамағындағы екінші деңгейлі банктердің мемлекеттік қаржыны нақты, қажет деген экономикалық бағыттарға жұмсауға міндеттеуге тиісті деп ойлаймыз. Ол үшін біріншіден, екінші деңгейдегі банктердің мемлекет берген қаржыны Ұлттық банк ноталарына салуын шектеу қажет, (Айталық, оның көлемі мемлекеттен алған қаржының жартысынан аспауы керек); екіншіден, нотадан түскен пайда көлемін шектеу, (мысалы, мемлекеттен алған қаржыдан түсетін пайданы екі мөлшерлемеден асырмау). Мұндай шектеулер мемлекеттен көмек қаржы алмаған немесе аз ғана мөлшерде Ұлттық банк ноталарына қаржы салса оларға айтарлықтай қиындық тудырмайды. Осы шара арқылы Ұлттық банк ноталары арқылы ғана пайда табуды көздеген екінші деңгейдегі банктерді бизнесті несиелендіруге ықпал ететін болады. Сонда ғана «Екінші деңгейдегі банктер бизнесті қолжетімді және ұзақ мерзімді несиелермен қамтамасыз ету керек» деген Тоқаевтың тапсырмасы іске асатын болады.
Жауапкершілігі мен мүмкіндігі мол несие алушылар жоқ деп жылайтын біздің банктер өз кемшіліктері туралы жұмған ауызын ашпайды. Шын мәнінде дәп сол банктердің қаржылық саясаты, әсіресе жоғары, санаға сиымсыз мөлшерлемелері кез келген бизнестің жолын бөгеп, пайдадан бұрын зиян шегуіне әкеліп жатыр. Одан кейін отандық өндіріс қалай дамымақ? «Екінші деңгейдегі банктер несие құнын тым арттыруы арқылы бизнесті қауіп-қатерге итермелейді. Әрине, несие алушылар тарапынан да мәселе бар. Бірақ барлық жауапкершіліктерді өзгелерге артып, біздің банктерге тек қана жеңіл жолмен жүруге болмайды», – деген Президенттің бұл саладағы жағдайды жақсы білетінін көрсетсе керек. Екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банк ноталарын сатып алу арқылы пайда табуын шектейтін аталмыш ұсыныс кейбіреулерге ұнамауы, тіпті оны мүлдем қолдамауы мүмкін. Олай болса банк жүйесіндегі бұл түйінді шеше алатын, тығырықтан шығаратын өзге бір амалдарды қарастыру қажет болады. Соның бір жолы – нарық қорын шұғыл дамыту бола алады. Оған «Астана» халықаралық Қаржы орталығында британдық сот өндірісі мен қаржылық-техникалық үйлестірулерді қоса алғанда іске асыруға қажет мүмкіндіктер жасалған. Бірақ оны нақты қаржыландырмаса, сырттан инвестиция құйылмаса коммерциялық емес аты бар да заты жоқ жоба болып қалады. Менің ойымша, «Астана» халықаралық Қаржы орталығы егер біздегі өз пайдасын ғана ойлайтын банк иелерінің қарсылығын жеңе білсе, шетелдік инвесторларды тауып олармен ортақ тіл табыса алса біздің банк жүйесіндегі келеңсіздіктерді жойып, кемшіліктердің орнын толтыра алады. Оған осы халықаралық қаржы орталығын ашқан Елбасы мен «Шын мәнінде конституциялық мәртебеге ие болған Халықаралық қаржы орталығының қызметіне Үкімет қолдау көрсетсін», – деп тапсырма берген Мемлекет басшысының қолдауы сенім ұялатады.
Қорыта айтқанда, биылғы Жолдау бүгінгі саяси, әлеуметтік, экономикалық ахуалымызға қатысты мәселелерді көтерді деуімізге болады. «Ақ жол» партиясы еліміздің дамуына бағытталған Жолдауға қолдау көрсетуді өз міндеті деп біледі.
qazaquni.kz