Жемқорлық баланың емес, лауазымдылардың "ойыны"
2019 ж. 30 желтоқсан
2231
0
Тамырын тереңге жіберіп, еліміздегі барлық саланы жайлаған сыбайлас жемқорлықтың «қызық-шыжығын» өткен ширек ғасырдан аса уақытта өз көзімізбен көріп, басымыздан өткеріп келеміз. Ұрандатып жүргізіп жатқан күрестің өзі ұзақ ертегі-дастанға айналып кетті. Оның қасында ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып жеткен, көптеген нұсқасы бар қазақтың эпостық жырларының өзі орта жолда қалды. Жалаң ұран мен жалған күрес осы күнге дейін нақты нәтиже берген емес. Жемқорлық өзінің жеңісті жолын әлі де жалғастырып келеді, жақын арада жер жастанатын түрі жоқ…
Біздің қалың оқырмандарымыз газетіміздің биылғы жылғы беташар санын «Жылды жемқорлықпен жауып, жемқорлықпен аштық» атты мақаламен бастағанымызды жақсы біледі. Жыл басталмай жатып Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бір комитет төрағасы мен полиция қызметкерлері, салық органдарының өкілдері мен медициналық мекеменің бас дәрігері, тағы да бірнеше мемлекеттік қызметкердің қолына кісен салғанын жариялаған едік. Бұл бір жұмаға жетер-жетпес уақытта орын алған қылмыстар болатын. Одан кейін де жыл бойы жүздеген жемқорлар ұсталды. Осы тақырыпта бірқатар материалдар жариялап, жемқорлықпен күрестің пәрменсіз жүргізіліп, нақты нәтиже бермей жатқанын әлденеше рет жазғанбыз. Оның ұтымды жолдарын ұсынған оқырмандарымыздың ой-пікірлерін де айтып келдік. Бірақ оны ескеріп, назарына алған билікті көрмедік. Амал жоқ, енді мыңдаған оқырманы бар басылымның жылжабар санын да сыбайлас жемқорлық жайындағы мақаламен түйіндеуге тура келіп отыр. Өйткені қоғамды жегідей жеген жемқорлық қарапайым тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына кері әсерін тигізуде. Теңгеміз құлдырап, ең қажет деген азық-түліктің бағасы бір жылда бірнеше рет көтеріліп, көпшіліктің сатып алу қабілеті тым төмендеп, соған орай олардың тұрмыстық жағдайы да нашарлады. Ал, қоғамдағы зиянды құбылыстардың қай-қайсысына болсын Бұқаралық ақпараттық құралдары бей-жай қарай алмайды, халықтың үні болғандықтан ол туралы ашық айтуға, жария етуге тікелей міндетті. Үстіміздегі жылда орын алған жемқорлыққа қатысты барлық қылмыстарды жіпке тізбей-ақ, көктемнен басталып, жыл соңына, яғни, осы күнге дейін елді шулатып жатқан экономикалық ең ірі қылмыстардың бірі – астанамыздағы Жеңіл рельс көлігі (ЛРТ) құрылысын атасақ та жетіп жатыр. Президенттің тапсырмасымен ұзақ тексерулерден соң бұл атышулы құрылысқа бөлінген қыруар қаржыны қымқырғандар белгілі болды. КТК телеарнасының хабарлауынша тізімнің басында елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана ЛРТ» компаниясының басшысы Талғат Ардан тұрған көрінеді. Бұл екеуі де шетел асып үлгерген, құқық қорғаушылар әдеттегідей олардың орнын сипап қалды. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне халықаралық іздеу жариялаудан басқа амал қалмағанға ұқсайды. Қылмысты құрылыстың құпиясы әлі де толық ашылмаған сыңайлы, агенттік миллиардтаған ақшаның ұшты-күйлі жоқ болуының сырын әлі де анықтап жатыр. Бұл былыққа тағы да бірқатар жеке және шетелдік компания басшыларының қатысы бар болып шықты. Көпшілікке өзінің қаржы қымқыру ептілігімен танымал Қанат Сұлтанбеков жол құрылысының миллиардтарын жеп болған соң, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына ауысып, жемқорлық әрекетін одан әрі жалғастырыпты. Осыдан екі жыл бұрын ол «Қазақстан инжинирингті» басқарып отырып, пара алғаны үшін ұсталған еді. Сол үшін былтыр 10 жылға сотталайын деп тұрған жерінен 2 миллиард теңгеден астам айыппұл төлеп, түрмеден құтылған-ды. «Құрылыспен айналысуға тиісті негізгі мердігер компаниялардың директорлары қосалқы мердігерлермен қымбат бағаға келісім жасап, содан көрген пайдасын жалған кәсіпорындар арқылы қалталарына басып отырған. Бәрін қоса есептегенде, мемлекетті 5 миллиард теңгеден астам шығынға батырған. Қазір аталмыш іспен қала әкімдігінің басшылық құрамынан 5 лауазымды тұлға, ал мердігер ұйымдардың 6 басшысы жауапқа тартылып жатыр» -дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Сергей Перов. Олардың бесеуін күзетпен ұстап отырса, Сұлтанбеков, Ардан және мердігер компаниялардың бірінің басшысы Рахымбеков – үшеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Ал, үш күдікті кінәсін мойындағандықтан қамауға алынбапты. Ұсталғандардың бірі елорда Мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов екен. 58 жастағы депутат 2016 жылға дейін әкімдіктің Қаржы, сонымен бірге Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларын басқарып, құрылыстың бағасы тым асыра көрсетілсе де мақсатты түрде қолдап, соған жол берген. Жыл соңына дейін бұл ірі қылмыстық іс толық зерттеліп бітпекші.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасысымен жыл сайын 9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде атап өтілетіні белгілі. Бұл игі шара 2003 жылы желтоқсанның 9-ы күні Мексикада өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда ұсынылған болатын. Аталмыш конвенцияға 186 ел қосылған. Қазақстан бұл құжатты 2008 жылы мамырда ратификациялады. Яғни, бұл құжат талаптарын Қазақстан үкіметі де орындауға міндетті. Transparency International (TI) халықаралық ұйымының жыл сайын жариялайтын деректері бойынша Қазақстан 2017 жылы 180 елдің арасынан 122-орында қалған. Халықаралық ұйымдардың айтуынша 2018 жыл тағы да екі саты төмендеп 124 орынға түскен. Демек, біз сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша әлемдік қауымдастық алдында ұяттымыз деген сөз.
Жылдағы үрдіс бойынша жақында ғана Елордада Біріккен ұлттар ұйымы мен Франция, Молдова өкілдері жемқорлықтан құтылудың жолын талқылаған халықаралық сарапшылардың қатысуымен бесінші рет жемқорлыққа қарсы конференция өтті. Бұл жиынға ұйытқы болғандардың бірі – Тұңғыш президент қоры. Біздің елде аталмыш мәселемен тікелей айналысатын Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі бар екені белгілі. Агенттік жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың жартысынан астамы елде жемқорлық жағдайларының азайып келе жатқанын атап өтіпті. Көңілде күмән болғанмен, бәлкім бұл деректер де рас шығар. Дегенмен соған қарамастан агенттік мемлекеттік қызметкерлерді әдептілік бойынша тексеруден өткізгісі келетінін білдіріпті. Онысы құптарлық әрекет. Ал ұйымдастырушылар жағы жемқорлықпен күресудің басты қаруы – қоғамдық бақылау деген тоқтамға келген секілді. «Жемқорлықпен күрес деп айтып жүргеніміз баланың ойыны болып кетпес үшін азаматтық қоғам мен халықаралық серіктестер тарапынан қатаң бақылау болу керек. Қазақстан мұндай бақылауға оң көзқарас танытады. Осындай конференцияның өтуі соның дәлелі» - депті осы отырыста ҚР Тұңғыш Президенті қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов. (КТК, 10-12-2019ж.) Айта кетелік, Баку қаласында дүниеге келгенмен, оқып, өсіп-өнген бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанда өткізген Игорь Рогов ҚР Президентінің көмекшісі, кеңесшісі, Әділет министрі, ҚР Конституциялық Кеңестің төрағасы (2004-2016 ж.) сияқты талай жоғары лауазымды қызметтерді атқарған. Конституциялық Кеңес Халықаралық келісімдердің, Парламент қабылдаған және Президент қол қойған заңдардың Конституциямен сәйкестігін қарайды, яғни заңның дұрыс қабылданып және орындалуын қадағалайды. Рогов заң ғылымдарының докторы, профессор. Ең бастысы, докторлық диссертациясын «Экономикалық қылмыстармен күресудің проблемалары» тақырыбында қорғаған. Экономикалық қылмыспен күресуде ол қандай жаңалық ашқанын білмейміз, осы тақырып бойынша докторлықты қорғаған соң жемқорлық мәселесін бес саусағындай біледі деген сөз. Бір ғажабы, отыз жылға жуық саясат пен заң саласында жоғары лауазымдарда жүрген Роговтың сыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керектігі туралы тұщымды пікірін естімеппіз. Білгір маман ретінде И. Рогов осыдан кем дегенде ширек ғасыр бұрын онымен күресудің тиімді жолдарын көрсетіп дабыл қағу керек еді. Неге екенін, зейнеткерлікке шығып, Тұңғыш Президент қорының атқарушы директорының орынбасары болған кезде ғана өзінің осы саланың білгірі, ғылым докторы екенін есіне алғандай. Онда да тың ой айтып жарытпағаны көрініп тұр. Бұл ойды жыл басында жариялаған мақаламызда оқырмандарымыз айтып қойған болатын. Сенбесеңіздер соның көшірмесін тұтастай ұсынайық:
1.Мемлекеттік қызмет ашық болмай жемқорлық жойылмайды, тәжірибе көрсетіп отырғандай қомақты қаржы ұрлығын лауазымдылар ғана жасайды. Бір салада қылмыс болды ма, министрлік басшыларын мүліктерін тәркілеп, түгелдей отставкаға жіберіп мемлекеттік қызметтің маңына жолатпау керек. Ұры министрді бір орыннан екінші қызметке ауыстыру жемқорлықты жалғастырады. Бізде онсыз да тамыр-таныстық, туыс-туғандық байланыстар жақсы дамыған.
2. Жемқорлыққа қарсы заңды барынша қатайту қажет. Мысалы, Қытайда мыңдаған жемқорлар атылды, Солтүстік Корея президенті өзінің туған нағашысын өлім жазасына кескені белгілі.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның белсенділігі артуы керек. Барлық тұрғындарымыздың аталмыш қылмысқа төзімсіздік қабілетін қалыптастыру аса қажет.
Игорь Роговтың қоғам тарапынан бақылау қажеттілігі деген пікірі оқырмандар ойымен сәйкес келіп тұрған жоқ па? Ал, жемқорлық балалардың емес, ол лауазымдылардың «ойыны» екенін Рогов мырзаға түсіндірудің қажеті жоқ шығар. Оған ұрлық жасаған лауазымды қызметкерлердің Құдайдың құтты күні ұсталып жатқаны нақты дәлел.
Теориялық тұрғыдан алғанда, арнайы қабылданған қолданыстағы заңдарымыз бойынша бізде жемқорлықпен күресуге барлық мүмкіндіктер жасалған. «Жемқорлықты қырамыз да жоямыз!» дегенге саятын неше түрлі бағдарламалар мен жоспарлар да жарияланды. Егер соның бәрін толық орындағанда жемқорлықтың өзін жеп қоятын уақыт болды. Өкінішке орай, осы күнге дейін өзіміз сол жемқорлықтың құрбаны болып келеміз. Бұл жерде біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түк бітірмей отыр деуден аулақпыз. Себебі олар жұмыс істемесе жүздеген жемқорлар мен парақорлар ұсталып, көзіміз көріп отырғандай заң алдында жауап беріп жатпас еді. Жемқорлықты түпкілікті жеңе алмауымыздың өзге де себептері толып жатыр.
Осы жерде «Мемлекеттік қызмет ашық болмай жемқорлық жойылмайды...» деген біздің оқырмандар ойына баса назар аударғымыз келеді. Оған бір ғана мысал келтірейік. Айталық, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ісін алайық. Агенттік оны кінәлі деп тауып қамауға алғаны белгілі. Алайда Бас прокуратура кінәлауға негіз жоқ деп босатып жіберді. Сонда қалай болғаны? Агенттік Б. Мәнізоровты босқа ұстап беделін түсіргені ме? Агенттік бұлтартпас айғағымыз бар десе, Бас прокуратура жазалауға жол жоқ дейді. Құқық саласының екі мекемесінің бұлай текетіреске түсуіне не себеп болып отыр? Бұл әлде біреулердің тапсырысы бойынша істеліп жатыр ма? Олай болса бұл жерде қылмыстан бұрын саяси астар жатқан жоқ па? Ал, шын мәнінде осы аталған екі мекемеден де заң биік тұруы керек. Заңдылықты бақылауға міндетті Бас прокуратура қылмысқа күмәндінің жазықсыз екеніне неге нақты айғақ келтіріп, агенттіктіктің аузына құм құймайды? Осылайша прокуратураның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс бола берсе заңның қажеті қанша? Жалпы прокуратураға заңды бақылау міндетін бүтіндей беру теріс екенін осы мысалдың өзі көрсетіп тұрған жоқ па? Сондықтан бұл функцияны олардан алып тастаған жөн. Бәрін тек қана сот арқылы заң шешкені жөн. Өкінішке орай, біздің соттар да әділдікті жиі аттап өтетінін бұқара жақсы біледі. Өйткені соттар жоғарыдан бастап төменге дейін түгелдей түрлі деңгейдегі билікке тікелей тәуелді болып отыр. Оларды билік тағайындап, ұнамай қалса билік орнынан алып тастайды. Сондықтан сот атаулы заңға емес, өздерін тағайындайтын билікке жалтақтап тұрады. Заңның баптары емес, биліктің айтқаны оларға бұлжымас ереже болып қалыптасқан. Жоғарыдан қоңырау шалса қылмыскерді арқасынан қағып қамаудан мерзімінен бұрын шығарып жібере салады, немесе тапсырыс бойынша жазықсыз жанды түрмеге апарып қамайды. Сонда кімге сенуге болады? Бұдан кейін сыбайлас жемқорлықпен, қылмыспен қайтіп нәтижелі күрес жүргізуге болады? Осының бәрін талап етіп, оған бақылау жүргізетін билік өкілдерінің өздері жемқорлыққа салынған. Ал, бұқараның қазіргі белсенділігі тым төмен, өйткені олардың ой-пікірімен санасып жатқан ешкім жоқ. Ұсыныс, пікірлері ескерілмеген халықтың белсенділігі одан әрі құлдырай береді. Ал, жемқорларға қалың көпшіліктің терең ұйқыда жатқаны қолайлы. Сондықтан да біздің оқырмандарымыз алдымен мемлекеттік қызметті құпияландырмай барынша ашық ету керектігін ұсынып отыр. Көпшіліктің бұл ойын теріс деп кім айта алады?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz