Ислам Әбішевтің соттағы сөзі: "Мені қалай да соттау керек болса, басқа айып тағыңдар, мен бірден мойындаймын""
2019 ж. 30 желтоқсан
6663
0
Мен 2012 жылы Су ресурстары комитетіне төраға болып келгенімде, сол жылға бекітілген жұмыс көлемі бойынша, бюджеттен 397 млрд.теңге игерілуі тиіс екен. Біз соның 300 млрд. теңгесін мемлекетке қайтарып беріп, 93 млрд.теңгемен жоспарланған жұмыстың бәрін бітірдік. Менің де барлық проблемам осы 2012 жылдың аяғында басталды... Сол кезде айналымнан шыққан суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру туралы мемлекеттік бағдарлама қолға алына бастады. Оған сәйкес 1,5 трлн. теңге игерілетін болған, мен бірақ 1,5 трлн. теңгеге бірден қарсы шықтым-дағы, маған «онда сізбен жұмыс істесе алмайды екенбіз!» деген соң, арызымды жазып, жұмыстан шығып кеткен едім... Жалпы, елімізде 1991 жылдан бері 1 млн.га суармалы жер жарамсыз болып, айналымнан шыққан. Колхоз, совхоздар тарап кеткен соң, бұрынғыдай техника жоқ, жеке шаруалар игере алмай қалған. Алматы, Нұр-Сұлтан секілді қалаларға қаптаған жас жігіттер қайдан келіп жатыр дейсіз, ауылда жұмыс жоқ болған соң келіп жатыр...
2014 жылы мен Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен өз орныма қайтып келдім. Мен жұмыста болмаған 9 ай ішінде баяғы 1,5 трлн.теңгеге игерілетін бағдарлама қабылданды. Үкіметтің қаулысы, ақырында Президент қол қойған Жарлық та шықты. Мен жұмысқа қайта қабылданар алдында Президенттің қабылдауында болғанмын, сол кезде Нұрекеңе «біз бұл бағдарламаны 500 млрд.теңгеге игере аламыз және сол ақшаға одан да көп көлемде игереміз» дедім. Ол кісі: «Жұмысқа кіріс, осы айтқан сөзіңнің үдесінен шық!» деді. Мен 2014 жылы сәуірде жұмысты қабылдасам, сол жылы 19-қарашада Президенттің алдында 45 минут отырып, 1 трлн.теңгенің артық екенін дәлелдеп бердім.
Біріншіден, бағдарламада 60 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру көзделсе, біз оның орнына 610 мың гектарды қалпына келтіреміз дедім.
Екіншіден, біздің елде су ресурсы жетіспейді. Бұл – әлемдік проблема. Бұрынғы бағдарламада 900 млн.текше метр су үнемделуі көзделсе, мен Президентке 2,4 млрд.текше метр су үнемдейтінімізді дәлелдеп бердім.
Үшіншіден, 1,5 трлн. теңгеге 600 млн.текше метр көктемгі тасқын, апатты су жинақталатын болса, біз 500 млрд.теңгеге 1,9 млрд. текше метр суды жинақтай аламыз дедім. Егер мен қызметіме қайтып келмегенімде, 2015-2016 жылдары үкіметпен айтысып жүріп дәлелдемегенімде, қазынаның қыруар ақшасы қолды болып кете берер еді....
–Қорғаушы А.Құспан: Сізді Елбасы қандай негізбен қайта тағайындады – арыз жаздыңыз ба, қабылдауына кірдіңіз бе, әлде басқаша болды ма?
– 2014 жылы 1,5 трлн. теңгелік бағдарлама қабылданғаннан кейін, ол баспасөз бетінде жарияланды. Кәзір осы сот залында отырған «Время» газетінің тілшісі Зәуре Мырзақожаева куә, мен Үкіметтің сайтына «мына бағдарлама дұрыс емес, қаржы мөлшерден артық есептелген» деген пікірімді салдым. Ол пікірім үкімет сайтында бір сағат қана тұрды, бірақ, сол кезде «Время» газетінің басшылығы көріп қалған екен, олар Шымкенттегі тілшісі З.Мырзақожаеваға тапсырма беріп, мен оған өз ойымның шет жағасын айтып, сұхбат бердім. Газеттегі мақала Елбасыға жетіпті, ол кісі мені шақырып алып, қызметіме қайта қойды. Бұрыштамасы былай: «И.Абишев – один из грамотных руководителей-практиков страны. Вернуть на прежнюю должность как несправедливо уволенный».
2012 жылдан аяғынан бастап маған қысым жасап, мені қудалау, соңыма түсу басталды. «Ондай болған жоқ» деушілер табылса, мен бұл сөзімді дәлелдеп бере аламын. Оған дейін де түскен ғой, таусылмайтын тергеудің астында жүргенмін, бірақ, содан бергісі сотқа жеткізіп жығылды...
Шәймерденов деген бала 2018-жылдың көктемінде пайда болды. Ал, СМП-610 деген мекемені білетінбіз, оны португалиялық азамат басқаратын. Халыққа су керек болды, сол себепті СМП-610-ға 2018 жылы қаржы көбірек, 2,5 млрд. теңге бөлінді. Бірақ, наурыз, сәуір, мамыр өтті, СМП-ның жұмысы мандымады. Біз мазасыздана бастадық. Өйткені, бұл істі облыс әкімдігінен бастап, үкімет, парламентке дейін қадағалап отырды. Ең қиын жағдай осы нысанда қалыптасты. Сол себепті, бізге маусым, шілде айында Шәймерденовпен жиі кездесуге тура келді. Бірақ, оның «өйтемін де бүйтемін» деген көп уәдесінің ешқайсысы орындалмады. Соған байланысты, тамыз айында біз СМП-610-мен жасалған келісім-шартты бұзуға мәжбүр болдық.
Шәймерденовтің өзіне келер болсақ, ол маған танысқан кезде өте сүйкімді, жылы сөйлейтін, мәдениетті, тәртіпті адам болып көрінді. Осынша жасқа келгенімде адам танымай қателескен екенмін, оның шын бейнесін бұрыннан істес болған жандардың куәлігінен енді біліп жатырмыз ғой... Португалиялықтармен жұмыс істеп жүрген, компаниясы проблемаға тап болған, талапты жас жігіт екен деп ойладым. Қазақты әрбір баласының кішкентай табысына мен өзімнің туған бауырымның қуанышындай қараймын, құрметті сот. Біздің СМП-ға жылдың басында жұмыс бастауы үшін бөлген 450 млн.теңгеміз «Астана-банкке» барды да, шықпай тұрып қалды. Оған жаным ашып жүрді менің. Неге біз келісім-шартты бұзуды тамызға дейін создық? Мен оның «түріктерді әкелемін, басқаларды әкелемін» деген сөзіне сендім. Күз келіп қалған соң келісім-шартты бұзбасқа амалымыз қалмады. Біздің комитеттің құрамында 2,5 мыңға жуық техникасы, 18 мыңға дейін жұмысшысы бар «Қазсушар» деген қуатты мемлекеттік компания бар, «соған субмердігер болып істей бересің ғой» деп жаным ашып жүр оған... 2,5 млрд.теңгенің 1 млрд.теңгесін өзге мекемелерге бердік-тағы, қыркүйек, қазан, қараша айында «Қазсушар» 1,5 млрд.теңгенің жұмысын бітіріп, топтама су құбырының жоспарындағы 70-80 елді мекеннің 20-30-ына су құбырып апарып, қоғамдық-әлеуметтік сұранысты орындап шықты.
Ал, Шәймерденов болса, бізді сотқа берді, мен оған да түсіністікпен қарадым, біз сотта жеңіп шықтық, үстімізден арыз жазды, оны қаржы бақылау комитеті тексерді, осындай нәрсенің бәрі болды. Оның қайта-қайта маған жолыққысы келіп жүргені, атқарған біраз жұмысы бар-тұғын. Біз соны төлеуіміз керек. Бірақ, сол жұмысты қабылдап алатын біздің мамандар «жұмыс толық атқарылған» деп қол қоймайынша, біз ол ақшаны төлей алмаймыз!
– СМП-мен 2018 жылға дейін қалай жұмыс істеп едіңіздер?
– Мен оның арыз жазып, «2014 жылы Әбішевке 1 млн. доллар арыз бергенмін» деген сөзін құлағыма қыстырмаймын да, себебі ондай нәрсе менің табиғатыма жат! Ақыры, өзінің өтірігі шығып, іс қылмыс құрамы жоқ деп қысқартылды ғой. Біз СМП-610-мен алғаш 2014 жылы, 7,6 млрд. теңгеге шарт жасастық. Сол жылы біраз жұмыс істеді. Сомасы есімде жоқ. 2015 жылы да біраз жұмыс істеді. Естеріңізде болса, сол жылы тамыз айында девальвация болды, мұнайдың құны түсіп кетті. Тамыз айында Елбасының «құрылыс жұмысының 80 пайызы дайын болған нысандарын ғана бітіріңдер, аса бір қажеттілері болмаса, қалғанының бәрінің жұмысын тоқтатыңдар, жаңа нысандарды бастамаңдар, қаржы жоқ» деп берген тапсырмасы бар. СМП-ның ақшасын да сол кезде басқа бітпегендермен бірге алып тастадық. 2016 жылы да қаржы бөлінген жоқ. 2017 жылы қаржы бөлінді. Құрметті сот, жылдың басында бөлінген ақшамен, жыл соңында жұмсалған ақшаны тексеріп көруге болады – 50 пайызын да игерген жоқ олар. 2017 жылғы жағдайды айттым, тамыз айына бар болғаны 37 млн.теңгенің жұмысын істеді!
– Шәймерденов сізбен кездескен кездерінде келісім-шарт бұзылғанға дейін істелген жұмысының ақшасын сұрап жүр ғой, солай ма?
– Иә, олар 100 млн.теңгеге жуық жұмыс істеді. Бірақ, құбыр салумен іс бітпейді ғой, оның задвижкасын қою керек, топырақтың құнарлы қабатын қалпына келтіріп төсеу керек, осындай біраз жұмыстары болады, солары жасалмаған соң, біздің мамандар қол қоймаған. Ол маған «Дипломат» қонақ үйінде болсын, «Қазсушарда» болсын, сол ақшасын төлетуді сөз етіп жүр. Мен, құран ұстап та айта аламын, қазақтың баласы ғой деп, жігіттерге «жәрдем беріп жіберсеңдерші, ақшасын алсын да» деп жүрдім. Бірақ, олардың ешқайсысы баспай қойды... Екеуміздің арамызда басқа ақша жайлы сөз болған емес, болуы да мүмкін емес!
– Енді сізге «Қазбайлық-Астана» мекемесінен Шәймерденов арқылы 60 млн. теңге пара алуға оқталды» деген тағылған нақты айып бойынша. Айыптау актісіндегі мына екі пункт бойынша сіздің пікіріңізді білгім келеді. Соның ішінде сіз Су ресурстары комитетіне төраға болып келген кезіңізде «бекітілген қызметтік міндеттерін бұзды» деген айып тағылған. 1-пункт: «Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай тудыратын әрекеттерге жол бермеуге». 2-пункт: «Өз құзыреті шегінде комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін бағытталған шараларды қабылдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін бағытталған шараларды қабылдауда дербес жауапты болуға». Міне, осы екі талапты бұзған деген айып тағылған. Сіз бұған не деп жауап бересіз – келісесіз бе, келіспейсіз бе?
–Құрметті сот, мен бұл сұраққа былай жауап беремін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің түпкі мақсаты не? Түпкі мақсаты – мемлекеттің, яғни, халықтың қаржысын талан-таражға түсірмеу. Маған тағылған айыптың өзі дұрыс деген күннің өзінде, мен қай жерде мемлекетке бір теңге зиян келтіріппін?! Құрметті сот, өзіңіз ойланып көріңізші, Қазақстанның 227 млн.гектар жерінің ішінен 610 мың гектар жерді қалпына келтіретін, пәленбай су қоймасын қалпына келтіретін, т.б. көптеген жұмыс көлемі көзделген, 1 трлн.500 млрд.теңгеге жоспарланған бағдарламадан 1 трлн. теңгенің артық салынғанын дәлелдей алатындай болып есептеп шығару дегеніңіз қанша еңбек! Және ол біздің тікелей міндетімізге кірмейтін шаруа ғой! Біз қабылданып қойылған бағдарлама бойынша жұмыс істей беруімізге әбден болатын еді. Соншама қыруар жұмысқа басшы болып, қанша жүздеген маманды тікелей қызметтік міндетіне кірмейтін, ешкім ол үшін бір теңге еңбекақы төлемейтін шаруамен күн-түн демей айналысуға үгіттеп, көздерін жеткізіп, өзіне де, өзгеге де табандатқан жеті ай бойы тыныштық бермей жұмыс істеген адам, енді келіп сол еңбегінің бәрінің быт-шытын шығарып қиратып тастады дегенге қалай сенуге болады? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұлттық бюросы 2017 жылы 14 млрд. 780 млн.теңгені, 2018 жылы 16 млрд.теңгені талан-таражға ұшыраудан аман алып қалдық деп есеп беріпті. Соңғы 20 жылда орта есеппен 15 млрд. теңге деп есептесек, бүкіл қаржы полициясы жабылып жүріп, мемлекеттің 300 млрд. теңгесін үнемдепті. Ал, мен басшылық жасаған бір ғана комитет және бұл біздің комитеттің тікелей қызметтік міндетіне кірмесе де, 1 трлн. 300 млрд. теңге үнемдепті. Сонда кім күресіп, кім күреспей жатыр? Ұлттық бюроның мені және Түкеевті он айдан бері түрмеде ұстап отырғаны тырнақтың астынан емес, астының астынан микроскоппен кір іздеп, бәле жабу екенін сезінемін. Мен тергеушілерге, Ағибаевқа да, Аташовқа да айттым: «Мақсаттарың қалайда мені соттау болса, сендер маған бұл айыпты тақпаңдар. Оның орнына біз салған бір нысан бетоны дұрыс құйылмағаннан құлап қалыпты деп кінә тағыңдаршы, мен тергеусіз-ақ мойындайын, ал, сендер мені соттай қойыңдар. Бірақ, мына айыптаумен мен сотталмаймын. Атып тастайтын болсаңдар да мойындамаймын! Өйткені, бұл менің адамдық ұстанымыма қарсы, азаматтық қағидама қарсы, менің болмыс-бітіміме қарсы. Мен жемқорлық дегенмен жан-жәніммен күресіп келген адаммын. Сендерге мені қалай да соттау керек пе, жұмысымнан басқа бір кемшілік табыңдар, таба алмасаңдар өзім-ақ тауып берейін. Айыптауды өзгертіңдер дегенмін.
Абзал Құспан: – Сіз Шәймерденовпен неге жұмыс уақытысында жұмыстан тыс жерде екі рет кездестіңіз, мысалы, 2018 жылдың 14 желтоқсанында деген сұраққа жауап бере кетсеңіз?
– Иә. Мен Тәуелсіздік мерекесінің алдында марапатталған болатынмын. Көңіл-күйім жақсы. Бірақ, менің болмысымда аста-төктік деген қасиет жоқ. Құдайға шүкір, төрт қыз ұзаттым, соның бәрінде де шымкенттікпен ғой деп, тойға пәлен жүз адам шақырған емеспін. Мына жолы да сөйттім. Азғантай адаммен «жуып» отырғанбыз. Анау Асылжан Жампозовтың әкесі «Қазсушар» мекемесін басқарды. Өзін-өзі атып өлтірді. (Пайғамбар жасына келгенде жабылған жалаға шыдамай, жазықсыз түрмеде отырғанша «өзімнің адал екенімді осылай болса да дәлелдейін» деген оймен – Ө.А.) Екі хат жазып қалдырыпты, біреуі – үйіне, біреуі – маған. Бала-шағасын аманат етіп тапсырыпты. Сондықтан, мен оны өз ұлымдай көремін. Сол жерде шәй құйып, қызмет етіп жүрген Асылжан маған: Азамат (Шәймерденов) бір минутқа кіріп, құттықтап шығуға рұқсат сұрап жатыр деді. Қалай «жоқ!» дейсіз?.. Ал, оның «мені шақырып алды» дегені далбаса. Оның бұл жиын жайлы қайдан білгенін ойланып жүріп, осы кеше ғана түсіндім. Догадался. Менің телефон қоңырауымның бәрі тыңдалған ғой. Ол соны біліп алған да, келуге сұранған. Ақшасын ала алмай, қаны қарайып жүр ол, ал, менің көңіл-күйім жақсы, соны пайдаланып қалайын деген ойы болған ғой.
(Жалғасы бар)
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz