Тоқаев: Жасанды интеллект – қазіргі заман талабы
2019 ж. 24 желтоқсан
2460
4
Мемлекет басшысы оқу орнының білім беру және ғылым-зерттеу жұмыстарымен танысты, сондай-ақ, оқытушылармен, студенттермен әңгімелесті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев Президентке молекулярлық биология мен гендік инженерияның заманауи әдістерін пайдалана отырып шығарылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын көрсетті. 5 жыл ішінде жоғары оқу орнының ғалымдары бидай мен арпаның құрғақшылыққа төзімді жаңа сорттарын шығарды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биоорганикалық тыңайтқыштар өндіру үдерісіндегі жаңа технологияның қолданылуы, ветеринария жүйесінің цифрландырылуы, жануарларды есепке алу үдерісі жайында мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы жерді пайдалану процесін бақылауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жасаудың және жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи әдістерімен танысты. Аталған әдістер Ақтөбе және Ақмола облыстарында қолданылуда. Президент мұндай тәжірибені өзге өңірлерде де пайдалану қажет деп санайды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа университеттің әлемдегі жетекші ғылым және білім беру орталықтарымен байланыстары туралы баяндалды. Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Францияның AgroParisTech университетімен бірлесе әзірленген, қос дипломдық білім беру жүйесіне көшуге мүмкіндік беретін жол картасының іске асырылуы Қазақ агротехникалық университетінің халықаралық ынтымақтастығындағы негізгі бағыттардың бірі.
Студенттермен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті озық технологияларды қолданудың өзектілігін атап өтті.
– Сіздер өте маңызды жұмыспен айналысып жатырсыздар. Робот техникасы, цифрландыру және жасанды интеллект – қазіргі заман талабы, әсіресе, дамыған елдерде. Сондықтан бізге артта қалып қоюға мүлдем болмайды. Жақсы оқысаңыздар, сіздер де міндетті түрде келешекте өз орындарыңызды табасыздар. Өйткені бізге жеке секторда да, мемлекеттік секторда да білікті мамандар қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Студенттер Президентке қолдау көрсеткені және 2020 жылдың қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыру жөніндегі тапсырмасы үшін алғыс айтты.